Қоғам

Ұрпақ сабақтастығына арналды



Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» күн сайын жаңа бағытта рухани, мәдени, әдеби танымдық іс-шараларды өткізеді.

Бірде оқырмандар конференциясын өткізіп, кітап оқу мәдениетін аттыруға үлес қосса, бірде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, енді бірде тарихи тұлғаларды танып-білуге, атап айтқанда, ел тәуелсіздігі үшін  күш-жігерін аямай жұмсап, қоғамға қызмет екен тұлғаларды тануға арналып жатады.

Осындай игі іс-шара Мұстафа Шоқай мектеп-гимназиясында жалғасын тапты. Өмірінің соңына дейін ұлтын ұлықтаған, туған ұлтының тәуелсіздігі үшін ұзақ сапар шегіп жүргеніне қарамастан артында үлгілі іс, ұлағатты тәлім қалдырған Мұстафа Шоқай туралы баян­даған мектеп оқушыларына көпшілік тәнті болды. Жас шоқайтанушылар өсіп келе жатқаны қуантты.

Рухани-тарихи танымдық мектепішілік саяхаттан соң ұйымдастырылған дөңгелек үстелге Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Салтанат Жайлау, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері ­Әнуарбек Ералы, ұлағатты ұстаз, Алтынсарин медалінің иегері Нағима Қалшабекқызы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Салиха Аманғалиева, көптілді меңгерген, ардагер тұлға Сайлаукүл Есенбекова, орталық зейнеткері Алма Мажимовалар қатысып, белсенділік танытты.

Аталмыш орталық жанынан бой көтерген «Ұрпаққа аманат» бірлестігінің мүшелері, орталық жетекшілері мен зейнеткерлері, мектеп оқушылары мен ата-­аналары, ұстаздар қатысты. «Ана тілім – атадан жеткен аманат» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдері тақырып аясында өз пікірлерімен, тұшымды ойларымен бөлісті. Мұстафа Шоқайдың ұлтжандылық, саяси бағыттағы, көптілді меңгерген аса көрнекті тұлға екені айтылды.

Жиында республикалық оқулардың жеңімпазы №38 мектеп-лицейдің оқушысы Мағжан Жеткерген өлең оқып, көпшілік ықыласына бөленді. Дөңгелек үстелге жиналған зиялы қауымның тақырып туралы айтқан пікірлерін қорыта келіп, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры  Мұхтар Еркетаев өзінің көкейіндегі идеяларын ұсынып, рухани-танымдық іс-шараны ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын айтты.

Маржан ПІРІМБЕТОВА,

Астана қаласы

Ардагерлер кеңесі

медиатобының мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button