Ел тынысы

«Жасанды интеллект – еңбек нарығын трансформациялау»



«Astana Polytechnic» жоғары колледжінің қабырғасында «Жасанды интеллект – еңбек нарығын трансформациялау» тақырыбындағы республикалық форум өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шараға Парламент палаталарының депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.

Сөз басында Светлана Жақыпова Жоғары политехникалық колледждің ұжымы мен студенттерін  оқу орнының құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, білім ордасының басшылығына болашақ мамандарды даярлау мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етті.

ЕХӘҚМ басшысы жаңа технологиялар мен цифрландырудың еңбек нарығына әсері туралы баяндады.

«Осы жылдың қаңтарында Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша әлемдегі жұмыспен қамтудың 40%-ға жуығы жасанды интеллект ықпалына ұшырайды, оның ішінде ол экономикасы дамыған елдерде 60%, дамушы нарық елдерінде 40% және табысы төмен елдерде 26% орын алмақ. Ағымдағы жылдың ақпан айында Ernst&Young жалпы әлемде жұмыс орындарының 59%–ына жасанды зияткерліктің жоғары немесе орташа дәрежеде әсер ететінін хабарлады, дамыған елдерде бұл үлес жоғары және 67% болса, дамушы елдерде-57%. Инженерия, биомедициналық ғылымдар, компьютерлік және математика салаларына, сондай-ақ заң секторына ең көп әсер етеді деп саналады, ал ең аз ықпалы әлеуметтік секторда, білім беру саласында, қоғамдық тамақтандыру мен косметологиялық қызметтерде күтіледі», – деді Светлана Жақыпова.

Министрдің айтуынша, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында негізгі орындалатын функцияларды талдау негізінде Қазақстандағы жұмыскерлерді автоматтар мен ЖИ-мен алмастыру әлеуеті зерттелген. Қазіргі уақытта жұмыс орындарының 25% – ы автоматтандыру қаупі орташа және жоғары жұмыс орындарына жатады, ал жұмыс орындарының шамамен 12% – ы жасанды интеллектті пайдалану арқылы функцияларды орындаудың орташа және жоғары ықтималдығына ие. Осылайша, жағдайлардың белгілі бір жиынтығы кезінде шамамен 2,2 миллион жұмыс орны автоматтандырылуы мүмкін, оның бір миллионнан астамы – жасанды интеллектті кеңінен енгізу есебінен болады.

Сөз соңында Светлана Жақыпова жалпы алғанда, одан әрі инновациялар мен экономикалық өсу, ең алдымен, адами капиталдың даму деңгейіне байланысты екенін атап өтті және қазіргі заманда барлық нәрсенің жылдам өзгеріске ұшырауына байланысты студенттерге өз білімдері мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруға кеңес берді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button