Басты ақпарат

ЖАҚЫН ТУЫСТАЙ ЖАПОНИЯ



ce8bf494a91375d2443f0ae4b4df8f02

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэні Премьер-министр лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі. Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Күншығыс елі арасындағы қарым-қатынастың түп-тамыры тереңде жатыр. Екі елдің арасын жақындастыра түсетін ортақ мәселелер де баршылық. Атап айтқанда, қос мемлекет те ядролық қаруды сынақтан өткізудің қасіретін тартты. Бүгінде жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, атом энергетикасын тек бейбіт мақсатқа пайдалану – екі елдің де ортақ жобасы болып отыр.
– Еліміздің тәуелсіздігі қаланғалы байланысымыз нық орнығып, әріптестік қарым-қатынасымыз барлық сала жағынан дамып келеді. Біз әрқашан бір-бірімізді қолдап келеміз. Жаңа елорда – Астана құрылысы жапон архитекторы Кисе Курокаваның бас жоспары бойынша салынды. Осы жылдар ішінде Астана мен Токио сенімді серіктес ретінде қалыптасты. Келешекте де ынтымақтастығымыз арта беретініне сенім мол, – деді Мемлекет басшысы.
Синдзо Абэ Жапонияның премьер-министрі болған тоғыз жыл ішінде елімізге бірінші рет келіп отыр екен. Бүгінге дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен түрлі халықаралық шараларда бірнеше рет кездескенін атап өткен Синдзо Абэ екі ел арасындағы жарасымды байланыс белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Премьер-министр өзімен бірге іскер топтар өкілдерінен тұратын кең ауқымдағы делегацияны ерте келіпті. Құрамында 100-ден астам жапон компаниясының өкілі бар делегация өзара серіктестікті кеңейту мәселесінде үлкен нәтижелерге қол жеткізетіндеріне сенімді.
Жапония премьерінің Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада екі ел іскерлерінің қатысуымен бизнес форум өтті. Қос тарап саясат, экономика, авиация және ғарыш, электроника, машина жасау, жылжымайтын мүлік пен қаржы, әлеуметтік салалар төңірегінде ой-пікір алмасты.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button