Әлеумет

Үнемшілдікке қашан үйренеміз?



Қуаныш пен қайғы алмасқан өмірде қазақтың қазыналы тойы да көп, асы да, шүкір, жетерлік. Әрине, қуанышты бөліссең көбейетіні, қайғыны бөліссең азаятыны рас. Той туысқан, ағайын-жегжаттың арасындағы береке-бірлікті нығайтатын ізгі қадам, жақсы ниет, игі дәстүр екені де бәрімізге мәлім. Бірақ «Той-томалақ – уақытқа обал-ақ» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтпақшы, қазақ тойының қайран уақыттың қадіріне әлі күнге жете алмай келе жатқаны да рас.

Ауыр халде жатқан кісінің көңілін сұрау, қуанышта да, қайғыда да адамның жанынан табылу – қанымызға сіңген әдет. Оның жақсы тәрбиелік жағы бар. Бірақ таяқтың екі ұшы бар секілді жаhандану заманында алтынға бағалы уақытты үнемдеп, қадіріне жетпесек болмайтыны тағы бар. Сүрініп-қабынып той-жиыннан қалмай жүргенде бала тәрбиесіз, үй қараусыз, өзіңді дамыту шет қалмасын деген ой мазалайды бізді. Қазақ сол себепті де «ас – аттыныкі, той – тондыныкі» деген.

Ұлтымыз бүгін жол айырығында тұр. Адастырмайтын жолды таң­дауымыз керек. Ол жол – ұлттық құндылық жолы. Ұлттық құндылық ұлтты құрметтеуден басталады. Ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыру мақсатында жастарға дұрыс жол көрсетіп, үлгі болуымыз тиіс. Олардың бойында отаншылдық, үнемшілдік қасиетті қалыптастыру аса өзекті.

Мына мысалды қарасаңыз, біздегі той жасаудың бәсекеге айналғанын айқын аңғарасыз.

Көрші апаммен аулада отыр­ғанда естігенім, туған сіңлісі келін түсіріп жатыр екен.

«Той жасауға 2,5 млн теңге несие алып жатыр. Өздерінің жинаған 2,5 млн теңгесі қыздың қалың малына, сүтақысы, тағатын алтын сырғасы, құдаларға кигізетіні, сый-сияпаты, өздерінің киетін киімдері, анау-мынауы бар. Құдалықты қоспағанда, осы шығын кеткен… Енді тойдың өзіне 2,5 млн теңге несие алып жатыр. Беташарды қосып өткізеді. Ол шығынды өтей алса мақұл. Құдалығы бар. Құдалықты туыстар көтереді ғой. Қазір ұн қымбаттағалы тойханаларда баға өзгерген ғой. Келін түсіретін отбасының қоржынында 5 млн теңгесі болса, қарызданбай барлық шығынын өтей алады екен. Ал жиған-тергені аз ғана отбасы қаншама… «Несие алып той жасайды» деп бекер сөгесіздер-ау осы» дейді Раушан Жакешбай.

Абай айтқан өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ сияқты ғадеттерден аулақ болу қажеттігі әлі де өзекті, әлі де күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында үнемшілдік туралы да айтқанын білеміз.

– Ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы, – деді Президент.

Сол үнемшілдік, бекер мал шашпақтан ада болу, қанағат мәселесі қазір де өзекті. Мәселен, Абай өзінің әкесі – қазақтың көрнекті қайраткері, аға сұлтан Құнанбайдың асын өткізбеген, оған кететін шығынды есептеп, Семейде оқып жүрген балаларға стипендия есебінде берген екен. Сондықтан үнемшілдікке ұмтылып, ғылым мен білімге қол созу ұлттың жаңа болмысын, жаңа биігін айқындай түсері даусыз. Бұрыннан келе жатқан ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымызды қайта бір қарап, тарихымызға көз салып, керегін кәдеге жаратып, керек емесін қалдырып, алға ұмтылуымыз қажет. Өмір қажеттілігі, заман тудырған талап осындай. Ал әзірге тойға барын шашу, несие рәсімдеп, қарызға бату жағдайы азаяр емес. Туысы мен ағайынынан, досынан асып той беру қазақ үшін зор мәртебе боп тұр.

Жуырда бір танысым қызын ұзатты. Екі жақ ортақ келісімге келіп, жұрт секілді шашылып той жасағанша, сол қаржыны жастарға баспана алуға жұмсайық деп шешті. Сырға салу, сый-сыяпат жасау қыз шаңырағында өтті де, құдалық, тәтті шайға арналған дастарқан мейрамханада шағын ортаға ғана жайылды. Қыз малынып қамзол, сәукеле киіп, қымбат макияж жасаған жоқ, қарапайым, ыңғайлы аппақ көйлегімен жүрді, кетерде шешесі дайындаған қазақы стильдегі оюлы шапанды, әдемі орамалды иығына іліп кете барды. Жігітке де оюы бар әдемі шапан сыйға тарту етті. Шағын қыз ұзатуы керемет өтті, ойын-тілек, би, қалжыңға толы жиын – той атаулыға осындай реформа керектігін көрсетті. Ысырапшылдықтан арылатын кез жетті!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button