Денсаулық

Жарақат бөлімі ашылды



Астанадағы Сарыарқа және Байқоңыр аудан­дарында тұратын балаларға арналған қосымша травматология пункті ашылды. Ол №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының базасында өз жұмысын бастады.

Қазіргі таңда елордалық жеткіншектерге жарақат кезінде шұғыл травматология көмегін көрсету қызметі тек №2 балалар ауруханасында жүзеге асырылып отырғаны мәлім. Қаладағы балалар санының артуына байланысты бұл жалғыз травматология пунктінің жүктемесі күрделі. Орталық жарақат алған, шұғыл көмекке зәру балаларға жедел, сапалы көмекті қамтамасыз етпек. Сонымен қатар ол жоспарлы хирургия көмегін көрсету мен кезек күту уақытын едәуір азайтады. Мәселен, былтыр травматология пунктіне 62396 бала келсе, 2023 жылғы 9 айда 73323 бала мен жасөспірім жедел көмекке жүгінген.

Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова, №2 көпбейінді балалар ауруханасының директоры Гүлнәр Кулушева қатысты.

«№2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының травматология пунктіне келіп түскендердің тек 5 пайызы ғана ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Ал қалғандарына травматология пунктінің өзінде шұғыл медициналық көмек көрсетіледі, содан кейін оларды амбулаториялық бақылау үшін үйіне жібереді. Егер ауруханаға жатқызу қажет болған жағдайда, балалар аталмыш аурухананың мамандандырылған травматология бөлімшесіне жеткізіледі» деді қалалық Қоғамдық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button