Мәслихат

Жаңа аудан Сарайшық атала ма?

 Кеше Астана қаласы мәслихатында елордада құрылатын жаңа ауданға атау беру мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар өтті. Жиында алғашқы болып баяндама жасаған қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп оған қалалық ономастика комиссиясының шешімімен Сарайшық атауы ұсынылғанын жеткізді.

Баяндамашының айтуынша, елордада алтыншы аудан құру туралы бастама саяси қолдау тапқаннан кейін тарихшы ғалымдар, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері жиналып, жаңа аудан атауы талқыланды. Көптеген атау ұсынылып, әр атаудың тарихи-идеялық, мазмұндық жағынан қаншалықты қисынды екені ортаға салынды. Нәтижесінде 15-ке жуық ұсыныстан 4 нұсқа таңдап алынды. Бұл – Сарайшық, Тұран, Сауран және Жерұйық деген атаулар.

– Жаңа ауданның шекарасы ресми бекітілгеннен кейін қалалық ономастика комиссиясының отырысын өткіздік. Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Сарайшық деген атауға тоқтадық. Сарайшық кезінде Алтын Орданың, кейіннен Қазақ хандығының астанасы атанып, Ұлы Жібек жолы бойындағы негізгі керуеннің өтетін жолдарының бірі болған. Алтын Орда мен Хорезм, Қытай, Еуропа елдерін жалғаған. Сауда ғана емес, саяси, мәдени орталықтың бірі болған, – деді Сәкен Есіркеп.

Ол биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлық Ұлыстың 800 жылдығын атап отырғанымызды айтып, Сарайшық Ұлық Ұлыстың негізгі орталықтарының бірі болғанын атап өтті.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Сарайшық атауын қолдап, көне қаланың қазақ тарихында алатын орнына тоқталды. Соның ішінде бұл атаудың ұлтты ұйыс­тырудағы мәнін жеткізді.

Қоғам қайраткері, Астана қаласы ономастика комиссиясының мүшесі Дархан Мыңбай да Сарайшық атауын қолдап, өз уәждерін айтты.

– Географиялық жағынан да, геосаяси жағынан да Сарайшық атауының орны бар. Соны қолдауға тиістіміз. Сарай сөзінің өзі біздің халықтың ұғымында өте үлкен мағынаны білдіреді. Мәселен, Еділ патшаның Керке деген әйелі болған. Соған Керке сарайы деген үлкен қала салдырған. Ал ұсынылған төрт атауға қатысты қалалық ономастика комиссиясы өте терең жұмыс істеген, әртүрлі топтардың арасында сұрау салған. Сарайшыққа тоқтаған себебіміз, жақында Түркістанның арғы жағында Сауран деген аудан құрылды, оны қайталаудың ешқандай мәнісі жоқ. Кезінде үлкен мемлекеттердің басын қосқан Тұран атауын ауданға әкеліп қойсақ, ойыншық жасағандай боламыз. Оның да қисыны келмейді. Асан бабамыз аңыз қылған Жерұйық деп қойсақ, жұрт «жерұйықты тапқан екен» деп күлуі мүмкін. Ал Сарайшық атауы Астананың мәнін де, маңызын да арттырады, – деді Дархан Мыңбай.

Қалалық мәслихат депутаттары Ғабит Тәжімұратов, Нұрлан Өтешев, Бекзат Жолжақсынов, Ерлан Дәкенов Сарайшық атауын қолдайтындарын жеткізді. Отырысты жүргізіп, түйіндеген қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов ұсынылған атау алда әлі елорда мәслихатының сессиясында қаралатынын атап өтті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button