Басты ақпаратРуханият

Жанғали Жүзбай: Бұл мерекеде ұлттық сипат болуы міндетті

2018 жылы елімізде шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні мерекесі болып бекітілді. Биыл төл аспабымызды ұлықтау күні 2 шілдеге дөп түсіп тұр. Соның қарсаңында орта мектеп оқушыларына арнап «Домбыра» оқулығын жазған шертпе күй шебері, ұстаз, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаймен әңгімелестік.     

– Жанғали аға, жақындап қалған Ұлттық домбыра күні мерекесі құтты болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мектептерде домбыра пәнін енгізу керек» деген тапсырмасынан кейін халықаралық Түркі академиясының ұсынысымен 6-7 сыныптарға арналған «Домбыра» оқулығын жаздыңыз. Оқулықтың ерекшелігі қандай? Оны жазғанда қандай бағдарламаға сүйендіңіз?

– Бұл – домбыра сабағына арналған ноталық жүйеге сүйенген методикалық мазмұндағы екі курстық оқу құралы. Балалардың ұғымына сай келетіндей домбыра тарихы, күй аңыздары, ән ноталары, олардың мәтіндері, домбыра игеруге ыңғайлы жаттығулар мен машықтар, бастапқы теориялық біліктер жазылды. Балдырғандардың мейлінше жеңіл қабылдауы үшін кітап тілі де сарапшылар тарапынан бірнеше қайтара қадағаланған еді. Қылқалам шебері Марат Иманбергеннің көмегімен заманауи смайликтерді де қолдандық.

Оқулық негізінен, жалпы білім беретін мектептердегі жаңарған бағдарлама стандартына сай ыңғайланды. Әр тоқсанға лайық сұрақтары, логикалық тапсырмалары да жасалды. Мұны жоба жетекшісі, Түркі академиясының сол кездегі президенті Дархан Қуандықұлының өзі қадағалаған еді.

– Оқулыққа сәйкес домбыра пәні 6-7 сыныптарға оқытылады. Бұл – 13-14 жасар жасөспірімдер. Осы жаста ұлттық аспабымызды оқыту кештеу емес пе?

– Мақсатымыз – домбыра үйренудің жалпы орта білім беретін мектептердің талабына сай келетін оқулық ұсыну болды. Арнайы музыкалық мектептерде домбыраны мамандық ретінде 1-сыныптан бастап оқытады, ал жалпы білім алатын шәкірттері үшін домбыра сағаттары үйірмелік деңгейде болады. Соны ескердік. Ал 6-7 сыныптар үшін дегеніміз, шартты талап қана, оқулық бастауыш сыныптардың қажетіне де жарай береді.

– Кезінде шертпе күй шебері Мағауия Хамзин Еуропа шығармаларын домбырамен тартқанын білеміз. Сіз оқулыққа шетелдің бірнеше әнін енгізген екенсіз. Мұндай қажеттілік неге туындады?

– Шетел әндері енгені рас. Заман талабына сай болсын деген ниет еді. Оны қазіргі балаларымыздың ағылшын тілінде айтатын танымал әндерінен іріктеп алдық. Мысалы, «Жаңа жыл» әні, «Туған күнмен құттықтау» әні дегендей. Ән мәтіндері қазақ және ағылшын тілдерінде жазылды. Осы әндерді мәтінімен қоса домбыраның сүйемелдеуімен айтып шығуға болады. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың әндерін де домбыраға лайықтадық, өзбек, ұйғыр, ноғай халықтарының танымал туындылары да енді.

– Қазақтың күйшілік өнері бірнеше мектепке бөлінетіні белгілі. Оқулықта барлық мектепті қамтыдыңыз ба? Жалпы кітапта қандай күйшілердің, қай шығармалары енді?

– Аңыз күйлер, тұрмыс-салт жырлары де екшелді. Күйлерді жасөспірімнің аспапты игеру мүмкіндігіне сай «жеңілден-күрделіге» әдісімен сатылай іріктедік. Қазақтың күйшілік аймағының бәрін қамту мақсат емес еді, негізінен, оқушы құлағына жағымды әрі танымал төкпе және шертпе күйлері енгізуге тырысқан едік. Жалпы айтарым мынау, арадағы өткен үш жылда отандық авторлар домбыра сабағына арналған көптеген кітаптар, әдістемелік құралдар жазып шықты. Сондықтан біз жазған оқулық жалқы емес және ең үздігі деп айтудан аулақпыз. Алғашқы рет жазылған соң тәжірибеге енгізуге ниет еттік, қазір тиісті сараптамалық жұмыстар жүріп жатыр.

– Оқулыққа қазіргі заман күйлері, мысалы, Секен Тұрысбектің күйлері енді ме? Белгілі өнертанушы Илья Жақановтың «Енді қазақта классикалық ән тумайды» деген пікірі бар. Маман ретінде айтыңызшы, біздің заманда Секен Тұрысбектің күйлерінен басқа классикалық күйлер жазылды ма?

– Дарынды күйші-композиторымыз Секен Тұрысбектің күйлері қазақтың жүрегінен орын алған саздар ғой, осы оқулыққа автордың өзінен арнайы рұқсат сұрап, күйлерін енгізгенімізді айта аламыз. Сұрағыңа орай жауап берейін, Илья Жақанов ағамыз бір кездері «Енді қазақта классикалық ән тумайды» дегені рас. Жүректі кісі ғой, қазіргі өнердегі «ұлы дағдарысты» меңзеп, күйінгеннен айтқан шығар. Ән де, күй де үзіле қоймас деп ойлаймын. Кешегі Тұрсынғазы Рахимовтың, Мейірхан Адамбековтің, қазіргі Тұрсынжан Шапайдың, Толғанбай Сембаевтың, Ерлан Төлеутайдың әндері ғажап қой, қайткенде де халықтық сарын, асыл дәстүр үзілмейтініне сенеміз.

Күйде де сол. Жақсы күйлер бар. Секеннің «Көңіл толқыны» мен Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы» халықтың бейресми әнұранына айналып кеткелі қашан. Сол дәстүр үзілді деп айта алмаймын. Мысалы, әуежайларда, вокзал ғимараттарында классик композиторымыз Ермұрат Үсеновтің «Кербез сұлуын» жиі естиміз. Мен тұратын «Асыл мұра» тұрғын үй кешенінің лифтілерінде өңделген жаңа  күйлер орындалады. Осы күні «Тұран», «Хассақ» композициялары да халықтың тұрмысына еніп келеді. Күй шығарып жүрген жастарымыз көп, халықтық сүйіспеншілікке ие болмаса да инстаграм, тик-токта хит болып жүрген шығармаларын білем.

– Қазір домбыраның, күйшілердің насихаты қандай деңгейде деп ойлайсыз? Ұлттық домбыра күнінің атап өтілуіне көңіліңіз тола ма?

– Домбыра насихаты жалпы қоғамда төмен деп айта алмаймын. Жыл сайын талантты, дарынды жастар өсіп келеді. Қаншама кітаптар жарық көріп жатыр, күйтабақтар да бар. Ұлы күйшілеріміздің мерейтойлары, күй конкурстары да өз кезегімен өтіп жатыр. Биылғы Ұлттық домбыра күні мерекесі қарсаңында Қарағандыда профессор Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен «Күйшілер алаңы» салынды. Осы істердің сыртында «Күйшілер одағы», «Домбырашылар одағы» деген қоғамдық шығармашылық мекемелеріміз де ұлт өнері үшін белсенді түрде тер төгіп жүр. «Домбыра» арнасы жыл он екі ай қазақ даласын аралап, ел ішіндегі дарындарды таңдап, деректі фильмге тартып жүр. Қысқасы, киелі аспапқа деген қазақтың махаббаты ерен.

Ал енді атадан қонған қазақы күйшілік өнерге келетін болсақ, алдыңғы аға буын өкілдері кеткеннен соң жаһандық дүрмектің ырғағымен жүреміз деп біраз құндылықтарымыздан ажырап кеткеніміз рас. Әзидолла Есқалиев, Мағауия Хамзин, Бақыт Басығараев, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Тұяқ Шәмелов, Таласбек Әсемқұлов­тар бір дәуірді өздерімен бірге ала кеткен секілді. Кейде жан елегізеді. Қазіргі елімізге белгілі кез келген әнші, жыршы, күйші қауымның қай-қайсысы болса да бастарынан кешегі дәуреннің ауып бара жатқанын жандарымен сезіп жүрген шығар-ау. Далалық дәстүрдегі эпикалық сарынды заманауи музыкадағы менеджмент толық ығыстырған заман келді. Қазіргі талғам да басқа, тыңдау да тосырқау, халықтық музыканы цифрлық өңдеу арқылы ғана қабылдай алатын «қалқанқұлақ қауым» пайда болды.

Ойымды түйіндеп айтуға тырысайын. Мемлекет тарапынан ұлттық музыканы қамқорлыққа алатын, күні кешегі «Алтын алма», «Түркі халықтарының музыкалық өнері», «Астана-арқау», «Астанаға тарту» «Дала думан», «Қазақтың 100 әні», Қазақтың 100 күйі» секілді концерттік һәм телеарналық жобаларды қайта тірілту керек шығар, болмаса арты өкініш бола ма деп қорқам. «Замана желінің екпініне кім қарсы тұрмақ?» деп бұқаралық шоуды төрге оздыру арқылы төл мәдениетімізді мансұқтап жүргенімізді біз сезіп те жүрген жоқпыз. Біздің толқын да жас емес, біраз белестен астық, кейінгі жас өнерпаздардың жігері жасымасын дейміз, әсілі, дәстүрлі өнер үшін күрес –  бір кемі жоқ тіл үшін күреспен барабар іс.

Ал енді, Ұлттық домбыра мерекесіне қатысты бір тілегімді айтайын. Мемлекет тағайындаған мереке болған соң оның ұлттық сипаты болуы міндетті. Яғни, халықтың тұрмысына кіріп, етене салтына айналуы қажет деп санаймын. Бұл – жеке пікірім. Менің ойымша, енді бірер жылдан соң домбыра мерекесі таңды таңға жалғайтын, үлкен де кіші де қолына домбыра ұстап шығатын, арқа-жарқа, нағыз халықтық ұлыжіңгір тойға айналатын шығар. Алла сіз бен бізге сол күндердің салтанатын көруге жазсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button