ЖаңалықтарМәдениет

ЖАҢА ҒИМАРАТТАҒЫ МАУСЫМ



А1

Астана Жастар театрының жаңа маусымы жаңа ғимаратта ашылды. Бұл маусымның шымылдығы Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен түрілді.

Қойылым алдында өткізілген баспасөз мәслихатында театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай «биылғы маусым ғимараттың жөндеу жұмыстарына байланысты кештеу ашылып отыр. Негізі, көрерменмен қараша айында қауышамыз деп жоспарлаған едік. К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының бұрынғы ғимараты бізге наурыз айында берілді. Бұл – біздің 9 жылдан бері армандап келген жеке отауымыз. Ғимарат біздің қазірге дейін талмай еткен еңбегіміз үшін берілді деп ойлаймын. Осы орайда, Астана қаласы әкімдігіне зор алғысымды білдіргім келеді» деді.
Театр маусымының «Асауға тұсаумен» ашылуында өзіндік мән бар екен. Ұжым осы қойылыммен көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Мәселен, бұл комедия Қызылорда қаласында өткен Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған республикалық драма театр­лар фестивалінде «Ең үздік спектакль» атанды. Сондай-ақ, Татарстанда өткен өнер додасында «Асауға тұсау» ресейлік сыншылардың жоғары бағасына ие болған.
Жастар театрының репертуарындағы «Тырау-тырау, тырналар…» (Сәкен Жүнісов) драмасы таяуда Өскеменде ұйымдастырылған Қазақстан драма театрларының XXIIІ республикалық фестивалінде «Жоғары деңгейлі шығар­машылық үйлесім» аталымында жеңім­паз атанды. Жалпы, өнер ұжымы құрыл­ғалы бері бірнеше халықаралық және рес­публикалық фестивальдерде жеті мәрте бас жүлдеге ие болған екен. Алғашында тек
12 әртістен құралған театрдағы қыз­мет­керлер саны қазір 43-ке жеткен.
Алдағы уақытта жас әртістер көрерменге Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» және Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармаларының желісімен жаңа қойылымдар ұсынбақшы. Ал, 15 желтоқсанда «Іздеп таптым сені» (Туфан Миңнуллин) спектаклін қояды. Сондай-ақ, қазір ұжымның «Қыз Жібек» операсындағы Е. Брусиловскийдің композициясын қолдана отырып, жаңа мюзикл дайындап жатқаны белгілі болды. Ол шығарма кейіпкерлері көрерменмен келер жылы қауышады.

Роза ӘРЕН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button