Мәселе

Жастар санасы уланбасын

Олардың не көріп жүргенін кім бақылайды?



Біреуіміз тілдің жәйін айтып, біреуіміз хиджап мәселесін, «жұлдыз­дың» ажырасқан, ажыраспағанын жағымыз жыртылғанша талқылап жатқанда жастарымыз күнделікті өмірінде әлеуметтік желіні жайлаған, ішіне жын кірген сайтан-сапалақтардың әніне тербеліп, тамсануда…

Әрине, талғамға талас жоқ. Зайырлы қоғамда кім не тыңдаса да өздері біледі. Ешкімге шектеу қойылмайды. Бірақ, ағылшын я басқа шет тілінде болғасын көбі біле бермейтін болар, үш тілге жетік қыздарымның аудармасымен бірнеше клип, видеоларды ютубтан, тик-токтан қарап, ақырына дейін қарауға шыдамым жетпей, жағамды ұстадым.

«The Weekend» деген әншінің «Popular» аталатын әнінің («Playboi Cartib Madonna – Popular») мағынасы былай:

«Мен күн батқанда, барлық жерде, әрбір жанның жүзінен шайтанды көрдім, мен оған не керек екенін, не қалайтынын білемін, оған керегі – даңқ пен дақпырт, оның тамырына осы қалауын енгізіңіз де, оның жанын алуға тырысыңыз, әр түн сайын көкке жалбарынып, ол көргісі келетін барлық нәрсе жыпылықтайтын шамдар арқылы көрінеді, ол танымал болу үшін тізерлеп дұға етеді, ол танымал болу үшін кез келген адамды өлтіреді, ол танымал болу үшін жанын сатады…»… Осылай кете береді…

Қазіргі жаһандану заманында елімізде жастардың өз орнын тауып, жеке әлеуметтік топ болып, дұрыс бағытта дамуы қиынға соғуда. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, қателіктеріне түсіністікпен қарауымыз қажет. Сондықтан, отбасы жағдайы, мектеп қабырғасы жастардың қалыптасуының негізі болып табылғандықтан жастармен тең дәрежеде позиция ұстанып, тәрбиеге көбірек көңіл бөлген дұрыс

Тағы «Doja Cat» деген өте танымал топ бар ғаламторда. Жастар олар салған әуенді іздеп жүріп тауып тыңдайды. «Paint the town red» (Покрасьте город в красный цвет) әніне түсірілген бейнеклипте кейіпкерлер шайтандар кейпінде. Бетін қанмен бояған, ібіліс түріндегі әнші жастарды жақсылыққа емес, қылмысқа, жамандыққа шақырып тұр.

Сілтемесі осында: https://www.songtell.com/ru/doja-cat/paint-the-town-red.

Идеологиялық экспансия деген – осы. Дереу шұғыл шаралар қолданып, Қырғызстан секілді елде тик-токтағы видеоларды шектеп, ғаламтордағы насихатты сүзгіден өткізбесе, шайтанның әуеніне елтіген, теріс қылықты жастарымыз көбейген үстіне көбейе бермек.

Қауіп ету аз, нақты қадамдар қажет. Жастардың әлеуметтік проблемалары жалпы қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың көрінісі мен жалғасы ретінде қабылданады. Жастардың әлеуметтік проблемалары – бұл қоғамның өмір тіршілігі және де жастар үшін де өмірлік маңызды, халықтың ерекше әлеуметтік-демография­лық топтың проблемалары, жас ұрпақтардың және олардың ұйымдарының ғана емес, сонымен қатар қоғам мен мемелекет тарапынан нақты саясатты талап ететін шешімдер екені түсінікті.

Әрине, елде жастарға қатысты саясат бар, тұрақты жүргізіледі, бірақ олардың қоғамдағы орны, мәдениеті анықталмай, түрлі радикал көзқарастарға еліктеп кетпеуін қадағаламаса, қазіргі жастар ұйымдарының саны бар да, сапасы жоқ, сондықтан осындай субмәдениеттерді қадағалайтын органдардың, ашылуы біздің елге қажет болғандықтан, жастардың болашақ өміріне кедергі келтіретін, қоғамға зияны тиетін субмәдениеттерді қадағалау мәселесі өте маңызды.

Қазіргі жаһандану заманында елімізде жастардың өз орнын тауып, жеке әлеуметтік топ болып, дұрыс бағытта дамуы қиынға соғуда. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, қателіктеріне түсіністікпен қарауымыз қажет. Сондықтан, отбасы жағдайы, мектеп қабырғасы жастардың қалыптасуының негізі болып табылғандықтан жастармен тең дәрежеде позиция ұстанып, тәрбиеге көбірек көңіл бөлген дұрыс.

Жастарды төл тарихты қадірлеуге, отансүйгіштікке тәрбиелеудің ең ұтымды, нанымды жолдарын шұғыл қарастыруымыз қажет. Бүгінде мектеп, университет және отбасы жай «бақылаушы» позициясын ұстанбаулары керек, керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеру үшін жарыс мүмкіншілігіне тең дәрежеде ұмтылу позициясын қамтамасыз ету керек. Оны дәл қазір жасамасақ, құр айқай мен шу шығарудың бәрі далбаса. Қазақтың ретро әндерін «Гауhартаста» сахнада шыр­қалған тамаша әндер секілді жастарға ұғынықты, сүйкімді қабылдауын табатын жолдарды іздестіруіміз керек. Қалайда, жастар санасын улаған қазіргі түрлі шетелдік әуендердің елімізде сайран салып, ойына келгенін жасауына тосқауыл қоюымыз қажет. Сөздің тоқетері – осы. Бүгін жасамасақ, ертең ібіліске ергендерді ұлттық ділімізге қарай қайыру тіпті мүмкін емес.

 

 

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button