Басты ақпаратҚоғам

Жаргон неге сәнге айналды?



Қазір жасы да жасамысы да «ок», «bay», «bro» деп шетелшелеп сөйлегенді сән көреді. Ол жарайды, ал енді «жынды», «базар жоқ», «өшіп қал», «раха», «братуха», «завязывай» деген сөздер ше?! Жаргондарсыз сөйлесе, өзін кәрі сезінетіндер бар. Әңгіме барысында тұрақты тіркес қосып, теңеулермен сөйлесем, «жасанды» деп түрін тыржитатын, қазақтың әдеби тілі тілші мен филологтан өзгеге қажеті жоқ дейтіндерді де көріп қынжыламын.

Иә, қазақты таңқалдыру үшін қазақша сөйлеу керек. Ащы болса да, шындық осы. Жақында осыдан 3-4 ай бұрын үлкені де кәрісі жаппай көрген, ютубта ең көп қаралым жинаған «Сержан братан» сериалын көріп шықтым. Кейіпкерлері не түгел орысша сөйлемейді, не қазақша емес. Ек ауыз сөзінің бірі былапыт, боғауыз сөздер. Жаргоны жетіп артылады. Сериалдың соңына жетем дегенше боғауыз сөздер мен шала қазақша, жаргондарға әбден етім үйренді. Соны көрген жасөспірімдер боғауыз, жаргон сөздер сәнді деп, екі сөзінің біріне қосады. Оған дәлел, кешке жақын аулаңыздағы футбол ойнап жүрген балаларды сырттан бақылап көріңізші. Айтқан сөздерін естіп шошисыз.

Айналамдағы үлкеннен де кішкенеден де «брат», «шаймаш», «қыртпаш», «картопты жарды» деген сөздерді жиі естимін. Әлеуметтік желілерде хат-хабар алмасқанда сауатсыз жаза беретін болдық. Онымызды ұзақ әрі созбалағанды көбісі тыңдағысы келмейді деп ақтап аламыз. Қазақта «Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт» деген мақал бар. Қазақ қоғамында боқтап сөйлегенді мақтан көретін мәңгүрттер көбеймесін десек, жаргон қосып сөйлеудің белең алуын бүгіннен бастап тоқтатуымыз керек.

«Бір Болайық», QosLike, Жайдармандағы жаргон сөздер жетімнің күйін кешіп жүрген ана тілімізді жарға жығып жүр. Экранға шығып алып, әзіл арасында жаргон айтып халықты күлдіргісі келеді. «Басымды кетірмеш», «сущняк», «қыртпаш» десе айналайын, көгілдір экранның ар жағындағы отырғандардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады.

Редактура тіл тазалығына да мән берсе, мұндай олқылықтарға жол берілмес еді. Ғабиден Мұстафин атамыз: «Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады» деген, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қайдағы-жайдағы сөздерді сәнді десек, қазақ тілі кейінгі ұрпаққа жұп-жұмыр, бүтін күйінде жетпей ме деп қорқамын.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button