Имантаразы

Рамазан айының пәтуаларын білесіз бе?

Рамазан айында оқырмандар тарапынан оразаға қатысты алуан түрлі сұрақ туындайтыны белгілі. Ораза тұтқан жандарды оразаға ниет ету, оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар, әйелдерге қатысты үкімдер, сәресін ішу, Қадір түнін қарсы алу, тарауық намазы, иғтикәф, ораза тұтпауға үзірлі жағдайлар және т.б. туралы сұрақтар толғандырады. Осыған орай, біз әр бейсенбі сайын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып, «Ораза: сұрақтар мен жауаптар» деген айдармен маңызды сұрақтар мен олардың жауаптарын жариялаймыз.

Ораза дегеніміз не?

Сұрақ: Ораза дегеніміз не?

Жауап: Араб тілінде ораза – саум деп аталады. Саум сөзі барлық нәрседен тыйылу деген мағынаны білдіреді. Тіпті сөзден тыйылуды да аңғартады. Алла Тағала Құранда: «Мен Аса Мейірімді үшін ораза тұтуды нәзір еткенмін» дейді. Әбу Убайда: «(Тілдік тұрғыда) тағамнан, сөзден, тіпті жүруден тыйылған адамға осы саум сөзі қолданылады» дейді. Шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ние­тімен ішуден, жеуден және төсек қатынасынан тыйылу. Оразаны өз дәрежесінде толық ұстау үшін шариғатта тыйым салынған істерден аулақ болу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жалған сөйлеуін әрі оған амал етуін доғармаса және надандықты (күнә істі) тастамаса, Алла Тағалаға оның тағам мен сусыннан бас тартқаны керек емес» деген.

Сұрақ: Рамазан айында ораза ұстаудың үкімі қандай?

Жауап: Рамазан айында ораза тұту әрі қазасын өтеу – әрбір ақыл-есі бар, балиғат жасына жеткен ер мен әйел мұсылманға парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім, сақтанарсыңдар» деген. Тағы бір аятта Алла Тағала былай дейді: «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын». Әбу Умәма әл-Баһили: «Қоштасу қажылығында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббыларыңа құлшылық етіңдер, бес уақыт намаз оқыңдар, Рамазан айында ораза ұстаңдар, Қағбаны зиярат етіп қажылық жасаңдар және өздерің жақсы көрген мал-мүліктеріңнің зекетін беріңдер, сонда Раббыларыңның жәннатына кіресіңдер» деп айтқанын естідім» дейді. Үмбет ғалымдары Рамазан айында ораза ұстау парыз екендігіне, оны мойындамаған адам діннен шығатынына, ал оразаны мойындап жалқаулықпен ұстамағаны пасық болатынына (күнәкәр) бірауыздан келісті.

 

 

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button