Қала мен СалаҚала тіршілігі

ЖӘРМЕҢКЕДЕ – АЯҚТАЛМАҒАН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ



Кеше Астана қаласы әкімдігі мен қалалық прокуратураның бірлесіп ұйымдастыруымен «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық» жобасы шеңберінде аяқталмаған құрылыс нысандарының жәрмеңкесі өтті.

Осымен үшінші рет өткізіліп отырған жәрмеңкеде 70-тен астам құрылыс компаниялары өкілдерінің назарына «Араби-2», «Үміт береке», «Көктал-2», «Аниса-2» тұрғын үй кешендері сияқты қаладағы құрылысы аяқсыз қалған 21 нысан ұсынылды.
– Жәрмеңкені өткізудегі мақсатымыз – проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды қолға алу үшін кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту. Инвесторларға жобалардың рентабельдігін көрсетіп, үлескерлерге
өздері қаржысын салған баспаналарына қол жеткізуге көмектесу, – дейді Астана қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Темірлан Әділханов. Жәрмеңкедегі ұсынылып отыр­ған 21 нысанның алды – 2006 жылы, соңы 2014-2015 жылдары салына бастаған. Үлескерлердің қаржысын жымқырып, құрылысты аяқсыз қалдырған компаниялар тексеріліп, үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың 29-ы темір торға тоғытылып, мүліктері тәркіленген.
Темірлан Әділхановтың айтуынша, рентабельді­лік жеткілікті болмаса, құрылыс жүргізуші компания қолданыстағы заң­намаға сәйкес, ТҚК мен құ­зырлы органдардың келісімімен жобаны өзгертіп, тиімді етіп қайта дайындауға құқылы екен. Өткен жолғы жәрмеңкелердің нәтижесінде 500 адамның үлесі бар 6 нысанның құрылысын аяқтау жөнінде құрылыс компаниялары мен үлескерлер арасында келісімшарт
жасалғанын айтады қала­лық прокуратураның бө­лім прокуроры.
Әкімдіктегі жиындар мен өткен жолғы жәрмеңкелердің нәтижесінде «Kaz Capital Invest» ЖШС «Байтау» тұрғын үй кешенінің құрылысын әрі қарай жандандыруды қолға алған.
– «Байтау» тұрғын үй ке­шені жақсы жерде орна­ласқан, Мәңгілік ел даң­ғы­лының бойында. Алайда нысанның техни­калық жағынан біраз кемшіліктері бар. 2 қабаттан әрі қа­рай салынбаған. 200 пәтерлі тұрғын үйдің қазір құжаттары дайындалып жатыр, – дейді «Kaz Capital Invest» ЖШС-тің жоба жетекшісі Асылхан Есенов.
Жәрмеңкеге жиналған кәсіпкерлерге әр жоба жеке таныстырылып, бос алаңдар, жер телімдері, жобалардың нобайлары көрсетіліп, техникалық жағдайлар жасалғаны туралы ақпараттар ұсынылды. Бұл тұрғыда қай нысан­ның кімге бұйыратыны алдағы уақыттың еншісінде белгілі болмақ.

Нұрдәулет Кәкішев




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button