Әлеумет

Жан сарайы жап-жарық



Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздік және Халықаралық мүгедектер күніне орай «SEZIN» атты республикалық қайырымдылық жоба аясында «Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесі мен концерті өтті.

Аталған іс-шараның өтуіне ­«Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қоры ұйытқы болды. Іс-шараның мақсаты – картиналарды көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінуге үндеу. Сол арқылы әр адамды өз жан дүниесіне үңілуге шақыру.

Көрме қонақтары көзге маска киіп, атақты суретші Лейла Махатқызының картиналарын аудиодискрипция, яғни дыбыс­ты суреттеу арқылы тыңдап, мазмұнын ұғынды. Содан кейін өз ой-қиялында мүсінделген картинаның әдемі бейнесін көзбен көрді. Сондай-ақ келушілер көздері таңулы күйде сурет салып, естелікке қалдырды.

Көрмеден соң қараңғы сахнада концерт өтті. Бұл концерттің мақсаты – ерекше жандармен тең қоғам құрып, олардың өмірін көрерменге бір сәтке болса да сезіндіру. Қараңғыда ән тыңдау арқылы әлемді көзбен емес, жүрекпен сезініп, өмірге жаңа көзқараспен қарауға түрткі болу.

Кеште «Мирас-А» қайырымдылық қорының президенті, актер Серік Жүзбай Ахмет Байтұрсынұлының образын сомдап, өзінің «Шүкір дейікші» деген өлеңімен концерт шымылдығын ашты. Әр облыстан жиналған көру мүмкіндігі шектеулі зағип әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Жанар Әділбекова және өзге де жас әншілер қатысып, концерт кешіне көрік қосты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса өлеңін оқыды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button