Мәдениет

ЖАНДАРБЕК ТОП ЖАРДЫ



Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы және халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай «Рух жаңғырығы» атты халықаралық ақындар айтысы дүбірлеп өтті. Оған әр өңірдің үкілеп қосқан жас жүйріктері жиналып, сөзді қадір тұтар қауымның делебесін қоздырды.

Айтысқа бас-аяғы 16 ақын қатысты. Көбі – есімдері жұртшылыққа онша таныла қоймаған жастар. Олардың арасында азуын айға білеген Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан секілді атадан қалған асыл өнерді биікке көтеріп жүрген дүлдүлдер де болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Алматыда өткен халықара­лық айтыста ақ боз ат мінген Жадыра Құтжановамен финалда кездесіп, торғайлық ақын «бір шелек су көтерер қауқары жоқ» деп қағытатын Моңғолия­дан келген Қабдіжәлел Сахария ағамыз да жас перілермен сөз қағыстырды.

Бір сөзбен айтқанда, алты сағатқа созылған айтыс кө­рер­меннің көңілінен шықты. Кейбір жас ақындардың тәжірибесіздігі де байқалды. Әбден жауыр болған тақырыптарды шиырлап жүріп алды. Әсіресе, Сырым мен Айнұрдың айтысы елді әдемі әзілге бөлеп, езуін жиғызбады. Жандарбектің ақ жаңбыр­дай төгіп-төгіп жіберген жыр шумақтары жұртшылықтың рухын қайрады. Жас ақын Әсет Дүйсебайдың да суырып салма өнеріне көпшілік тәнті болды. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрі ақындардың назарынан тыс қалған жоқ.

Сонымен, елордада дүбірлеп өткен халықаралық айтыста жас талант Жандарбек Бұлғақовтың айы оңынан туып, бас жүлдеге ие болды. Оған шетелдік автокөлік табыс етілді. Бірінші орынды Сырым Әуезхан жеңіп алды. Екінші орынды алғырлығымен тамаша өнер көрсеткен Әсет Дүйсебай қанжығасына байлады. Үшінші орын Айнұр Тұрсынбаеваға бұйыр­ды. Сонымен қатар, Арзыгүл Қайымбекқызы, Мұхамеджан Мансұров, Фархат Маратұлы, Талғат Мықи секілді ақындарға ынталандыру сыйлығы табысталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button