Басты ақпаратЕл тынысы

Ұқсата білсең, іргеде көкөніс көп



Елордаға іргесі тиіп тұрған Қосшы, Қоянды, Қараөткел, Үркер, Талапкер, Жібек жолы, Қызылсуат сынды қала, ауылдар бар. Қаланы қоршай орналасқан бұл ауылдар тұрғындарының бір бөлігі Астанаға келіп жұмыс істесе, ал кейбір азаматтар сол жерде өндіріспен шұғылданып, өз өнімдерін Астанаға сатып нәпақа табады. Бас қала тұрғындарын ет, сүт, көкөніспен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Алайда олардың осы еңбегін ескермейтіні, жан-жақты қолдаудың жоғы қынжылтады.

Елеусіз қалған елді мекендер

Биыл жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізгенде «Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ бұл жұмыс орындалмады. Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыс­тырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінетін азық-түлік импорты 3 есеге артты. Жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойма да жетіспейді. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдағаны жөн» деп атап көрсеткен еді. Содан бері де бір жылға таяу уақыт өтті, Мемлекет басшысының тапсырмасы ойдағыдай орындалды ма, беймәлім.

Арқа төсінен астана салып, оны азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік белдеуін құрғанымызбен, әлі күнге де­йін елорда төңірегіндегі елді мекендерді тиімді пайдалана алмай келеміз. Қала маңындағы ауылдардың қалаға жақындығынан басқа артықшылығы жоқ, «елордаға жақын, облыстан алыс» елеусіз жатқан аймаққа айналған. Бұл өңірлерде жарық, су, жылу мәселесінің үйлесімді шешілмеуі де Астанаға өз әсерін көрсетуде. Атап айтқанда, қыс мезгілінде бас қаланы көк түтіннің басып қалуына және қаладағы кептелістің көбеюіне қала төңірегіндегі ауылдар да үлкен үлес қосып жатыр.

2019 жылы жасалған «Нұр-­Сұлтан (қазіргі Астана) қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында қандай жұмыс атқарылғаны да бізге беймәлім. Президенттің ауылдарды дамытуға бөлген 1 триллион теңгесі бұл елді мекендерге жете ме, жетпей ме, оны да қазір дөп басып айту қиын. Демек, Үкімет пен министр­ліктер Астананы қамтамасыз ететін азық-түлік белдеуін құру ісінде әлі де құр уәде, бос сөзден аса алмай келеді.

Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайық

Астана төңірегінде көкөніс өсіруге, жылыжай салуға ыңғайлы жер көп. Бірақ Астана сол мүмкіндікті толық пайдалана алмайды. Жазғытұрым көміп тастап, күзде қазып, дағар-дағар өнім алуға болатын картоптың өзін жан-жақтан, көршілес облыс­тардан тасимыз. Керек десеңіз, 1,5 миллионға жуық халық тұратын бас қаланың іргесінде ірі мал базары да жоқ. Бұл қала төңірегіндегі шаруалардың малын сатуына қолайсыздық туғызып қана қоймай, ет, сүт өнімдері бағасының күнде құбылып, ұдайы көтерілуіне де мұрындық болып отыр.

Астананың мығым азық-түлік белдеуін құру ісі елорда төңірегіндегі ауылдарды дамыту жұмысымен тығыз байланысты. Астана төңірегіндегі ауылдардың мәселесі дұрыс шешілмесе, адымы ашылмайды. Шаһар үлкейіп, тұрғындар саны артқан сайын азық-түлікпен, сумен, жылумен және жарықпен қамтамасыз ету ісі де қиындай түседі. Астана басқа қала, аудандардан алыс болғандықтан, қажетті өнімнің бәрін сырттан тасу мүмкін емес, сырттан тасығанмен, бағасы көтеріліп, тұрғындардың қалтасына үлкен салмақ болады. Мұны шешудің бірден-бір жолы – Астана төңірегіндегі азық-түлік өндірісін дамыту. Осы тұрғыдан алғанда, Қосшы, Қоянды маңындағы қара топырағы көмірдей құйқалы жерлерге көкөніс өсірудің экономикалық тиімділігі аса жоғары деп санаймыз. Әсіресе іргесінен үлкен өзен ағып жатқан Қосшы қаласы мен Жібек жолы ауылының маңы көкөніс өсіруге өте қолайлы. Бірақ аталған өңірлердегі егіс алқаптарының дені тұрғын үй салынатын аумаққа айналып кеткен. Яғни жұртшылықты Астананың іргесінен азық-түлік белдеуін қалыптастыру жұмысынан гөрі тұрғын үй салу, оны сатудан түсетін пайданың молдығы қызықтырып тұр.

Егіншіде жер жоқ, жері көптер игермейді

Қосшы қаласынан алынған мәліметке сүйенсек, аталған қалаға қарасты 200 гектардан артық егіс алқабы бар. Қазіргі таңда мұның 150 гектарына көкөніс егіледі. 2010 жылдан бастап көлем алып, қазіргі таңда егіс көлемі қайтадан азая бастаған бұл аумақта картоп, сәбіз, қызанақ, қырыққабат, аскөк, қияр, баклажан, бұрыш сияқты көкөністің түр-түрі өседі. Соңғы жылдары Қосшы шаруалары Арқа төсіне қарбыз егіп, одан да мол өнім алып жүр.

Мұрат Оңғарұлы 10 гектар жерге көкөніс егеді. Оның Арқа төсінде қызанақ, қияр, қырыққабат, орамжапырақ, бұрыш сияқты он шақты түрлі көкөністің бірнеше сұрпын өсіріп, нарыққа шығарғанына 10 жылдан асыпты.

– Қосшы маңына алғаш келіп көкөніс егіп, сатқанның бірі менмін. 2013 жылы 2 гектар жерге сәбіз, картоп егуді де бастағанмын. Қазір 10 гектар жерге көкөніс егіп отырмын. Өзіме тиесілі жер болса, 30-40 гектар жерді игеруге мүмкіндігім бар. Қазір біз көкөніс егіп жүрген жерлер бұрын егіншілікке арналған жерлер болғанмен, қазір тұрғын үй салатын аумаққа ауысып кеткен. Бірнеше жылдан кейін бұл жерлерге де зар болатын сияқтымыз. Қатар-қатар салынған үйлер таяп келеді. Бастапқыда «Астананы көкөніспен қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосамыз десек, Үкімет жағынан қолдау бола ма?» деп облысқа дейін барып көрдік. Бірақ одан еш қайыр болмаған соң, жерді жалға алып, көкөніс егуді бастадық. Табысымыз жаман емес. Жылына тек Астананың өзіне жүздеген тонна көкөніс сатып отырмыз. Яғни өнімдердің 80 пайызы елордаға жөнелтіледі. Биылдың өзінде бір өзім Астанаға 100 тонна сәбіз, 300 тонна картоп, 200 тонна қызанақ жеткіздім. Бағамыз да нарықтағыдан 50 теңгеге арзан. Демек, Қосшы диқандары елорданы көкөніспен қамтамасыз ету ісіне үн-түнсіз үлкен үлес қосып жатыр. Жерді жалға алып, суды жоғары бағамен сатып алып отырмыз. Егер өзіміздің жеріміз болса, Үкіметтің түрлі қолдау саясатынан игілік көрсек, елордадағы көкөніс бағасын 100 теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік бар. 10 гектар жерге жылына 3 миллион теңге ақы төлеймін, – дейді ол.

Тағы бір қызығы, диқандардың жер суаруға жұмсаған суының да тұрақты өлшемі жоқ. «Су иесі – Сүлеймен» болып отырғандар кейде өзі жаза салады екен.

«Бірде маған «суға 3 миллион теңге ақы төлейсіз» деді. Неге сонша көп екен деп есептесіп, соңында 30 мыңнан көп ақша төлегенім бар» деді Мұрат Оңғарұлы.

Біздің «Үкімет жағынан қолдау жоқ па?» деген сұрауымызға «Бізде көкөніс сақтайтын қойма жоқ. Мемлекет басшысының «2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек» деген тапсырмасын естігенде біз де қуандық. Бірақ қазір ол үмітіміз де үзілейін деді. Ал жергілікті билік өкілдері қолдауды білмейді. Керек кезінде алдына барсаң, дұрыс жауап бермейтін әкімдіктегілер жазда көкөніс шыққанда «Қиыншылығы бар отбасыларға қандай жәрдем жасайсыздар?» деп жетеді. Оларға біз сол кезде ғана керек екенбіз. Онсыз да тұрмыстың қиыншылығын көріп отырған отбасыларға апта сайын көкөніс беріп тұрамыз, биыл осындай астаналық 25 отбасыға апта сайын тегін көкөніс жеткізіп тұрдық» деп жауап қайырды.

Жәрмеңкеге неге қатыса алмайды?

Қосшы төңірегінде көкөніс өсіретіндердің дені – Өзбекстаннан келген ағайындар. Сол елде туып-өсіп, бау-бақша шаруашылығының қыр-сырын әбден меңгерген олар атажұртқа оралғаннан кейін де көкөніс өсірумен айналысыпты. Бірақ өздерінде жер болмаған соң, Үкіметтен қосымша қаражат ала алмайды. Бір жағынан олар мұндай қолдауға зәру де емес секілді.

«Бізге керегі – жер. Жер болса, судың, жанармайдың қымбатшылығы мәселе емес. Егер көкөніс егетін жер бөліп берсе, сол алқаптың жиегіне ағаш егіп, бірнеше жылда орманға айналдырып жіберер едік. Астана да алыстан көкөніс тасымас еді» дейді олар.

Астана төңірегінде көкөніс егу жұмысы 15 сәуірде басталып, өнім жинау қарашаның басына дейін созылады. Яғни 6 ай уақыт ішінде ұтымды тәсіл қолданып, ерінбей еңбек етпесең, табыс таппақ түгіл, тақырға отыруың әбден мүмкін. Арқаның құбылмалы ауа райы мен қатты бораны, кездейсоқ жауатын бұршағы да өсіп тұрған көкөністі бір-ақ сағатта тып-типыл қылатын кездері болады.

– Бізге жұмысшы табу да үлкен мәселе. Қазір осы төңіректе көкөніс егумен айналысатын 30-40 адам бар. Олардың әрқайсысы 20-25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Беретін жалақысы – 200 мыңның үстінде. Ал ақшасын күнделікті алатындарға 8000 теңге төлейміз, оның сыртында күнделікті жейтін көкөнісі қоса беріледі. Бірақ соның өзінде жұмысшы тапшы, қазақ десек өзімізге тиеді, жалқау, дұрыс жұмыс істемейді, 2 күн істеп, 3 күн демалса қайдан табыс табады?! Жұмысқа келіп, көз бояп күн өткізетіндер де бар. Содан амалсыз Өзбекстаннан келген азаматтарды істетеміз, – деді Жеңіс Дарханұлы.

Бір ғажабы, Қосшының көкөніс өсірушілері жылда Астанада өтетін өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңке­сіне қатыса алмайды. Нақтырақ айтсақ, қатыстырмайды. Керісінше, бұлардың көкөнісін сатып алған «Шарын», «Шапағат» сияқты базарларда тұратын сатушылар қатысады. «Жылда өтініш айтамыз, кіргізбейді, аңғарғанымыз, әлдекімдермен байланысың болуы керек сияқты» дейді Жеңіс қынжылып.

«Қошқарбаев, Қабанбай сынды ауылдарда игерілмей жатқан жерлер аз емес, бәрінің иесі бар, бірақ бізді жолатпайды. Егер Үкімет «Астана азық-түлік хабын» шын құрамыз десе, осы өңірлерді ұтымды пайдаланса, 1 жылда-ақ өнімін көрер еді» дейді Мұрат бастаған Қосшы диқандары.

Жұмысшылардың айтуынша, Қосшының жері құнарлы әрі өсімдікке дерт-дербез жолатпайтын қасиетке ие. Оның үстіне, шаруалар егіс алқаптарын суаруда су үнемдейтін осы заманғы ең озық әдіс – тамырдан тамшылатып суару тәсілін қолданады. Бұл да түсім көп, шығын аз болудағы бір үлкен себеп.

P.S: Сарыарқада қыс ұзақ әрі аяз күшті болғандықтан, жылыжайда көкөніс өсіруге көп шығын кетеді. Сондықтан жаз бен күздің 6 айын ұтымды пайдаланып, көкөніс өсіретін алқаптардың көлемін кеңейтсек, Президент айтқан қоймаларды салып, қыстың қамын жаз ойласақ, Астанада бірде сәбіз жоқ, бірде пияз жоқ деген мәселе болмас еді. Баға да ауа райымен бірге мың құбылмас еді. Біз Қосшыдан осындай ой түйдік. Бұл ойымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нарықты отандық өніммен толтыру, олардың өндірістік факторларының өзіндік құнын төмендету мәселесіне ұрандар мен уәдесіз, жан-жақты, ойластырылған түрде қарау керек. Өндірістен сатуға дейінгі бүкіл тізбекті аралап, бағаның өсуіне не себеп әкелетінін түсіну керек. Агроөнеркәсіп кешенін басқарудың қазіргі үлгісі саланың әлеуетін аша алмайды. Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр» деген сөзі де нықтай түседі.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button