ҚоғамРуханият

Ұлтты түлететін үдеріс



Елбасының Қазақстанның таяу болашақтағы рухани жаңғыруы мәселесіне арналған бағдарламалық мақаласында XXI ғасырдағы ұлттық сананың замана көшіне сай қалай өзгеруі керектігі және осыған орай таяу жылдарда атқарылуға тиісті кезек күттірмес міндеттеріміз алға тартылды. Бұл біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан табылуымыз үшін де керек еді.

34532

Талай сыннан өткен саясаткер Әділбек Жақсыбеков жетекшілік ететін Ұлттық комиссия құрылып, шұғыл іске кірісіп кетті, жұмыс топтары белгіленіп, сала-сала бойынша атқарылатын міндеттер айқындалды. Расында, қазіргі таңда күллі әлем күн сайын дерлік алуан түрлі өзгерістерге түсіп жатыр. Бүгін өлшемнің өресі болған кейбір құндылықтардың күні ертең қандай реңк пен мазмұн алатынын алдын-ала болжау қиын. Ал алмағайып ауаны басым осы керуен-көшке ілесіп жүре білу үшін жаһандағы барлық жай-жағдаятты күні ілгері нағыз тамыршыдай дөп басып, дұрыс жол мен бағытты таңдай алуымыз керек. Бірақ айтылып отырған рухани жаңғыру үдерісі бүгін немесе келесі күні басталып кете беретін жұмыс емес. Елбасы атап көрсеткендей, оның ілкі басы бұған дейін екі жаңғырудың иінінде қолға алынған. Біз бүгінгі күнге де­йін саяси жаңғыру мен экономикалық реформаларды біршама сәтті орындап шығып, белгілі бір нәтижеге жетіп отырмыз. Ал үшінші жаңғыру процесі барысындағы басым бағыттар Мемлекет басшысының биылғы жылы жарияланған кезекті Жолдауы жолдарында барынша сарапталып айтылған еді. Бұдан бөлек, сөз болып отыр­ған мақалада сонда көтерілген мәселелер қайта пысықталып, оларды іс жүзіне асырудың кезеңдік мерзімдері белгіленіп қойылған-ды.

Біз қазір ғаламдық жаһанданудың барған сайын қанатын кеңге жайып, қамтитын ауқымы арта түскен дәуірінде өмір сүріп келеміз. Оның келешектегі көкжиегі бұдан ұлғаймаса, кемімек емес. Міне, осындай дүниенің дәргейін дүбірге толтыратын дүрмек көбейіп кеткен кезеңде ұлттың бәз қалпын сақтап қалуы қиындай түспек. Елбасы мақаласы бізге, осыған орай, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу керек екенін ескертіп, сол мақсатта қандай іргелі де түйінді жұмыстарды атқаруымыз керек екенін талдап айтып береді. Ұлттың бірегейлігін сақтап қалу үшін алдымен тұтас халықтың өзін бәсекеге қабілетті етіп шығаруымыз керек. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп жазады Президент осы орайда. «Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек». Мұның мысалында компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық секілді басты факторлар атап көрсетілді. Әркімнің алға басуы үшін осы алғышарттар сөзсіз қажеттіліктер санатынан саналып отыр. Себебі бәсекеге қабілеттілікте алдыңғы саптан көріну үшін тек материалдық өнім өндіру жөнінде көштің алдында жүру аздық етеді, енді онымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары бойынша да үздіктер легінен табылуға да күш салуға тура келеді. Осы орайда табиғи байлығы кемшін болса да, бәсекеге қабілеттілігі нәтижесінде техникалық революция көшбасында жүрген жапон халқын үлгі ретінде айтуға болар еді.

Әр халықтың, әр ұлттың өз коды, өз менталитеті бар. Сондай ерекшеліктерге біздің нәсіліміз де ие. Оларды бізге сан ғасырдың қойнауынан талмай жетіп, ата-баба қанымен берілген барша абзал қасиеттер құрайды. Сол айырмашылықтарымыз болмаса, біз дербес ұлт ретінде тіршілік етуден де қаламыз. Елбасы осындай дағдылар мен қағидалардың мезгіл мезіретінен шет қалып, біздің жаңғыруымыз бен жасампаздыққа жетуімізге кедергі келтіретіндерінен құтылуымыз керек екенін де ескертіп өтеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Біз сол әдет-ғұрып, салт-санамыздың озығын алға оздырып, тозығын тастап кететін шаққа да жетіп тұрмыз. Хакім Абай жанашырлықпен тізбелеп айтқан ұлт бойындағы кемшіліктерді түзеуді жоспарлы, жүйелі түрде жүргізген емеспіз, енді жүргізуге тиіспіз деп ойлайық осы мақаланы оқыған соң.

Елбасы ұсынған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде үлкен мәнге ие болады деген ойдамыз. Кешегі кеңестер дәуірінде малшы мен кенші – еңбек адамы төралқада отыратын, марапатталып, үлгі етілетін, қазір «фейсбуктағы» бейәдеп, бейпілауыз «жұлдыздардан» өзге жастарға кімді өнеге етіп ұсынып отырмыз? Бұл – ойланатын, қолға алатын жайт

Жасыратыны жоқ, біз осыдан жиырма жылдай бұрын-ақ «Қазақтың тойы: жиналыс, ысырап және тыраштану» деп тақырып қойып, «Егемен Қазақстанда» ашына жазып едік. Өзгерген не бар? Ештеңе! Баяғы жартас – бір жартас. Сондықтан да Елбасы айтқандай, алдымен сананы өзгертпесек болмайды-ау… Президенттің: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген тұжырымы көңілімізден шығып отыр. Бұл ретте Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып берді. Оның бірі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтынын мәлім етсе, екіншісі алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуға саяды. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтас­тыра білуден құралады.

– Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді, – дейді Президент бұдан әрі. – Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Мұның арғы жағында ол «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебие­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» екенін қадап айтты.

Атам қазақ «Туған жерге туыңды тік» дегенді бекер айтпаған. Қай кезде де отансүйгіштік, патриотизм сезімі адамның кіндік қаны тамған жеріне, өскен еліне деген сүйіс­пеншіліктен басталады. Сол себепті Мемлекет басшысы «Туған жер» атты бағдарлама қабыл­дау­ды ұсынды. Бұл идея­сын ­Елбасы кеше ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында одан әрі кеңейте тұжырымдады. Кейін оның қамтитын көлемі ұлға­йып, «Туған елге» айналады. Бағдарламаның мәні, біріншіден, білім беру саласында кең қанатты өлкетану жұмыстарын жүргізуден, экологияны жақсарту мен елді мекендерді абаттандырудан, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруден құралады. Екіншіден, әртүрлі жағдайлармен басқа жақтарда тұрып жатқандарына қарамастан, туған жерлеріне қамқорлық жасауға пейілді кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды осы іске тартуға жол ашады. Мұндай қалыпты әрі шынайы патриоттық сезімнің әр азаматта болуы шарт.

Елбасы өзінің мақаласында рухани жаңғыруда сананың ашықтығы мәселесінің алдыңғы қатарға қойылып отыр­ғанын ашып айтты. Мұның бір көрінісі ретінде біз жаһандану үрдісінде әлемдік тілдерді меңгеруге ұмтылуды да атап өтер едік. Бір нәрсе айқын, бұл батыл қадам, түптеп келгенде, біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға зор мүмкіндіктер алып береді. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге де соның нәтижесінде жете алатынымыз анық.

Президенттің рухани жаңғыру жолында таяу жылдары атқарылуы тиіс негізгі міндеттерінің бірі есебінде латын әліпбиіне көшуді атап көрсеткені де белгілі. Қазір біздің қоғамда ең көп сөз болып, талқыланып жатқан тақырыптың бірі де осы мәселе екенін айта кетейік. Бұл салмақты шаруа біздің елімізде қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасына көшуі арқылы жүзеге асатыны да белгілі болып отыр. Онымен бір мезгілде білім беру жүйесінде дүние жүзінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылатын болады. Әлемдегі ең жақсы 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Елбасы рухани жаңғыруды жүзеге асыру жолында әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болудың мұрат екенін ашып айтты.
Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жалғастыруға негізделеді. Сондықтан біз мұны осы екі арнада жүзеге асыруымыз керек. Бұлардың бірі ғаламдық жетістіктерді тиімді пайдалану арқылы жаһандық даму үдерісіндегі өз үлесімізді алуды көздесе, екіншісі өткеніміз бен дәстүрлеріміздің арасындағы асыл құндылықтарымыз­ды қайта жаңғырту болмақ. Әлбетте, мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып қоя салған дүние емес. Ол уақыт ағымы мен заман талабына сай үнемі өзгеріске түсіп, үнемі дамып отырады. Ал біздің еркімізден тыс төрге ­­оз­­ған жаңа жаһандық үдерістердің алда тағы қандай міндеттер мен асулар ұсынатыны белгісіз. Сондықтан осы өзгерістердің өзегін дәл табуға талпыныс болып табылатын бұл бастаманы – жасампаздық жаңғыруын баршамыз болып қолдауға тиіспіз. Сонда ғана біз дамудың осынау басты қағидалары алға ұмтылдыратын талаптарының деңгейінен табылатын боламыз.

Еркін ҚЫДЫР

долгосрочный займ мфо


Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button