Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

ЖАҢА КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ



ERA_0904

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен өткен көшпелі кеңес барысында көлік құралының жаңа жүйесі таныстырылды.

Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша және «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» жобасының аясында 2014 жылдың 4 мамырынан бастап бас қалада Көлік мамандарының біліктілігі орталығы жұмыс істей бастаған еді. Астана басшысы осы орталықта болып, оқу сыныптарын аралады. Жаңа технологиялармен және жабдықтармен жарақтандырылған орталықта 4 оқу, 2 компьютерлік және арнаулы технологиялық кабинет бар.

Білікті жүргізушілерді даярлау мақсатында алдағы уақытта қазіргі заман талабына сай екі мультимедиялық автобус тренажері, жолақыны электронды жүйеде төлеуге арналған демо-құрылғы, BRT диспетчерлендіруге қажетті құрылғылар сатып алынбақшы.

23 адамнан құралған орталық әкімшілігіндегілердің он үші – оқытушы. Еуропалық тәжірибелерге сүйене отырып, қазіргі кезде олар қалалық жолаушылар көлігінің жүргізушілеріне, кондукторлар мен бақылау-ревизия қызметі мамандарына, сондай-ақ такси жүргізушілеріне сабақтар өткізіп жатыр.

Орталықта инженерлік-техникалық мамандар, жөндеу цехының жұмысшылары, BRT жаңа көлік жүйесінің қызметкерлері және қаланың көлік секторының басқа да мамандары оқиды. Ай сайын орталық арқылы 180-200 адам білім алса, жыл соңына дейін 1500-ден астам адамды оқыту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда мұнда 455 автобус жүргізушісі мен 254 кондуктор білімдерін жетілдіруде.

«Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» (ВRT, ITS) жобасы келер жылы іске қосылады. Жобаның басты артықшылықтарының бірі – қоғамдық көлік қызметін пайдаланғаны үшін жолаушы жолақыны аялдамалар саны негізінде төлейді. Осыған орай, енді жолаушылар түрлі бағыттағы көліктерге ауысып отыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл олардың уақыты мен ақшасын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал жолаушылар ағыны қалалық бағдарлар бойынша біркелкі бөлінеді. Бұл, түптеп келгенде, жолаушыларды тасымалдау қызметінің тартымдылығы мен қолайлылығын арттырады.

Билет сату жүйесінің жұмысына тоқталсақ, бұл ретте қала мен оның тұрғындарына бірқатар артықшылықтар қарастырылған. Атап айтсақ, жолақыны төлеу контактісіз карталармен билет сату автоматтары арқылы, яғни, электронды түрде жүзеге асырылады. Алғашқы кезде жолақы билетін сатып алудың 4 түрі енгізіледі. Олар: зейнеткерлерге, мүгедектер мен мектеп оқушыларына және студенттерге берілетін жеке пластикалық карта; барлық топтағы тұрғындарға қолжетімді кәдуілгі толтырылатын пластикалық карта; контактісіз қағаз билет – негізгі тұтынушылары қала қонақтары; автобус жүргізушісінен қолма-қол ақша сатып алынатын кәдуілгі қағаз билет.

Қазіргі кезде жобаның заңды құрылымына және қаржы кестесіне байланысты дайындық жұмыстары қолға алынған көрінеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button