Мәдениет

Ұлттық спорт үздіктері айқындалды



Биыл тоғызыншы рет өткен «Алтын тұғыр» салтанатты жиынында ел ішінде оза шауып, халықаралық жарыс­тарда бақ сынап, жеңіске жетіп жүрген спортшыларға арнайы мүсін мен ақшалай сыйақы табысталды. 

«Жылды қорытындылап, озық спортшыларымызды марапаттау арқылы ұлттық спорттың бүгінгі жағдайы мен келешегін айқындаймыз. Қауымдастық құрылған 18 жылдың ішінде талай іс атқарылды. Мәселен, ауыл-аймақтарда мыңдаған спорт секциясы ашылып, сол жерде 300 мыңнан аса адам ұлттық спортпен айналысады. Биыл қыркүйекке дейін қауымдастық құрамында 5 федерация болды. Олар: көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату және аударыспақ. Жақында бізге тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату және құсбегілік федерациялары қосылды» деді жиында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Рәсімге қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Amanat партиясының жетекшісі Ерлан Қошанов ұлттық спорттағы жетістіктерге тоқталып, спортшыларға «Алтын тұғыр» сыйлығын тапсырды.

«Биыл ұлттық спорт үшін жемісті жыл болды. «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны өтті. Ол Сарыарқа мен Түркістанның ортасын ат тұяғымен дүбірлетіп өтті. Бұл ұлтымыздың рухын асқақтатқан іс-шара болды. Amanat партиясы бұл іс-шараға жыл сайын қолдау көрсетеді. Таяуда ғана Түркияда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Президенттің тапсырмасымен көшпенділер ойынына бір топ делегация болып бардық. Жарысқа 102 мемлекет қатысты, соның ішінде біздің спортшыларымыз­дың шоқтығы биік болды» деді Ерлан Қошанов. Ол «Үздік көкпар командасы» аталымы бойынша ұлттық құрамаға «Алтын тұғыр» мүсіншесін, диплом және ақшалай сыйлық тапсырды. Көкпардан ұлттық құрама биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, чемпион атанды.

Сондай-ақ «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша ат иесі Ұлан Омаров марапатталды. Аударыспақ бойынша 70 келі салмақ бойынша әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша әлем чемпионы Данияр Смайлов үздік деп танылды. Ал «жыл жаңалығы» аталымы бойынша «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек марапатталды.

Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин үш аталым бойынша үздіктерді марапаттады.

«Президент ұлттық өнер, ұлттық құндылық, ұлттық спортты дамытуға ерекше мән береді. Мемлекет басшысының тазы ұстап, садақ ататынын да білесіздер. Ұлттық спортқа серпін берсін деген ниетпен кезекші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізуді ұсынды. Ұлттық спорт – ең алдымен ұлттық рух. Себебі ұлттық спорт арқылы ұлттық болмыс пен сипатымыз күшейіп, қалыптасады» деді Ерлан Қарин.

«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» аталымы бойынша Қанат Қасымхан үздік деп танылса, Айкөз Ерелхан «Үздік жамбы ату спортшысы» атанды. Теңге ілу бойынша жыл марапаты Бәйдібек Сабыровқа берілді.

Тоғызқұмалақ, асық ату спорты бойынша үздіктерді Премьер-министр­дің орынбасары Алтай Көлгінов марапаттады. Тоғызқұмалақ бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева үздік спортшы болды. Асық атудан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үздік команда деп танылды.

Іс-шара барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті Исламбек Салжанов үздік спортшылардың жаттықтырушыларын марапаттады.

Салтанатты іс-шараның өтуіне «Самұрық Қазына» АҚ және Спортты қолдау қоры демеушілік көрсетті.

Рәсімнің соңы эстрада және сахна өнері өкілдері қатысқан мерекелік концертке ұласты.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button