Ел тынысы

Жаңа автобус бағдарлары



Астана әкімдігі соңғы рет 2019 жылы жаңа автобустар сатып алған. Биыл қалалық мәслихат осы олқылықтың орнын толтырып, 400 автобус сатып алу туралы шешім қабылдаған. Соның ішінде 55 автобус сатып алынған. Бұл туралы Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов мәлім етті. Ол қалада жаңадан 6 автобус бағдары ашылатынын жеткізді. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында автобус жетіспеушілігі, жаңа бағдарлар ашу, автобус жүргізушілерінің тапшылығы, билетсіз жүретін жолаушылар, ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғамдық көлікте жүріп-тұруы және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды.

«Қозғалыс аралығын сақтамау, қызметкерлердің жағымсыз мінез-құлқы, сондай-ақ бағыттық желіні өзгерту бойынша ұсыныстар – қала тұрғындарының iKomek қызметіне қоғамдық көлік жұмысына шағымдарының негізгі тізбегі осындай. Айтпақшы, ай сайын қызмет нөмірлеріне 3 мыңға жуық қоңырау түседі. Сонымен қатар, бүгінде елордада жүргізушілердің тапшылығы күрт байқалады. Автобуста билетсіз жүретін жолаушылардың мәселесі тағы бар, соңғы аялдамаларда жүргізушілер үшін қажетті инфрақұрылым жоқ. Мәселен, жыл сайын қоғамдық көлікте билетсіз жүргендердің іс-қимылынан келетін шығынның көлемі 2,8 млрд теңгені құрайды. Кадр тапшылығы – 1000 маман. Осындай мәселелер қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында ашық айтылды» деп жазды Е.Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, қалалық әкімдік соңғы рет 2019 жылы жаңа автобустарды сатып алған. «Биыл Астана мәслихатының қолдауымен 400 бірлік автобус сатып алу туралы шешім қабылданды, оның 55-і жеткізілді.  6 жаңа автобус бағдарын ашу мәселесі қарастырылуда. Осыған байланысты халықаралық тәжірибені ескере отырып, айналма маршруттарды енгізуді қарастыруды, аялдамалардың соңғы пункттерін ретке келтіруді қарадық. Бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттардың пікірін ескере отырып, елорда аудандарына маршруттарға жаңа автобустардың бөлінуіне талдау дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ қалада ерекше қажеттілігі бар жандарға қолайлы жағдай туғызу мәселесіне ерекше назар аудару тапсырылды. Сессия қорытындысы бойынша қоғамдық көлік жұмысындағы ескертулерді, шағымдар мен кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуге тапсырма жүктелді. Жыл соңында жауапты азаматтар атқарылған жұмыстар туралы есеп беруі керек» деп сөзін түйіндеді қалалық мәслихат төрағасы.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button