Денсаулық

ЖАЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰЖАТ БЕРГЕНДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ



Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы ҚР Ішкі істер министрінің атына еңбекке жарамсыздық парақтары мен жұмысқа уақытша жарамсыздық анықтамаларын заңсыз дайындауға, сатуға және сатып алуға, сонымен қатар, аталмыш медициналық құжаттарды заңсыз пайдалануға қатысты ҚР Қылмыстық кодексіне қосымша бап енгізу туралы хат жолдаған. Бұл туралы кеше өткен Астана қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссия отырысында аталмыш басқарма басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл ұсыныс Бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралып, медициналық құжаттарға қатысты заң бұзушылыққа Қылмыстық кодекстің 383-бабына сәйкес жаза тағайындалатындықтан, қосымша бап енгізу артық деп саналды.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы міндетті медициналық тексеруден өтудің алгоритмін әзірлеп, бекітті. Оған сәйкес медициналық ұйымдарда жеке құрылымдық бөлімшелер құрылды. Бұл қадамға басқарма халыққа ыңғайлы жағдайлар тудыру және адамдарды тексеруден жылдам
өткізу үшін барды. Қорытындысында тексерудің мерзімі едәуір қысқарды. Қалада мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар медициналық тексеру өткізетінін айта кету керек.
Бұған қоса, 086.kz порталы жасалды. Бұл порталға басқармаға қарасты барлық медициналық ұйымдар медициналық анықтаманы алған адамдардың аты-жөндерін енгізеді. Бұл портал тіркеуі бар медициналық ұйымдарға ғана қолжетімді. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында жекеменшік медициналық ұйымдардың қатысуымен порталды жетілдіру бойынша жиын өткізу жоспарланды.
Банкноттық фабрикаларда жасалатын құжат парақтары медициналық ұйымдарға берілгенде парақтың нөмірі сәйкес жөнелтпе құжатта көрсетіледі. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының пікірінше, Ішкі істер департаменті органдары бұл мәселені бақылауға алуы керек. Себебі бұл құжатты банкнотты фабрикалардан басқа жерден алу мүмкін емес.
«Сондай-ақ, мөр жасайтын ұйым­дарды бақылауға алу керек. ІІД органдары жалған еңбекке жарамсыз­дық парақтарын беру фактілері бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп, кінәлілерді жазаға тарту қажет» дейді Камалжан Надыров.
Жалпы, бір ғана №7 қалалық емхана ұсынған мәлімет бойынша 2015 жылы – 95, 2016 жылы – 88 және биылғы жылдың 9 айында 32 жалған еңбекке жарамсыздық парақтары берілген.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button