Қала мен Сала

Жас кәсіпкерге – жеңілдетілген несие



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев өз Жолдауында шағын және орта бизнесті несиелендіруге қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Бұл жұмыс­тың Астанада қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы қалалық коммуникация­лар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ елордадағы филиалы директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Олжас Баймаханов түсіндіріп берді.

Соңғы кезде елордада жас кәсіпкерлерді қолдауға барынша жағдай жасалуда. Оның ішінде жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несиелеу тетігінің арқасында жастарға стартап ашу мүмкіндігі қолжетімді.

Елорда жастары кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие ала алады. Ол 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге беріледі.

– Шағын несиелер агронесие­лік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Бұл шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге конкурс негізінде беріледі. Жеңілдетілген несиенің шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз; несиенің максималды сомасы – 5 млн теңге (кепілдікпен). Мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығына – 7 жыл, – деді Ерлан Жүсіпов.

Өтініш берген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Сонымен қатар, микрокредит беру мерзімінің үштен бір бөлігі үшін негізгі борышты өтеу және сыйақы төлеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған. Міндетті шарт – кепілзаттың болуы. Кепіл ретінде жылжымалы да, жылжымайтын мүлік те қабылданады. Олар болмаған жағдайда, кепіл берушіні тарту көзделеді. Кепіл беруші жастардың ата-анасы, туыстары және басқа да сенімді адамдар болуы мүмкін.

Жастарға шағын несие беру туралы шешімді бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурс комиссиясы қабылдайды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, түрлі бизнес саласының, сондай-ақ оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 6 наурызында Аграрлық-несиелік корпорациясының Астана қаласы бойынша филиалында мына мекенжай бойынша қабылданады: Тұран даңғылы, 19/1, «Эдем» бизнес орталығы. Анықтама үшін телефон: 8-701-006-16-38.

Баспасөз мәслихаты барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ елордадағы филиалы директорының несиелеу жөніндегі орынбасары микрокредит алу үшін өтініш беруші бірнеше құжат тапсыруы керек екенін атап өтті.

– Өтініш беруші алдымен жеке басын растайтын куәлігі мен бизнес жоспарын тапсыруы қажет. Содан соң оның жеке шоты бар екенін растайтын банк анықтамасы болуы керек. Егер өтініш беруші азаматтың атында несиелер болған жағдайда, несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешегінің бар немесе жоқ екені туралы анықтама талап етіледі. Өтініш беруші жұмыс істейтін азамат болса, онда жалақысы мен басқа да табысын растайтын құжатты көрсетуі керек. Сондай-ақ, кепілге берілген мүлікті бағалау туралы есеп және басқа да құжаттар болуы қажет, – деді Олжас Баймаханов.

Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орын­басарының айтуынша, биыл бұл мақсатта 562 микрокредит қызметін алушыға республика бюджетінен 2,8 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, кепілге қойылған мүліктің Астана қаласының аумағында болуы міндетті емес және оны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркеуге болады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жас қазақстандықтарға жеңілдетілген шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілген болатын.

Қаржы ресурстары өз кәсібін ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын, оның ішінде тауар өндіру немесе сату, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, өндірісті жүзеге асыруға ниет білдірген 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтарға конкурс негізінде ұсынылады.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button