Білім

Елорда мектептері: қауіпсіздік қағидаты

Астана қаласының ұстаздары – еліміздегі барлық ұстаздар қауымына мектеп қандай болуы керек, ұстаз қандай болуы керек, оқушы қандай болуы керек дегенде үлгі тұтар, алдыңғы қатарлы, үздіктер екенін мақтанышпен айтуымыз қажет десек те, балалардың қауіпсіздігіне қатысты мамандар келтірген мәліметтер алаңдатады.

Деректер сөйлегенде…

Елордадағы 780  білім беру ұйымында 365 544 бала білім алып жатыр. Қазіргі мектеп жасындағы балалардың саны Ақмола Астанаға айналған 1997-1998 жылдардағы облыстың халқымен бірдей болып отыр. Мектепке дейінгі білім беру саласында 548 мекемеде 68 129 тәрбиеленуші бар, орта білім беру бойынша 172 мектепте 261 мың оқушы, техникалық-кәсіптік білім беру 32 колледжде 21 мың 289 білім алушы бар.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова жуырда өткен жиында айтқан сын, келтірген деректерге көз салсақ, елорданың білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігіне қатысты әлі де атқарылар іс көп екендігін бағамдаймыз.

– Білім мекемелерінің басты міндеті – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балаларды қорғау және суицидті қабылдау­дың кешенді жоспары бар. Сол кешенді жоспардағы қалада, мектепте өткізетін 53 іс-шараны міндетті түрде тек есеп үшін өткізілетін іс-шара деп қабылдамауымыз маңызды дер едім. Одан да қолынан іс келмеген мектеп басшылығы қолында бала тағдыры тұрғасын, «менің қолымнан бұл іс келмейді, оның жолдарын білмеймін» деп жауапкершілікті басқа қолынан келетін адамға тапсыруы керек. Ашық әңгіме, өткір сын, осындай талқылаулар қатарымызға кездейсоқ келген басшылардан арылуға мүмкіндік берер еді. Қазір біздің қатарымызда заманға сай сұрыпталған ең мықтылар ғана қалуы керек деп есептеймін. Себебі баланың өмірі, денсаулығы, болашағы – біздердің қолымызда, – деді Насымжан Оспанова.

Әзірге таңғы және түскі астың сапасын жақсарту үшін алгоритмдер әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Мәслихат хатшысы елордалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мектеп асханаларын тек тамақ пісіріп қана қоймай, қала тұрғындары арасында танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәселесін пысықтауды тапсырды

Министрліктегі құзыретті тұлғаның айтуынша, Астана қаласы жекеменшік білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі мына деңгейде:

  • Бейнебақылау жүйесінің ЖБО-ға қосылуы – балабақша 34%, мектеп 67%, колледж 82%.
  • лицензияланған күзеттің енгізілуі – балабақша 78%, мектеп 84%, колледж 59%.
  • дабыл түймесінің орнатылуы бойынша – балабақша 96%, мектеп 84%, колледж 95%.

Суицид азаймай тұр

– Психолог мамандардың айтуынша, суицид атауын неғұрлым аз айтса, соғұрлым осыған қатысты жағдай дұрысталады дейді. Сондықтан, суицидтің алдын алу бойынша шұғыл түрде арнайы бағдарламаларды, қосымшаларды ойластырып, жүзеге асыру қажет. Бұл жерде басқа сарапшылардың, әсіресе, медициналық сарапшылардың көмегі қажет, – деді ол.

Насымжан  Оспанова келтірген мына мәліметтерді қараңызшы, балалар және жасөспірімдердің суицидке баруы республика бойынша, 2018 жылы – 178, 2019 жылы – 179, 2020 жылы – 140, 2021 жылы – 175, 2022 жылы – 155, 2023 жылы 204 оқиға тіркелген. Астанада 2022 жылы – 5, 2023 жылы 12 оқиға тіркелді. Суицидке ұмтылыс республика бойынша 2018 жылы – 329, 2019 жылы – 350, 2020 жылы – 306, 2021 жылы – 373, 2022 жылы – 309, 2023 жылы  376 болса, Астана қаласы бойынша 2022 жылы – 74, 2023 жылы 76 рет болған.

Әлеуметтік әлімжеттік

Бала қауіпсіздігіне қатысты мамандар келтірген деректер мен дәйектер, көрсеткіштер де алаңдатады. Бұл – балаға, оның отбасына, оқу ордасына қатысты мәлімет қана емес, әр бала – біздің болашағымыз, сондықтан, бұл қоғам болып, бала тәрбие­сіндегі олқылықтарға, адам түршігерлік цифрларға бейжай қарамай, оны болдырмау­ға жанымызды сала күресуіміз қажет екені түсінікті.

Зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге (буллингке), кибербуллингке тап болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға шұғыл көмек көрсетілуі қажет:

  • Білім беру ұйымында кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықты, жәбірлеуді (буллингті), кибербуллингті анықтау
  • Кәмелетке толмағандар арасында білім беру ұйымынан тыс жасалған зорлық-зомбылықты, жәбірлеуді(буллингті), кибербуллингті анықтау
  • Кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық, жәбірлеу (буллинг), кибербуллинг фактілеріне жедел ден қою алгоритмі
  • Зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге (буллингке), кибербуллингке ұшыраған немесе оған куә болған кәмелетке толмағанға көмек көрсету.

Бұған орталық және жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеу­меттік қорғау және жұмыспен қамту салаларындағы ұйымдар, ішкі істер органы, 111 байланыс орталығы, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, өзге де мүдделі тұлғалар қатысуы тиіс.

– Балаларға қатысты заңдарды, нормативтік актілерді мектеп, балабақша, колледж басшылары оқитын «уақыты» жоқ екендігін ескере отырып, методикалық құжат жасап шығардық. Біз осылай жасауға мәжбүрміз. Себебі білім мекемесінің басшылары қолданыстағы нормативті актілермен танысып, сонымен жұмыс жасаудың орнына оқу-тәрбие жұмысынан өзге басқа «маңызды» істермен айналысып жатыр ма, білмеймін, заңдағы алгоритм бойынша жұмыс кемшін болып тұрғаны аян. Заң аясында жұмыс істейтін құқықтық алаңда кездесу бұйырсын, – дейді Н.Оспанова.

Мектеп асханасын кім бақылайды?

– Балалардың тамақтануына қатысты тамақтану ережелері бар, қаржыландыру бар, енді біздің міндетіміз кәсіпкерлердің мәдениеті туралы, бизнестің жауапкершілігін айтуымыз керек. Талап ететін уақыт келді. Әрине, бұл олардың бизнесі, осы арқылы өздеріне пайда табады, бірақ балалардың денсаулығына нұқсан келетін тағамды сатқан кәсіпкерлерден жауапкершілікті талап еткен орынды. Меніңше, балалардың тамақтану сапасы дұрыс болсын десек, тамақтандыруды қамтамасыз ету бойынша алаң бөлек болуы тиіс. Бұл – ата-аналардың балалардың денсаулығын сақтау жөніндегі ұстанымы, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Министрліктегі құзыретті тұлғаның айтуынша, Астана қаласы жекеменшік білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі мына деңгейде:

Бейнебақылау жүйесінің ЖБО-ға қосылуы – балабақша 34%, мектеп  67%, колледж 82%.

лицензияланған күзеттің енгізілуі – балабақша 78%, мектеп 84%, колледж 59%.

дабыл түймесінің орнатылуы бойынша – балабақша 96%, мектеп 84%, колледж  95%.

 

Білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мектептердегі кемшіліктер:

  • Барлық мектептерде әрбір балаға бруттоға қойылатын талаптардың сақталмауы, бекітілген перспективалық мәзір бойынша барлық ингредиенттердің қосылмауы.
  • Ауызсу режимін ұйымдас­тыруға жауапты адамның бекітілмеуі (№4, 8, 22, 24, 28, 31, 36, 45, 72, 74,79, 83, 85 мектептер).
  • Шағымдар мен ұсыныстар кітабының болмауы – №45 мектеп.
  • Асхана қызметкерлерімен арнайы киім талаптарының сақталмауы ((№4, 8, 24, 36, 45, 72, 83 мектептер).
  • Тауар көршілестігінің талаптарының сақталмауы (№45, 72, мектептер).
  • Медициналық кітапшалардың болмауы (№45, 72 мектептер)

 Асхана мәзірін қайтсек дұрыстаймыз?

– Мектептегі тамақ сапасы өте нашар, бастауышқа берілетін тегін тамағы да, жоғары класқа сатылатын тағамдары да нәрсіз, кенеусіз, дәмді емес! Бұл мәселе қашан шешімін табар екен? – деп редакциямызға елордалық көпбалалы ана Алмагүл Қумашова келіп, көптеген ата-аналардың тілегін жеткізген болатын.

Осы мәселені Астана қаласы мәслихатында мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында да қозғады.

– Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырудағы мемлекеттік органдар мен басқа да жауапты тұлғалардың жауапкершілік деңгейі төмен оң өзгерістер жоқ, – деді ­Е.Каналимов өз сөзінде. Бұл саладағы түйткілді мәселелер жүйелі сипатқа ие және өз шешімін таппай келеді. Бұл жағдай 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатындағы балаларды тегін тамақтандыруға бөлінген сома қомақты екеніне қарамастан орын алып тұр. Оқушылардың жартысына жуығы мектеп асханаларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәмсіз немесе төмен калориялы болғандықтан, балалар оны ұнатпайды.

Әзірге таңғы және түскі астың сапасын жақсарту үшін алгоритмдер әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Мәслихат хатшысы елордалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мектеп асханаларын тек тамақ пісіріп қана қоймай, қала тұрғындары арасында танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

– Дәмді тағамдар дайындау­мен қатар, инфрақұрылымды жабдықтарды алып, асханаларға инвестициялауды, балаларымыздың тамақтануын әртараптандыру және жақсартуды тапсырдым. Бұл ретте нысаналы мақсатын өзгертпей 5 жылдан аспайтын мерзімге беру керек деп есептеймін, – деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

Тамақ сапасын кімдер тексереді?

Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Лаззат Орынбасарованың айтуынша, тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір мектебінде сапаны бақылау жөніндегі бракераждық комиссия құрылған (оның құрамына қамқоршылық кеңес мүшелері, директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог және ата-аналар кіреді (кемінде 10 адам).

Комиссияның міндеттеріне тамақ өнімдерінің сапасына, ыдыс-аяқ тазарту технологиясына, тоңазытқыш-технологиялық жабдықтың жарамдылығына, өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына мониторингті жүзеге асыру кіреді.

Сондай-ақ ведомствоаралық сараптама тобын құру туралы бекітілген бұйрық бар, оның құрамына Қоғамдық кеңестің, Қазақ тамақтану академиясының Тамақтану проблемалары институтының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі және ата-аналар қоғамы кіреді.

Сонымен қатар, тамақтану қағидаларына сәйкес қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топтар әрбір білім беру ұйымында оқушылардың тамақтану сапасын мониторингтеу жөніндегі бракераждық комиссияның қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді. Мектеп асханалары тексерілген соң, анықталған бұзушылықтар әкімшілік шаралар қабылданғаннан кейін жойылады.

P.S: Бұл мәселелер, өкінішке қарай, өзектілігін жоймай тұр. Құзыретті тұлғаларды, білім беру ұйымдарын бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақыру, сарапшылардың пікіріне құлақ асуға үндеу, жауапкершілік жүктеу – міндет.

 

 

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button