ӘлеуметБасты ақпарат

Жастарға арналған жобалар қандай?



Тұрғындар саны тұрақты өсіп келе жатқан Астанада жұмыссыздық мәселесіне ерекше ден қойылған. Соңғы жылдардың өзінде ғана қала әкімдігі жұмыспен қамту бойынша бірнеше бағдарламаның жүзеге асуына мұрындық болып, тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды да жақсы дәстүрге айналдырып үлгерді. Соның арқасында жұмыс берушілер де кадр тапшылығын толтырып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл өз кезегінде қаланың гүлденуіне ғана емес, ел экономикасының тұрақты өсуіне де серпін беріп келеді.

Еңбекке жол ашады

Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыспен қамту бойынша белсенді іс-шараларына қатысуға ниет білдірушілер көп. Қала бойынша қазіргі таңда жұмыспен қамту іс-қимылдарының нәтижесінде 2787 жас жұмысқа орналасты. Атап айтсақ, тұрақты жұмысқа – 1492, «Жастар тәжірибесіне» – 275, «Қоғамдық жұмыс­тарға» – 752, «Әлеуметтік жұмыс орындарына» – 134, «Бірінші жұмыс орнына» – 132, «Ұрпақтар келісімшартына» – 2 адам. Аталған жобалар орталық тіркеудегі азаматтарға субсидияланатын, яғни айлық жалақысы мемлекет тарапынан төленетін жұмыс орындарын ұсынады. Оның ішінде:

– «Жастар тәжірибесі» жобасы мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға көмектеседі. Оған колледжді немесе ЖОО-ны соңғы үш жылда бітірген жастар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы 35 жастан аспауы тиіс. Сондай-ақ шарттардың бірі – мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы. Биыл, Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, практикадан өту мерзімі 1 жылға дейін ұзартылатын болды. Жоба аясында еңбекақы төлеу де ұлғайтылады. Еңбекақы мөлшері – 40 АЕК немесе 138000 теңге.

– «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл жоба бойынша жұмысқа орналасу барысында 16 жастан 23 жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері, жалғызбасты және көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар және қандастарға басымдық беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан астам уақытты құрайды. Ай сайынғы субсидия мөлшері жалақының белгіленген мөлшерінің 35 пайызын құрайды.

– «Қоғамдық жұмыстар» қыз­меткердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді. Жобаға жұмыссыздар, студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытында қатыса алады. Қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Субсидия (жалақы) мөлшері – 35 АЕК-тен кем емес немесе 120750 теңге.

– «Алғашқы жұмыс орны» жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнына бейімдеуді қамтамасыз етеді. Оған жұмыс іздеп жүрген ЖОО түлектері, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. Бағдарлама ұзақтығы – 18 ай. Субсидия (жалақы) мөлшері – 30 АЕК немесе 103500 теңге.

– «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға, зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыс­тыруға арналған. Бағдарламаға екі жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орындарының түлектері қатыса алады. Қатысушы кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналасады. Субсидия (жалақы) мөлшері 20 АЕК-ті (58340 теңге) құрайды.

Жәрмеңкеде жұмыс көп

Айтқандай, жастарды жұмыспен қамтуда Астана қаласында тұрақты түрде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жыл басынан бері жастарға арналған 6 бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 38 жұмыс беруші қатысып, 538 бос орын ұсынды, 1638 ЖОО түлектері мен жастар қатысты. Хабарламалар қала әкімдігінің ресми парақшаларында, Халықты жұмыспен қамту орталығының cnk.kz сайтында және қалалық Жастар саясатына қарасты @job_astana_jastary Instagram парақшасында жарияланып тұрады. Тоқсан сайын өтетін тұрақты бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен бөлек азаматтар «Электронды еңбек биржасы» порталындағы бос жұмыс орындарының тізбесімен өз бетінше танысуына мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін бар болғаны www.enbek.kz порталына түйіндемесін тіркесе жетіп жатыр.

Жасампаз жоба – «Жасыл ел»

Жасөспірімдерді де жұмыспен қамтудың бір тетігі ретінде жыл сайын «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама – жастар мен балаларды экология мәдениетіне, табиғатты аялауға және еңбекке баулуға арналған игілікті бастама. 2005 жылдан бастап қолға алынған бұл жобаның биыл XIX маусымы басталды. Оған 14-тен 35 жасқа дейінгі мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады.

Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артуда. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженері, технолог, монтаж-құрылыс жұмыстарының шебері) көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отыр­ғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компания­сы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемесі, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғары оқу орындары серіктес болуға келісім берді. Былтыр, нақты айтқанда, 4208 жас жұмыспен қамтылса, биыл да 4200 жасөспірім мен жасты қамту көзделген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар, ата-­анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда мектеп оқушылары өз мектептерінің ауласын тазарту жұмыстарын бастап кетті. 14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулығына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады. Ал жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына орналасып, жұмыс орнынан жалақы алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жобасы аясында қосымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. ­ Жұмыс ­уақыты – 8 сағат.

Шағын кәсіпкерлікті қолдайды

Елорда жастарын жұмыспен қамтудан бөлек, жас кәсіпкерлерді де қолдауға барынша жағдай жасалуда. Бұл бағытта Халықты жұмыспен қамту орталығы қазір жұмыс берушілер мен жұмыссыз тұрғындар арасында делдал қызметін атқарады. Орталықтың қысқамерзімді кәсіптік оқыту жобасы да өз нәтижесін беріп келеді. Оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін созылады. Кәсіптік оқытуға қатысушылар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен 21787 теңге мөлшерінде стипендия­мен, медициналық байқаудан өтуге 6900 теңге материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несиелеу тетігінің арқасында жастарға стартап ашу мүмкіндігі қолжетімді. Елорда жастары кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие ала алады. Шағын несиелер агронесиелік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Бұл шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Ол конкурс негізінде беріледі. Жеңілдетілген несиенің шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз, несиенің максималды сомасы – 5 млн теңге (кепілдікпен). Мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығына – 7 жыл.

Өтініш берген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Сонымен қатар, микрокредит беру мерзімінің үштен бір бөлігі үшін негізгі борышты өтеу және сыйақы төлеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған. Міндетті шарт – кепілзаттың болуы. Кепіл ретінде жылжымалы да, жылжымайтын мүлік те қабылданады. Олар болмаған жағдайда, кепіл берушіні тарту көзделеді. Кепіл беруші жастардың ата-анасы, туыстары және басқа да сенімді адамдары болуы мүмкін. Сонымен қатар соңғы екі жылда несие тарихы бойынша 180 күннен артық кешіктірудің болмауы қажет. Биыл бұл мақсатта 562 микрокредит қызметін алушыға республика бюджетінен 2,8 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ кепілге қойылған мүліктің Астана қаласының аумағында болуы міндетті емес және оны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркеуге болады.

Жастарға шағын несие беру туралы шешімді бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурс комиссиясы қабылдайды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, түрлі бизнес саласының өкілдері кіреді.

Микрокредит алу үшін өтініш беруші бірнеше құжат тапсыруы керек. Оның ішінде өтініш беруші алдымен жеке басын растайтын куәлігі мен бизнес-жоспарын тапсыруы қажет. Содан соң оның жеке шоты бар екенін растайтын банк анықтамасы болуы шарт. Егер өтініш беруші азаматтың атында несиелер болған жағдайда, несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешегінің бар немесе жоқ екені туралы анықтама талап етіледі. Өтініш беруші жұмыс істейтін азамат болса, онда жалақысы мен басқа да табысын растайтын құжатты көрсетуі керек. Сондай-ақ кепілге берілген мүлікті бағалау туралы есеп және басқа да құжаттар болуы қажет.

«Бастау бизнес» жобасы да – кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренем деушілер үшін таптырмас мүмкіндік. Оқыту курсы business.enbek.kz порталында жүзеге асырылады. Оқу ұзақтығы 14 күнтізбелік күннен аспайды. Маңыздысы, оқығаны туралы сертификат порталдағы жеке кабинетте көрсетіледі және оны алған күннен бастап үш жылға дейін жарамды. Жастар үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант берудің де жолдары қарастырылған. Мәселен, грантты бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған қатысушылар ала алады. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобына кіретін адамдар үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 1 миллион 380 мың теңге беріледі.

Жұмыссыздықты жоюға, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобалардың жемісті жүзеге асып келе жатқаны қуантады. Мемлекеттің де басым бағыты осы. Өйткені еңбек ете білгеннің ертеңі жарық болары анық.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button