Елорда тынысы

Жайлы да тартымды шаһар



Елорданы қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар «Астана – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүргізілді. Қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін бос уақытын тиімді әрі денсаулығына пайдалы өткізуге жаңа тартымды орындар ашылды.

Соңғы жылдары елордада 900-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Оның ішінде көпір асты кеңістіктер, «Театр» бульвары («Жастар» сарайынан Музыкалық жас көрер­мен театрына дейін), «Demalys promenade», құтқарушылардың, мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған гүлзарлар, көше спорты колизейі бар.

Сонымен қатар «Бейбітшілік және келісім сарайы» аумағында амфитеатр, қаланың оң жағалауында тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, «Встреча» сауда үйі жанындағы қоғамдық кеңістік, «Бейбітшілік және келісім» саябағы, қалалық алаң, желекжолдар салынды.

Абаттандыру кезінде елді мекендерге ерекше назар аударылады. Елді мекендердің өзінде 300-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, Көктал аумағында 16 гектарды алып жатқан саябақ көпшілікке ұсынылды.

Қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында әркім өз қалауы бойынша серуендей алады. Қала тұрғындарына баскетбол, футбол алаңдары, workout-аймақтар, әткеншектерде демалып, шығармашылық талантын паш етуге арналған сахналарда өзгелердің өнерлерін тамашалау мүмкіндік беріледі.

2023 жылы «Үркер», «Телман» елді мекендеріндегі, Ш.Айтматов көшесіндегі, Ж.Тәшенов және Т.Хусейн көшелерінің қиылысындағы, Абай даңғылында гүлзарларды абаттандыру жоспарланып отыр. Сол сияқты Күйші Дина көшесінен Мұстафин көшесіне дейін, Жүргенов көшесі, 28/1, Қошқарбаев көшесі, 45, Қордай және Тайқазан көшелерінің қиылысында, К.Әзірбаев көшесі, 10-14 және т.б. Абылайхан даңғылының бойында саябақтар болады. Кіші Талдыкөлде экопарк салынады. Экопарк жобасы аумақты абаттандыруды, су балансын сақтай және толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құруды көздейді.

Бас қаладағы күрмеуі қиын өзекті мәселенің бірі – көп жылдан бері құрылысы тұралап қалған тұрғын үйлер. Соңғы уақытта үйлі болуды армандап жүрген үлескерлердің үміті ақталып, түйткілдің түйіні тарқап келе жатыр. Биылдың өзінде астаналық үлескер отбасылардың 90%-ға жуығының мәселесі шешілді.

Жыл соңына қарай үлескерлер саны шамамен 16 мыңнан 2 мың отбасыға дейін қысқарады. Мәселен, 2019 жылдың жазында құрылысы ұзаққа созылған 150 көппәтерлі тұрғын үй болса, бүгінге дейін олардың 120-ның мәселесі шешілді. Құрылысы ұзаққа созылған қалған 30 үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Онда 2 мыңға жуық отбасы баспанасын күтіп жүр.

Құрылысы тұралап қалған тұрғын үй мәселесін шешу – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Мұндай үйлердің бірінде әдетте тек шұңқыры ғана қазылған, енді бірінде қаржылық аудит, жобалық-сметалық секілді құжаттамасы жоқ еді, сол сияқты бір пәтерді екі-үш отбасыға сатқан жайттар да болды, тағы бірінде қаңқасы тұрғызылған үй апатты күйде болды.

Мысалы, «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2004 жылы басталды. Алайда үйді техникалық тексеру барысында ғимараттың апатты жағдайда екені белгілі болды. Бұрынғы құрылыс салушы техникалық нормаларға сай келмейтін бетон маркасын қолданып, плиталар арасында сәйкестік болмады. Құрылысшылардың айтуынша, бұл үй пайдалануға берілгенде ұзаққа бармай қирап, тұрғындар үйіндінің астында қалар еді. Осыдан кейін оның блоктары бұзылып, орнына жаңа тұрғын үй кешені салынды, нәтижесінде тұрғындар көптен күткен баспанасына ие болды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button