Елорда тынысы

Жәрмеңкеде жұмыс көп



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға 70 шақты мекеме қатысып, 2 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды.

«Бұл – биыл өткізілген алтыншы іс-шара. Жыл соңына дейін онға жуық жәрмеңке өткізілмек. Алдыңғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 200 жас жұмыспен қамтылса, осы жолы мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды. Университет алаңында мемлекеттік мекемелерден бастап, жеке кәсіпкерлік өкілдеріне дейін қатысып, осылайша жұмыссыз жастар бір уақытта бірнеше мекемеге өз түйіндемесін бере алды» деді «Астана жастары» КММ-нің маманы Әсел Болатқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңертең басталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі түскі уақытқа дейін созылды. Айта кетейік, аталған ауқымды іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурс­тық орталығы, қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырды. Жәрмеңкеге AirAstana, «SOS Астана Балалар ауылы», «Риксос Бурабай» қонақ үйі, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «BI Group» холдингі, «KazAeroSpace»  және т.б. ірі ұйымдар мен компаниялар қатысты.

– Аталған жәрмеңкеде жұмыс іздеу­ші жастармен қоса жоғары курстың студенттері іс-тәжірибеден өту үшін мекемелермен келісім жасады. Осы білім ордасынан жылда 5 мың түлек бітіріп шығады. Сол студенттеріміз мамандығына сай жұмыс табуы үшін университетіміздің алаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің өтуі – үлкен көмек. Университетімізде мұндай іс-шара жыл сайын екі мәрте өткізіліп тұрады. Түйіндемелерін әкеледі, жұмыс берушілермен сұхбаттасады. Әр жәрмеңкеде жұмыс іздеуші жастардың шамамен 20-30 пайызы мамандықтарына сай жұмыс тауып жатады, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің карьера және бизнес әріптестік бөлімі басшысы Гүлнұр Смағұлова.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button