Қала мен СалаҚала тіршілігі

ВЕЛОЖОЛДАР ҰЗАРА БЕРЕДІ



«Астана орманы» ЖШС даму бойынша басқарушы директоры Юсуп Келигов елорданың жасыл аумағында велосипед инфрақұрылымы дамытылатынын хабарлады.

Рекреациялық демалыс аумағы дамытудың жеті кезеңінен тұрады. Бірінші және екінші кезеңде «Жасыл белдеу­де» ұзындығы 24 шақырым веложол пайда болды. Келесі жылы бұл жерде жайлы әрі қауіпсіз демалыс аумағы құрылады. «Астана орманы» ЖШС веложолдар жүйесін дамытудан бөлек тұрғындардың демалыс аймағына айналған орынның инфрақұрылымын дамытуды қолға алмақ.

– Осы аумақта жаяу жүргіншілер жолын салу және абаттандыру жоспарлануда. Футбол, волейбол, баскетбол ойындары үшін спорт алаңдары пайда болады. Экстремалдық сырғанауға арналған арнайы алаң да салынады. Бұдан бөлек, жуыну кабиналары және шешінетін бөлмесі бар велосипедтерді жалға берудің заманауи орнын ашу жоспарлануда, – деді Юсуп Келигов.

«Жасыл белдеудегі» астаналық веложол жүйесі тек жазда ғана емес, қыста да шаңғы спортына жол ашады. Жыл басынан мұнда қалалық және республикалық деңгейдегі 27 спорт жарысы өткен. Ал келесі жылғы екінші кезекте 19 131 м веложолды 1,4 метрге кеңейту және Қарқаралы тас­жолы жағынан қосымша шағын 2,4 шақырым веложол салу жоспарлануда.Алдағы бес жылдың ішінде қалада велосипед пайдаланушыларына арналған үш түрлі бағыт пайда болады. Ол туралы «Астана бас жоспар» ҒЗИ ресми мәлім етті.

Тұжырымдамаға сәйкес, Астана қаласындағы велосипед маршруттарының жалпы ұзындығы 1717 шақырымды құрайды. Оның 1362 шақырымы утилитарлы, яғни, күнделікті-іскерлік бір жерден келесі нүктеге жетуге бағытталған. 233 шақырымы рекреациялық, яғни, саябақтар мен өзен жағасындағы басқа да ландшафты аймақтарда велосипед бағыттары, одан бөлек 32,6 шақырымы туристік және 19,4 шақырым уақытша бағдарлар болмақ.Алдағы уақытта Астанада пайда болатын веломаршруттар қызғылт сары түспен боялып, айшықталатын болады.

Айгүл Уайсова




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button