Мәселе

Ұлттық басылым күні белгіленді



2 ақпан – Алаш арыс­тары шығарған «Қазақ» газетінің туған күні. Осы дата «Ұлттық басылым күні» болып еліміздегі мерекелік күндер тізіміне кірді. Бұл қазақ көсемсөзінің бастауында тұрған Әлихан Бөкейханды, азаттық жолында басын қатерге тіккен барлық Алаш қайраткерлерін ұлықтау деп түсінемін.

Алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы 2013 жылы журналист Берік Уәлидің «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубында: «Қазақстандағы баспасөз күнін «Қазақ» газетінің бірінші саны шыққан 2 ақпанға ауыстырайық» деген тамаша ұсыныс айтып еді.

Осы ұсынысты мен 10 жыл бойы баспасөзде, әлеуметтік желілерде қоғамның есіне салып отырдым. Газетке мақала, әлеуметтік желіге пост жазып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруына титтей де болса үлесімді қосқым келді. Себебі Қазақ елі тәуелсіздігінің басында Алаш арыстары, «Қазақ» газеті тұр. Алаш арыстары азаттық жолында басын үлкен қатерге тігіп, патшаның қуғын-сүргінінен қаймықпай, өмірін осы күрес­ке арнады. Соның жолында құрбан болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Міне, арада 110 жыл өтсе де, ұлттық баспасөз «Қазақ» салған ұлттық ынтымақтың жолымен жүріп келеді.

Елімізді бірлікке, ынтымаққа, әділеттілікке бастайтын ұсыныс­ты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірден қолдады.

«ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның 2023 жылғы 13 ақпандағы тапсырмасына сәйкес, 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп атап өту ұсынылады. Осыған байланыс­ты Қазақстандағы мерекелік күндер тізбесінің құрылымына жаңа мерекелік күн, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні енгізіледі» деп жазылды ашық НҚА порталындағы Үкімет қаулысында. Қаулы жобасы 3 сәуірге дейін қоғамдық талқыға ұсынылды.Кеше 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып белгіленді.

Бұл ұлт тұтастығы мен тарихи әділеттілік тұрғысынан дұрыс шешім болды. Ақжолтай жаңалықты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі халыққа жеткізді.

Тұңғыш ұлттық басылым шыққан күнді ұлықтайтын ізгі де өнегелі дәстүр өзімізбен тамырлас әзербайжан, қырғыз, қалмақ, удмурт, саха халықтарында бар.  Мысалы, әзербайжандар 22 шілдеде «Ұлттық баспасөз күнін» атап өтеді. 1875 жылы 22 шілдеде әзербайжан интеллигенциясының көрнекті ағартушы өкілі Ғасанбек Зардаби «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған.

Қалмақтар 105 жыл бұрын жарыққа шыққан қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің туған күнін қалмақ баспасөзінің күні деп белгіледі. Қалмақ Үкіметі жыл сайын бұл айрықша датаны салтанатты түрде атап өтеді.

1907 жылы 12 шілдеде якут тіліндегі «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы бұл күнді Ұлттық баспасөз күні деп белгіледі.

Қырғызстанда 7 қараша – Ақпарат және баспасөз күні деген ресми мереке бар. 1924 жылы 7 қарашада «Эркин Тоо» ұлттық басылымының бірінші саны жарыққа шыққан. 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталды.

2022 жылдың 2 наурызында Удмуртияда тұңғыш рет Ұлттық баспасөз күні атап өтілді. Бұл күн осыдан 106 жыл бұрын удмурт тілінде шыққан «Войнаысь ивор» («Вести в войны», қазіргі атауы – «Удмурт дунне») газетінің құрметіне қойылған. Жаңа мереке күні Удмуртия билігі ұлттық баспасөздің дамуына ерекше үлес қосып жүрген журналис­терді марапаттайды.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button