Басты ақпаратБілім

ЖАҢА АЛТЫ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ



Елордада мектептер тығыздығы мәселесін шешу мақсатында әрқайсысы 2 мың орындық алты жалпы білім беру мектебі пайдалануға беріледі. Бұл жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қалалық Құрылыс басқармасы жүзеге асырып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Амангелді Саттаров жұмыстың барысымен таныс­тырды. Сессияға қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.

Қазіргі кезде астана мектептерінде 29 мыңнан астам оқушы орындарының тапшылығы анықталып отыр. Төрт мектеп үш ауысыммен оқытуға мәжбүр. Он төрт мектепте оқушылар саны шамадан тыс көп. Осы жылдың сәуір айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында төрт мектеп бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды. Тиісті жобада алты мектепті салып, пайдалануға беру қарас­тырылғандықтан, 29 маусымда мемлекеттік сараптаманың оң шешімі алынды, – деді А. Саттаров.

Оның айтуынша, бір жаңа мектеп Есіл ауданындағы Е51, Е69 және Е70 көшелерінің қиылысында салынады. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Екі кезеңдік конкурс өткізіліп, Вinom education ЖШС оның жеңімпазы болып танылды. Осы көшелердің айналасында бірде-бір мемлекеттік мектеп жоқ екен. Сол себептен оқушы орындарына тапшылық туындады. Ал 1 шақырым радиусында мектеп жасындағы 3082 бала бар.

Осы көшелер айналасында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқандықтан, ауданның тұрғындар саны 2900-ден астам балаға артады деп болжанып отыр. Ал оған ең жақын орналасқан мектеп оқушыларды үш ауысыммен оқытып жатыр. №71 мектеп-лицей және №78 мектеп-гимназияда оқушылар саны тиісті шамадан асып кеткен. Оның үстіне бұл орта білім беру орындары аталған ауданнан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында айқындалған мақсаттарға сәйкес жаңа мектеп 2022 жылы пайдалануға беріліп, екі ауысымда 4 мың оқушыны оқытады, – деді А. Саттаров.

Жалпы алғанда «Байтұрсынов», «Жағалау», Nova City және Сapital Park тұрғын үй кешендері маңайындағы 2 мың орындық жаңа мектептер осы жылдың аяғына дейін салынады. Ал Zam-Zam және De Luxe тұрғын үй кешендері айналасындағы жаңа орта білім беру нысандары 2022-2023 оқу жылының басына қарай пайдалануға беріледі. Олар да 2 мың орынға шақталған.
Қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев депутаттар жаңа мектептер салынатын орындарға барып, жобаларымен танысқандарын, нәтижесінде көңілдері толғанын жеткізді.
Сессияда қаралған екінші мәселе қаладағы су айдындарына қатысты болды. Бұл бойынша қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев баяндама жасады.

Елордада шомылуға болмайтын 21 учаске бар. Бұл су айдындарында шомылған қауіпті. Соңғы бес жылда сол учаскелерде 52 адам суға кетті. Оның 12-сі – бала. Осы жылдың басынан 8 адам, соның ішінде 4 бала батып кетті. Қауіпті учаскелерде шомылуды болдырмау үшін Нұр-Сұлтан қаласында суды пайдаланудың ортақ қағидаларына өзгерістер енгізілді. Соны бекітуді сұраймын, – деді Қ. Базарбаев. Мәслихат депутаты Батыр Котырев бірқатар ұсыныстарды айтқан соң, тиісті қағидалар бекітілді.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button