Елорда тынысы

Үздік спортшылар үкіленді



Биыл астаналық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстардан 6 072 медаль жеңіп алды.

Астаналық спортшылар 2 245-сі – алтын, 1 952-сі – күміс және 1 875-сі қола медаль иеленді. Үздік спортшыларды марапаттау рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, атақты спортшылар мен спорт функционерлері қатысты.

Спортшылар мен жаттықтырушыларды, спорт мекемелерін марапаттау рәсімінде сөйлеген Есет Байкен 2023 жылы елорданың спорт саласында жеңісті сәттердің көп болғанын атап өтті. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында елордалық спортшылар ел қоржынына 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль түсіргенін, сондай-ақ әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жеңіске жеткенін еске салды. Сонымен қатар Астана қаласында спорттық инфрақұрылымдарды дамыту бойынша көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты.

Астана қаласы бойынша ерлер арасында «Жыл спортшысы» номинациясы бойынша Нұрбек Оралбай (бокстан әлем чемпионы), әйелдер арасында Жәмила Бақбергенова (әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері) үздік болып танылды.

Пара спорт түрлері бойынша әйелдер арасында жыл спортшысы болып Ақмарал Науатбек (пара дзюдодан әлем чемпионы, Азия Пара ойындарының жеңімпазы), ерлер арасында Ерғали Шәмей (пара дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия Пара ойындарының жеңімпазы) үздік болып танылса, Гүлнар Базарәлиева (Тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері) «Ұлттық спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшысы» атанды.

«Жылдың үздік бапкері» сыйлығына Асқар Еркебаев (бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы), «Жылдың үздік пара бапкері» сыйлығына Дәурен Оразов (пара дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы) ие болды.

«Жылдың үздік федерациясы» номинациясында – Астана қаласының ұлттық және Олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы, «Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер мектебі» номинациясында Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі топ жарды. «Жыл серпіні» сыйлығы Нұржан Батырбековке (джиу-джитсудан Азия ойындарының чемпионы) және қайта құрылып, бірінші лигада жүлдегерлер қатарына көрініп, Премьер-лигаға шыққан «Жеңіс» футбол клубына берілді.

Азия ойындарының күміс жүлдегері, джиу-джитсу шебері Галина Дувановаға бір бөлмелі пәтер сыйға берілді.

«Жыл меценаттары» болып Дмитрий Инютин, Асхат Мұқашев, Әсет Нұрғожин және Қуаныш Нұртақов аталды.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button