Құқық

Вандализм – теріс қылық



Вандализм салдарынан өнер, мәдениет объектісі мен мемлекеттің маңызды орындары бүлініп, тозығы жетеді. Нәтижесінде елді шығынға батырады. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінде осыған үндескен іс-шара өтті. Сарыарқа ауданың әкімдігі ұйытқы болған кездесуде жоғары сынып оқушыларына мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарының мамандары вандализмнің зиян-залалын түсіндірді.

Сарыарқа ауданы прокуратурасының өкілі Қуаныш Балабидің сөзінше, мәдени-тарихи ескерткіштерді, рухани мәдениет құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді қасақана қиратып, бүлдіруді вандализмге жатқызамыз. 2023 жылы елордада 36 вандализм фактісі тіркеліп, мемлекет мүлкіне зиян келтіргендерге шара қолданылды. Жыл басынан бері 5 вандализм әрекеті орын алып, кінәлілер анықталды. Оларға тиісті әкімшілік жаза беріледі.

Адамзаттың ортақ құндылығына зиян келтіру ерте заманда қалыптасты. 445 жылы Рим қаласын басып алып, мәдениет туындыларын бұзып, тонаған ежелгі герман тайпасы вандалдардың атына «вандализм» термині шықты.

Сарыарқа ауданы Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің жетекшісі Дамир Хисматуллин:

– Қарапайым тілде түсіндірсек, вандализм «мәдениетсіз» деген мағына береді. Рухани-мәдени байлығы кемел мемлекеттерде қоғамдық мүліктерді, мәдени құндылықтарды тонау, бұзу, бүлдіру және қирату орын алмайды, – деп түсіндірді.

Қоғамның моральдық қасиетін жоюға бағытталған вандализмді әлем елдері қылмыс ретінде қарастырып, қатал шара қолданады. Ал біздің елде түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button