Басты ақпаратМәселе

Үлескерлерде үміт бар



Бас шаһарда проб­лемалы 51 үлескерлік құ­рылыс нысаны бар. Қала әкімі Алтай Көлгінов 1,5 ай ішінде олардың бәрін аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты, кейбіреулерінде тіпті екі қайтара болды. Біз осы күрмеуі қиын мәселелердің қалай шешіліп жатқандығына шолу жасап көрдік.

Нұр-Сұлтан қалалық әкім­дігінің ведомстволық бақылауына алынған 51 түйткілді нысандарда 14 мыңнан аса үлескер бар. 22 нысанның (4156 үлескер) жұмыс жоспары бекітіліп, үлескерлер жергілікті атқарушы биліктің көмегімен құры­лыс­ты өздері жалғас­тырып жатыр. Ал аса проб­лемалы 29 нысанның (10660 үлес­кер) құрылысын аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС (ЕҚК) «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 40 млрд теңге қаржы аударатын болды. Бұл қаражат проблемалы нысандарды салуға және жаңа тұрғын үй кешендері құрылысына жұмсалуы мүмкін. Қосымша нысандарды тұрғызу бөлінген кредит қаражаттарын қайтаруға мүмкіндік береді, сондай-ақ қалада астананың әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруға қажетті қосымша тұрғын жайлар пайда болады.

Қазіргі күні әкімдік проб­лемалық үйлердің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеумен және өзектілендірумен айналысып жатыр. Бұл жұмыстарға жеке инвес­торлар тартылуда. «BI Group», «Орда Инвест», «Базис А», «Элит Строй» және т. б. ірі құрылыс компанияларымен елордадағы «сақалды құрылыстарды» аяқтау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Тиімсіз нысандардың экономикалық ахуа­лын жақсарту үшін қосымша жер телімдері беріледі. Үлескерлердің мәселесін түбегейлі шешу үшін астана әкімдігі «Жол картасын» әзірледі, соның шеңберінде әр нысан бо­йынша іс-шаралар кешені белгіленді.

Айта кетейік, осыдан 2-3 күн бұрын Алтай Көлгінов «Комсомольский» тұрғын үй кешенінде болғанда қаладағы барлық үлестік нысандарының құрылысын қарқындату жөнінде айтқан болатын. Аталған үй 2015 жылы проблемалық деп танылған. Оның үлескерлерінің саны 600 адамнан асады. Кешенде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ шатыр­лар мен терезелерді бөлшектеу, ­сыртқы және ішкі желілер бойынша түзету қажет. Тұрғын үй кешенін абаттандыру және паркинг жобасы әзірленді.

Ал «Айсанам De Luxe» ТК-нің жобалық-сметалық құжаттамасын түзету қажет. Қазір құрылыс салушы монолитті жұмыстар жүргізіп, пластикалық терезелер мен есіктерді құрастырып, қасбеттің қабырғаларын жылытып, кеңселік бөлмелерге арналған қалқалар орнатады. Тұрғын үй кешені 4 жыл бұрын проблемалық деп танылған, үлескерлердің саны 465 адамды құрайды.
Сондай-ақ 170 үлескері бар «Көктал-2» тұрғын үй кешені орталық жылуға қосылмаған. Үй пайдалануға берілмеген, тұрғындар былтырдан бері тұрып келеді. Бұдан басқа, тұрғындар паркингтегі орындарды сатып алған, бірақ паркинг жобада қарастырылмаған.
«Оберег» және «Берекет» тұрғын үй кешендерінің сыртқы инженерлік же­лі­лерге сараптама жасалмаған, құжаттарды жинау бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Берекет» тұрғын үйі қолдануға берілмегеніне қарамастан, үйде тұрып жатыр. «Хазрет» тұрғын үйінде 64 үлескер бар. Жоба бойынша тұрғын үйде 500 пәтер орналасқан. Үйдің қасында көл бар. Көлді кептіру қажет. Болашақта сауда үйлері мен балабақшалар салынады. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ, қазір үй құжаттары бойынша жұ­мыс­тар жүріп жатыр.

«Хазрет» тұрғын үйінің құрылыс салушысы «Ақ жол» тұрғын үй кешенінің құрылысына да жауапты. «Ақ жол» тұрғын үйінде 50-ден астам адам пәтер сатып алған. «Алтын Раид» тұрғын үйін­де бірнеше жылдан бері тұрғындар тұрып келеді, бірақ кешен ресми түрде пайдалануға берілмеген. Қазір үй құжаттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындар атап өткендей, үйдің қасбетін жаңғырту қажет.

Проблемалық деп танылған «Мирный дом» үлес­тік тұрғын үй кешенінің құрылысын бастау үшін 5 учаскедегі құрылыстарды бұзу қажет. Тұрғындардың жалпы саны 279 адамды құрайды. Нысан 2013 жылы проблемалық деп танылды. Қазір үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ Сарыарқа ауданының 189-көше тұр­ғындары балаларға ар­нал­ған ойын алаңдары жоқ­тығын, аулалардың абат­­тандырылмағанын, кө­лік қоятын орынның тапшылығын айтты. Елорда әкімі аулаларды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүр­гізіліп жатқанын атап өтті. Жыл соңына дейін Сарыарқа ауданында 40-тан астам ауланы жабдықтау жоспарланған.

«Талисман» тұрғын үй кешенінде 2017 жылдан бастап жұмыс жүргізілмеген. Жоба бойынша тұр­ғын үй 170 пәтерге есеп­­телген. Тұрғындардың ай­туын­ша, нысаннан трансформатор мен кабельдерді ұрлап кеткен.

«Аниса-1» кешенінде 26 пәтер бірнеше адамға сатылған. Тұрғындар 2015 жылдан бері өз пәтерле­рінде тұрады, алайда сол уақыттан бастап үй құжат­тарын ала алмай жүр. Үлес­керлердің айтуынша, оларда қазір екі негізгі проблема бар. Біріншісі – үйді пайдалануға беру, екіншісі – орталық жылу жүйесіне қосу.

«Алтын бұлақ» тұрғын үй кешені 2017 жылы проблемалы деп танылған. 401 пәтерден тұратын үлескерлер саны – 385 адам. Пәтер иелерінің айтуынша, нысан аумағындағы мүлік үлес­керлерге өтпеген. Бірінші блоктың құжаттары бар, ал үйдің екінші блогының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

«Медина» тұрғын үй кешені құрылысы 2014 жылы басталған. Үлескерлердің жалпы саны – 500 адам, алайда олар екі тұрғын үй құрылыс кооперативтеріне (ТҚК) бөлініп кеткен.Үй әлі пайдалануға берілмегеніне қарамастан, тұрғындар өз пәтерлеріне көшіп алған.

«Зере-1» тұрғын үй кешені 2016 жылы проблемалы болып танылған. Үлес­керлердің саны – 191 адам. Ал үйдегі пәтерлер саны – 176. Мұнда бір пәтерді екі, үш рет сату фактілері кездеседі. Тіпті бір пәтерге 4 адам үміткер болып тұрған пәтер­лер де бар. Олардың бар­лығы бір пәтерге ақы төлеген.

«Мұнар-2» ТК нысанында 87 үлескер бар. Жобалық-сметалық құжаттама электронды түрде бар, инженерлік желілер үшін жобалық-сметалық құжат­тама жоқ. Сонымен үйді техникалық тексеріп, қар­жылық тексеруден өткізіп, тұрғын үй кешенінің аума­ғына арналған гараждарды сатып алу қажет.

«Магистральный 3» ке­шенінің тұрғындары жосықсыз мердігердің жұмысынан зардап шеккен. «Аристо-успех» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрайымы Зәмзәмгүл Темірболаттың айтуынша, аталған ұйым 2 жыл ішінде жобалық-сметалық құжатты рәсімдеп, «Теплотранзит», «Горводоканал», «АРЭК» бойынша ақау­ларды қалпына келтірген.

– Бұл істе бізге қалалық әкімдік үлкен көмек көрсетті. Тұрғын үйді жаңғыр­туға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржы бөлді. Осы ақшаға шатырдың, қасбеттің ақау­ларын жөндедік. Жалпы, проблемалық үйлердің жұмысын тұрғындардың өзі ретке келтіруге мүдделік танытуы керек. Ең бастысы, әкімдік тарапынан қолдау болып отыр ғой, – дейді
З.Темірболат.
Бүгінде жосықсыз құры­лыс салушыларға 8 жылдан 12 жылға дейін (8 адам) үкім жазасы кесілген. Қылмыскерлер пәтер иелеріне 1,2 млрд теңге қарыз. Бірақ осы қарызды айыпкерлерден қайтып өндіріп алудың механизмі жасалмаған. Қазіргі кезде ең өзектісі – осы мәселе.

Сонымен қатар құрылысы 15 жылға созылып кеткен «Территория комфорта-1» ТК сырылып, орнына жаңа үй салынатын болды. Ол туралы қала әкімі А.Көлгінов мәлім етті.

Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігі проблемалы, ұзаққа созылған құрылыстарды сырып тастауды жоспарлап отыр. Ол үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құ­рылысы бағдарламасына өзгертулер енгізуге мүдделі. Проблемалық нысандарды аяқтау үшін «Бәйтерек девелопмент» АҚ әкімдіктің өкілетті ұйымдарына кредиттер береді. Бірақ бұл ұйым­дардың бұған дейін құзыретіне нысандарды сыру және бөлшектеу кіреді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button