Мәдениет

Ұлы даланың жазба мұралары



Астанадағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығы елорда әкімдігінің дарынды қыз балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернатында «Әдебиет» апталығы аясында «Ұлы дала елінің жазба мұралары» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды. 

Көрменің негізгі мақсаты – қазақ халқының рухани байлығының қайнар көзіне айналған жазба жәдігерлерінің алғашқы қолжазба нұсқасынан қазіргі заманауи полиграфиялық өнердің терең иірімдерімен сабақтаса дамыған кітап күйіндегі тарихын баяндау.

Көрмеге ұлттық орталық қорындағы 8-9 ғасыр шамасындағы руникалық графикамен көне түркі тілінде жазылған «Ырық бітік» кітабы, Х-ХІІІ ғғ. Қарахан дәуірінен М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі, Алтын орда тұсындағы Құтыбтың «Хұсырау-Шырын» дастаны, Қазақ хандығы кезіндегі жазба әдебиет «Шаджаратул атрак» араб, парсы тілдеріндегі еңбектер мен төте жазуындағы М.Әуезовтің «Абай» романы, М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, А.Байтұрсыновтың Орынборда жарық көрген «Қазақша әліпбиі», 1928 жылы жарық көрген «Тіл жұмсары», 1929 -1940 жылдардағы латын қаріпіндегі оқулықтар қойылып, таныстырылды.

Көрмеден орын алған Қазақстанның қасиетті жерлері, егістік алқаптары, көрнекті ғалымдары мен атақты тұлғалардың суреттері берілген «Қазақстан» фотоальбомы, Леонид Брежневтің «Вопросы аграрной политики КПСС и освоение целинных земель Казахстана» кітабы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған шопан Жазылбек Қуанышбаевтың өз дәуіріндегі жас ұрпақты елінің патриоты болуға, еңбекті сүюге шақыр­ған «Ұрпаққа ұлағат» атты екі тілде жазылған шағын кітаптар оқырман назарына ұсынылды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button