Басты ақпаратМәдениет

ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАР ЖАРҚЫЛЫ



Әне-міне дегенше Астанада дүбірлеп өткен 25-ші «Опералия» байқауы да аяқталды. Бекзат өнердің байрағы желбіреген додада бас жүлдені Румыния әншісі Адела Захариа мен Оңтүстік Африкадан келген Леви Секхапан жеңіп алды. Оларға ең жоғарғы сыйлықты әйгілі әнші Пласидо Доминго тапсырды.

Елорда тұрғындары мен қонақтары алты күн бойы классикалық өнердің биік шыңы саналған опера өнерінің шуағына шомылып, ғажайып әсерге бөленді. Айтулы шара бас қаламызда болған мә­дени оқиғалардың бі­регейіне айналды деп айта аламыз.

Жыл сайын «Опералияға» қатысу үшін жүздеген үміткер өті­нім береді, олардың арасынан 40 адам ғана халықаралық қазылар алдында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Астанаға әлемнің 17 мемлекетінен келген әртістер жиналды. Олардың бәрі де өз елдерінен суырылып шыққан жүйріктер.
Сонымен байқауда екінші орынды ресейлік Крис­тина Мхитарян мен италиялық Давиде Джусти қанжығаларына бөктерді. Үшінші жүлдені отандасымыз, талантты әнші Мария Мудряк пен Кореядан келген Леон Ким жеңіп алды.

Сарсуэланы үздік орындағаны үшін бес үміткер опереттаға жақын осы испан музыкалық-сахналық жанрынан бір ариядан орындады. Нәтижесінде, Пласидо Домингоның анасы Пепита Эмбил де Доминго сый­лығы – Адела Захариа­ға бұйырса, ал маэстро Домингоның әкесі, аға Пласидо Доминго сыйлығын – Марко Чапони жеңіп алды.

Рихард Вагнер мен Рихард Штраус операларынан репертуарды үздік орындағаны үшін атақты швед әншісі Биргит Нильсон атындағы қосымша жүлде мен қаржылай сыйлықты ресейлік Оксана Секерина мен чехиялық Борис Пригл иеленді. Опера ариялары мен сарсуэла шырқалғаннан кейін, барлық қатысушылар Пласидо Доминго жетекшілік еткен «Астана Опера» оркестрінің сүйемелдеуімен маэстроның ұлы, кіші Пласидо Доминго жазған

«Опералияның» ресми әнұранын орындады.Дүбірлі додада көрер­мендер де сүйікті әншілеріне дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Көрермен көзайымы жүлдесі Мария Мудряк пен Леон Кимге берілді. Сонымен қатар, байқау­ға қатысқан бар­лық өнерпаздарға ынталандыру сыйлығы берілді.«Опералия» байқауы болмағанда көптеген әншілерді білмеген болар едік. Біздің бас­ты міндетіміз – жаңа әртістерді анықтап, олардың есімдерін әлемге таныту» дейді маэстро Доминго.

«Опералияның» құрметті қонағы ретінде қатысқан бұлбұл дауысты әнші Бибігүл Төлегенова Пласидо Домингоның әлемдік деңгейдегі ерекше дарынды тұлға екенін айтып, «Опералия» байқауының елордамызда өткені біз үшін үлкен құрмет, орасан зор мақтаныш» деп ізгі ілтипатын білдірді.

Айта кетейік, бүгін және үшінші тамызда «Астана Опера» театрында Пласидо Доминго мен опера жұлдыздары Дж.Вердидің «Травиата» операсында өнер көрсетеді.

Азамат
Есенжол




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button