Басты ақпаратЖаңалықтар

Урбанистика ғасыры



Ауыл жайлы болса, жұрттың қалаға көшіп несі бар? Осы қысқа сауал қазіргі күрделі мәселенің негізгі себебін анық айтып тұрғандай. Ал шын мәнінде, бұл – қоғамды сынап отырған әлеуметтік әрі экономикалық проблема. Соңғы ондаған жылдар бедерінде халықтың ауылдан қалаға көшу үрдісі тоқтаусыз жалғасып келеді. Бұл – біздің елге ғана емес, дүние жүзіне ортақ құбылыс. Тіпті ХХІ ғасыр – «урбанистика ғасыры», шаһарлар, кенттер алға шығып, бәсекелесетін ғасыр деп айдарланғаны да бекер емес. Қазірдің өзінде әлем халқының 50 пайыздан астамы қалаларға шоғырланған. Олардың саны, ғалымдар болжамына сенсек, ендігі 25 жылдан кейін 75 пайызға өсетін көрінеді.

Расында, жұрттың бәрі Жерұйық іздеп кетпесе де, жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы мекенді қалайтыны ақиқат. Бұл бағытта жаһан ғалымдары мен мамандары зерттеу жүргізіп, түрлі ұсыныс әзірлегені де мәлім. Дәл осы жағдай көп елде жаңа көзқарас қалыптастыруға түрткі болды. Тіпті жаңа заңдардың тууына, жаңа мамандықтардың өмірге келуін тездетті. Айталық, бүгінде «урбанист», «сити-менеджмент» т.б. терминдер бұрын қолданыстағы қала жоспарлау, қала құрылысы деген ұғымдарды он орап алатын деңгейге көтерілді. Өйткені үлкен сұранысқа ие бұл мамандық – әртүрлі кәсіп иелерін бір мақсатқа тоғыстырады. Мақсаты – экологиялық үйлесімді сақтай отырып, қала кеңістігі мен ортасын, архитектурасын тұрғылықты қауымның қалауына қарай дамыту, адамдардың психологиясын өзгерту. Бұрынғы инфрақұрылымды заманауи технологиялармен байыту, халық тұрмысын одан әрі жақсарту. Әрине, бұл салада да ең бірінші кезекте менеджментке мән беріледі. Урбанистиканы ескерген дизайнер, ресторатор, программашы, құрылысшы, саясаттанушы, психолог, социолог т.б. кәсіп иелері өз міндеттерін қала табиғаты, құрылысы мен құрылымы тұрғысынан қарап шешетін болады. Олар қажетіне қарай әртүрлі білім мен машықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, қаланың игілігіне жұмсауға тиіс. Болашаққа бағытталған, күн сайын құны артып келе жатқан мамандық иелері біздің елімізде жеткілікті ме? Өкінішке қарай, бұған тұщымды жауап бере алмаймыз. Өркениетті елдер бұған күні бұрын қамданып, мәселені ертеден күйттеген және оны күн тәртібінен түсірген емес. Біздегі жағдайға келсек, Almaty Management University алғаш 2019 жылы ғана «Урбанистика және сити-менеджмент» мамандығына талапкер қабылдай бастапты. Бізде «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ деген құрылым бар. Ол әлемдегі ең үздік тәжірибе мен әдістерге сүйене отырып, қаланы тұрақты дамыту, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуды мақсат тұтады. Осы құрылым ұйымдастырған Urban Talks және Urban Forum Kazakhstan сияқты тәуелсіз диалог алаңдарының тиімді болғанын атап айтамыз. Мұндай шаралар азаматтық қауымның үніне құлақ асуға жол ашады.

Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында URBAN-FORUM жиындары өткеннен соң, ел астанасында «Урбанистика» орталығы қала әкімдігіндегі кеңесші орган ретінде іске қосылған. Мұнда да қаланы дамыту мәселелерін талқылауға қала белсенділері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатыса алады. Соның нәтижесінде аз уақыттың ішінде қала қозғалысына, көпірлерге, жасыл аймақтарға, саябақтарға, велосипед жолдарына байланысты тың ізденістер мен жобалар жүзеге аса бастады.
Бір қарағанда, жоғарыдағы мәселе еліміздегі екі-үш қалаға ғана қатысты сияқты. Жоқ, олай емес және жоғарыда аталған не аталмаған өзге шаһарлардың даму тұжырымдамасын урбанизация тұрғысынан қайта қарау қажеттілігін уақыттың өзі талап етіп тұр. Кез келген қала кеңістігі, шаһар мен ауыл арасындағы қозғалыс, қарым-қатынас жыл өткен сайын қиындайтыны белгілі. Мәселен, бір көлік кептелісінің өзі не тұрады? Жол азабын азайтып, халықтың алтын уақытын зая кетірмеуге қарапайым адамнан бұрын үкімет орындары, тиісті министрліктер мүдделі болуға тиіс деп ойлаймыз. Ендеше урбанизация үрдісіне мемлекеттік көзқарас, яғни ғылымға негізделген жобалар ауадай қажет. Сонда еліміздегі адам капиталын, еңбек ресурстарын пайдалануда парық, өлшем, әділеттілік орнығар еді. Әзірге бұл – шешімін күтіп жатқан мәселе. Бірақ жүйесімен атқарылса, игілікті бастама.

Еліміздің көп қалаларында, облыс орталықтарында кәсіби урбанистер болмағандықтан, бұл бағыт стихиялы түрде өз бетімен жүріп жатқандай. Қайткенде де жүйелі жұмыс әзірге байқалмайды.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері айналысатын маңызды тағы бір міндет бар. Ол – қалаға келіп-кетушілердің ғана емес, біржола қоныс аударушылардың сана-сезімі, тағаттылығы, тәртібі, тәрбиесі мәселесі. Бұл – көп қырлы шаруа.

Егер ішкі миграциядағы (көші-қон) қарқын мен халықтың қалаға үдере көшуін ескерсек, урбанистерді даярлаудың маңызына ерекше ден қояр едік. Оның үстіне, әрбір қаланың өзіндік ерекшелігі болатыны белгілі. Сондықтан оның өткені мен бүгінін, демографиялық ахуалды зерттемей, архитектуралық нысандар мен коммуналдық қызметтер жүйесін, қаланың барлық мәліметтерін, статистикалық деректерін талдамай жоғарыда айтылған урбанизация үрдістерін мемлекеттік тұрғыдан реттеу мүмкін емес. Мәселен, қалаға және оның маңайына қоныстанушыларға қатысты қандай мақсатты жұмыстар жүргізілуге тиіс? Қауіпсіздік шаралары, әлеуметтік көмек өз алдына, қалаға біржола көшкендердің ортаға бейім-делуін жеңілдету – маңызды қадам. Ортақ қоғамдық келісімге мойынсыну үшін олардың есебі анықталып, қоныстану, еңбекке араласу, жұмысқа орналасу картасы түзілгені жөн. Жол іздеген кісіге жол көрсеткендей, соқпағын таба алмай, абдырағанды жетекке алғандай көмек көрсету мемлекеттік мекемелер, қызметкерлер мойнындағы абыройлы борыш болуға тиіс.
Соңғы он жыл көлемінде ауыл халқының саны 45 пайыз болса, қазір ол 41,5 пайызға дейін төмендеген. Ал 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 750 мыңнан астам адам жұмыс үшін амалсыз көшкендігі расталып отыр. Сондықтан жер-жерде оңынан шешіліп жатқан тұрғын үй – баспана салудың өзін жан-жақты зерттеп, іске асырмаса, мемлекеттің қаражаты ысырап болуы мүмкін.

Перспективалық тұрғыдан қарағанда, барлық ауылдың болашағы зор деп айту қиын. Сондықтан бұл салаға нарық жүйесі дендеп енгенде ғана көп нәрсе анықталады. Жалпы, тұрғылықты жерді (ауыл не қала) таңдау – халықтың өз еркінде. Қалаға қоныс аудару үрдісін жіті зерттеп, болжау, тиісті ұсынымдар әзірлеу – сала мамандарының еншісі. Бұл іске азаматтық қоғам белсенділерін тарту да тиімді болмақ. Сондықтан жоғары оқу орындарында урбанистерді даярлау, олардың қызметін ұйымдастыру – мемлекеттік қолдауды қажет ететін өзекті мәселе.

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button