Елорда тынысы

Жасөспірімдер де жұмыспен қамтылады



Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артуда. Бұл туралы елордалық коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастарды жұмыспен қамту» атты тақырыптағы брифингте айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың экологиялық шараларға қатысуына әрдайым мән беруде. Мысалы, Линейный саябағында «Жасыл Астана» акциясы аясында 30-ға жуық белсендімен ағаш отырғызу іс-шарасына Президент қатысып, жастарға өз тілегін жеткізді.

Жасөспірімдерді де жұмыспен қамтудың бір тетігі ретінде жыл сайын «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама – жастар мен балаларды экология мәдениетіне, табиғатты аялауға және еңбекке баулуға арналған игілікті бастама. 2005 жылдан бастап қолға алынған бұл жобаның биыл XIX маусымы басталды. Оған 14-тен 35 жасқа дейінгі мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады.

«Жасыл ел» сарбаздары қаламыз­дың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженері, технолог, монтаж-құрылыс жұмыстарының шебері) көмекшісі қызметін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және ­суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмысы арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтары жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмысын жүргізеді.

Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана ­көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемесі, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғары оқу орны серіктес болуға келісім берді. Былтыр, нақты айтқанда, 4208 жас жұмыспен қамтылса, биыл да 4200 жасөспірім мен жасты қамту көзделген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда мектеп оқушылары өз мектептерінің ауласын тазарту жұмысын бастап кетті. 14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулығына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады. Ал жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына орналасып, жұмыс орнынан жалақы алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жобасы аясында қосымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жұмыс уақыты – 8 сағат. Осы шілде айында 1788 жас жұмыспен қамтылады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button