Денсаулық

Әйел денсаулығына жауапты дәрігер

Денсаулық сақтау саласында 33 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Бибігүл Көжекбаева Астана қаласындағы №11 емханада еңбек етеді. Емдеу мекемесіндегі жатыр мойны кабинетінің дәрігері әйелдерге гинекологиялық салада консультация беріп, диагностикалық тексеру жүргізеді.

Ақ халатты абзал жан Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985-1991 жылдар аралығында Қарағанды медициналық университетінде жоғары білім алған. Жолдамамен Петропавл қаласының перинаталды орталығына барып, еңбек жолын бастаған. Орталықта 1995-2012 жылдары дәрігер ретінде жұмыс істеп, 2004 жылы акушерлік-неонаталдық блок меңгерушісі болады. 2012 жылы қалалық әйелдер консультациясы орталығы бас дәрігерінің орынбасары, 2015 жылы сол жақтағы №1 емханада акушерлік, гинекология, педиатрия бойынша директордың орынбасары болып, басшылық қызметте шыңдалады. 2022 жылы елордаға көшіп келіп, қазіргі №11 қалалық емханаға дәрігер болып орналасады. Бүгінде ол – осындағы жатыр мойны патологиясы кабинетінде жұмыс істеп, елордалық әйелдерге гинекологиялық көмек көрсетеді, диспансерлік бақылау жүргізеді.

– Отыз үш жылдық еңбек жылымның 20 жылы стацио­нарда өтіпті. Перзентханада жүргенде бір қызық жағдай болды. Бір сенбіде  кезекшілікке шықтым, үшем көтерген әйелді босандыру керек болды. Туу барысында патология болғандықтан кесар тілігімен босандыруға шешім қабылдадым. Сонымен, әуелі бірінші баланы алдық, сосын екінші, кезегімен үшінші баланы алып, бәріміз балалардың жақсы туғанына қуанып, риза болып, отаны жалғастырып жатырмыз. Анасы да мәз (ота эпидуралдық анестезиямен жасалып жатандықтан ол кісі ұйықтатылмаған).  Мен жатырдағы тіліктің қанын тоқтату, баланың жолдасын алу жұмыстарын жалғастырып жатқан едім, бір кезде жатырдан тағы бір баланың аяғы шықты. Сөйтсек ЭКҰ арқылы бала көтерген әйел үшем деп жүрсе, төртем екен. Мұны бақылаған дәрігерлер де, әйел де білмеген. Осындай қызық жағдай болған. Қазір 4 баланың бәрі аман-есен өсіп жатыр, -деп дәрігер есте қалған оқиғасын баяндады.

Салаға сіңірген еңбегі үшін кейіпкеріміз «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, талай рет Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталған.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button