Басты ақпаратЖаңалықтар

ВАКЦИНАНЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ – ВИРУСТАН ҚОРҒАУ



Екпеге қарсы пікірдегілердің басты дәлелдерінің бірі – вакцинациядан кейін де адамдар коронавирусты жұқтырып алуы болып отыр. Алайда екпе алған азаматтар 100 пайыз індеттен аулақ болатынына кепілдік жоқ. Негізгі міндеті – аурудың ауыр ағымынан, өлімнен және қауіпті инфекцияның салдарынан қорғау.

«Неліктен тұрғындар вакцинациядан кейін де вирус жұқтырып алуда? Басты себебі халықтың қарапайым карантин талаптарына бағынбауынан. Азаматтар адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тақпайды. Бетпердесі болған күнде, иегіне тағып алады. Қолды антисептикпен өңдеу, әлеуметтік арақашықтықты сақтамауынан болып отыр. Тіпті екпе алған күннің өзінде иммунитетті нығайту үшін бірінші екпеден, оның ішінде екінші екпеден кейін де кемінде 60 күн карантин талаптарын қатаң сақтауы қажет» деп атап өтті Әсемгүл Есмағамбетова.

Дәрігердің айтуынша, індетке шалдыққандар ауруынан айыққаннан кейін араға 3 ай салып қана вакцина алғаны дұрыс. Сонда ғана вирустың қайта жұғу қаупі азаяды.
«Өкінішке қарай, қазір КВИ-дің қайталанған жағдайлары бар. Егер адам ауырмаса да, антиденелері болса да, антиденелер деңгейіне қарамай вакцинациялау керек. Өйткені, қазір «Дельта» штаммы таралуда, жаңасы пайда болады, яғни ауру деңгейі өсуде» деп түсіндірді дәрігер.

Сондай-ақ спикер вакцинация пункттерінде коронавирусқа қарсы вакциналар қандай жағдайда сақталатынын айтты. «Спутник V» вакцинасы минус 18 градус және одан да төмен температурада сақталады. Мұздатқыштарда минус 23 градус температура бар, қалған вакциналарды +2+8 градус температурада сақтауға болады. Емханадағы барлық жағдай вакцинация пункттерінде сақталады. Күніне екі рет температуралық режимге бақылау жүргізіледі және деректер базаға енгізіледі» дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, адамзатты коронавирустан қорғаудың бірден-бір амалы – жаппай екпе алу және санитарлық талаптарды сақтау. Тұрғындарды үнемі бетперде тағып, қолды жуып, көпшілік баратын орындардан аулақ болуға шақырды дәрігер.

Вакциналарды араластыру мәселесіне келетін болсақ, дәрігер мұны ұсынбайды. Баста қандай вакцина түрін қабылдадыңыз, екінші компоненті де сондай болғаны жөн деп отыр.
«ДДСҰ атап өткендей, әлемде әртүрлі өндірушілердің вакциналарын араластырудың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы нақты мәліметтер жоқ. 1 және 2 дозалары үшін препараттарды біріктіруге рұқсат хаосқа әкелуі мүмкін. Вакциналарды араластырудың тиімділігі туралы мәліметтер жеткіліксіз. Сондықтан ДДҰ халықты иммундау үшін препараттарды біріктірудің қауіпсіздігі туралы жеткілікті ақпарат болмайынша, бір өндірушіден вакцина алуға кеңес береді.

«Менің ойымша, вакциналарды араластырудың қажеті жоқ. Себебі вакциналардың құрамы әртүрлі және бір вакцинамен егілген дұрыс, әдістемелік ұсынымдарға сәйкес» – деп қорытындылады Әсемгүл Есмағамбетова.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button