Басты ақпаратҚұқық

Учаскелік инспектордың бір күні



Қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алғы шепте тұратын тыныштық күзетшісі – учаскелік полиция инспекторы. Жұмысы сырттай салмақты, жайбарақат көрінгенімен, түрлі шытырманға толы болады екен. 23 маусым – Қазақстан Республикасының полиция күні қарсаңында құқық қорғау қызметкерінің жұмысымен танысу барысында оған көзіміз жетті. Біз елорданың Алматы ауданы полиция басқармасына қарасты №8 учаскелік полиция пунктіне бардық. Қаланың сол жағалауында орналасқан нысанда бізді учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Қайыржан НАЗАРБЕКОВ қарсы алды.

Күндізгі ауысымда істейтін қызметкер таңмен таласа оянып, жұмысын сағат 7:30-да бастады. Кезекшілікке түскен ол саптық жиынға қатысты. Жиын барысында полицейлер түгенделіп, олардың қызмет куәлігі, планшеті тексерілді. Одан кейін тапсырмалар беріліп, жоғалып кеткен адамдар, іздеуде жүрген қылмыскерлер жайлы бағдарлар, қала, аудан аумағында өткізіліп жатқан жедел алдын алу шаралары туралы айтылды. Міндетті бөліністері айқындалған соң, учаскелік инспектор дереу жұмысына кірісіп кетті.

Сол күнгі жұмыс тірек пункті бойынша түскен арыз-шағымдармен жұмыс істеуден басталды. Полицей қызмет барысында қорғау нұсқамасы, табельдік қару және рация секілді қажетті жабдықтарын бірге алып жүрді. Атқарылуы тиіс жұмыстарды бағдарлап жатқан сәтте рация арқылы «102» орталығынан учаскелік аймақ бойынша тапсырма түсті. Сағат 10:30-да А.Байтұрсынов көшесі, 5 мекенжайында ішімдік ішкен екі ер адамның арасында жанжал туындаған екен. Бірі екіншісін пышақпен тіліп те жіберген. Ал орталыққа қоңырау шалған А.Сәрсенбаев есімді азамат – сол екі ер адамның бірі. Бөлімшеге келген ол түсініктеме беру барысында мекемеде шу шығарып, тіпті полиция қызметкерлеріне дауыс көтергенін көргенімізде, таңырқағанымыз рас. Ал Қайыр­жан Назарбеков үшін бұл 24/7 қайталанатын қалыпты жағдай. Ол байыппен ер адамға жағдайды түсіндіріп, тәртіпке шақырды. Оны алкоголь не психотропты зат қабылдағанын анықтау үшін қалалық наркология диспансеріне алып келіп, мамандардың медициналық тексерісінен өткізді. Тексерістен өткен соң, түсіндіру жұмысын жүргізді.

«Шақырту әртүрлі болады. Бір күнде оның саны 10-15-ке жетсе, кейде тіпті де болмайды. Алайда айту керек, оның ішінде отбасы жанжалы жиі кездеседі. Осы тұста біз отбасы мүшелеріне қорғау нұсқамаларын береміз. Қызмет барысында есте қалған жайттың бірі осы отбасындағы мәселеге қатысты болды. Аумақтағы әлдебір тұрғын тарапынан отбасы жанжалына байланысты қоңырау түсті. Оқиға орнына жеттік. Ажырасқан ерлі-зайыпты арасында кикілжің туған. Әйеліне, балаларына ешқандай көмек көрсетпейтін ер адам ештеңе болмағандай түн ортасында келіп, жанжал шығарды. Ол жанұяның сол кісінің кесірінен берекесі кеткенін байқау қиын емес еді. Шын айтайын, мұндайды алғаш көргенде қатты таңғалдым. Бірақ осындай жанжалдар қайталана берген соң, ол үйреншікті жағдайға айналып кетті» деді полиция лейтенанты.

Түнгі сағат 22:00-де қарбаласы мол учаскелік инспектордың жұмыс күні аяқталды. Сырттай қарағанда еш алаңсыз қызмет болып көрінгенімен, айтқандай жауапкершілігі орасан жұмыс­тың бірі.

Ішкі істер органдарында ­Қайыржан Назарбеков 2018 жылдан бастап қызмет етеді. Учаскелік инспектор қызметіне жұмысқа орналасуына бірден-бір себепкер болған – балалары. Ол – үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған үлгілі әке.

– Учаскелік полиция инспекторларының жұмысы өзінің әкімшілік аумағындағы халықпен тығыз байланысты қажет етеді. Күнделікті қызмет қауырт. Инс­пектор болу үшін ең әуелі шыдам қажет. Одан кейін әртүрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алу керек. Әрине, жұмыстың қызығы да, қиыншылығы да қатар жүреді. Халыққа қол ұшын созып, сауапты іс жасап, балаларыма үлгі болғым келеді, – дейді ол.

Алматы ауданына қарасты №8 учаскелік полиция пунктінде 8 қызметкер жұмыс істейді. «Highvill» тұрғын үй кешенінің іргесінде орналасқан пункт қызметкері бұл жердің тұрғындары тәртіп сақтайтынын айтты. Әрине, мұнда да қоғамдық тәртіпті қатаң сақтап, қай істе болмасын қырағылық танытатын учаскелік полиция инспекторларының үлесі бар.

– Көпқабатты үйде қанша пәтер болса, әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын өз тағдыры бар. Негізінен, жағдайлар тұрғын үй аумағындағы қонақ үй, мейрамханаларда, одан бөлек, пәтерді жалға алып тұрушылар тарапынан туады. Бөлімшеге тұрғын үйдің күзетшілері келіп, көлігін дұрыс қоймаған жүргізушілерге ескертуін сұрайды. Біз көліктің нөмірі арқылы тұрғындарға хабарласып айтамыз. Учаскелік полицей қатал болатын тұста қаталдық танытып, қажет кезінде кешірімшіл де бола алуы қажет деп есептеймін. Сондықтан да бөлімшеме қарайтын тұрғынның барлығымен жылы сөйлесіп, барынша сырлас, дос болуға тырысамын. Біз ең бірінші адамбыз, содан кейін ғана маманбыз, – деді Қ.Назарбеков.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың пәрменімен өткен жылы полиция қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшті. Мұндағы негізгі мақсат – «жұртқа жақын тәртіп сақшысы» түсінігін қалыптастыру. Жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бастама бүгін өз нәтижесін беріп келеді.

«Сервистік полицияға көшудің ерекшелігі өте көп. Оны біз учаскелік полиция инспекторы ретінде күнде байқап жүрміз. Алдымызға талап қойылған соң, мемлекеттік биліктің өкілі ретінде оны орындаймыз. Жалпы полиция қызметі қоғамдық бірлестіктермен, оның ішінде пәтер иелерінің кооперативі, денсаулық сақтау ұйымдары, мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста, бірлесе жұмыс істейді» деді учаскелiк полиция инспекторы Қайыржан Назарбеков.

Жаңа тәсіл негізінде кез келген учаскелік полицей тұрғындардың әлеуметтік желідегі ортақ чатына қосылуға міндетті. Бұл олардың халықпен тығыз байланысына, уақытылы қолжетімділігіне мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Астанада 500-ге жуық учаскелік полицей бар. Әрқайсысы шамамен 2500 тұрғыны бар аумаққа жауапты.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button