Басты ақпаратЖаңалықтар

Жасыл бағы Жайқалады



16179682_1911942322426025_8038147044817875808_o-asli

Астананың 20 жылдығына орай «20 нақты бастама» бағдарламасы қабылданып, қаланың барлық құрылымдары көзделген межеге жетуді мақсат етіп отыр. Осы бастаманың 8-қадамында қала келбетін өзгертуге байланысты «Ашық халықаралық байқаулар ұйымдастыру, қаланы дамыту жобаларын жасау мен іске асыру ісіне алдыңғы қатарлы сәулетшілерді тарту есебінен 50 қалалық кеңістікті – көшелерді, алаңдарды, саябақтарды қала өмірінің жаңа орталықтарына айналдыру, жаяу жүргіншілерге қолайлы жол қалап, велосипед инфрақұрылымын дамыту» жоспарланған.

Бұл ретте «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты ұсынып отырған жобаның тартым­дылығын айта кету керек. Аталмыш мекеме директорының орынбасары Бақтыбай Тай­талиевтың айтуынша, қала келбетін өзгертуде алдымен демалыс орындарын тиімді орналастыруға мән беріледі. Онда жаяу жүргіншілер мүд­делерін қамти отырып көлік стратегиясын жүзеге асыру, қоғамдық кеңістіктерді көркейту көзделген. Бірінші кезекте қалалық кеңістіктің негізгі нысандары Сарыарқа даңғылы, Бөгенбай батыр және Рес­публика даңғылдарымен шек­тесіп жатқан аймақтары, Есіл жағалауы көркейтіліп, осы маңдағы 250 гектар жер үйле­сімді орталыққа айналмақ.
Қоғамдық кеңістіктердің тартымдылығын арттыру ке­шенді жүргізілмек. Мұндай орындарда балалардың ойын алаңқайлары мен спорт, мәдени-ойын-сауық шараларын өткізетін жерлерін де ескеріп, сауда павильон­дары мен тамақтану нысан­дарының тиімді орналасуы­на мән берілген. Бұл көше мәдениетін қалыптастырып, қала тұрғындары мен қо­нақ­тарының демалысын қо­лайлы етуге ықпал етпек. Жоба­лау­шылардың айтуынша, шет аймақсыз шаһар қағидасымен рекреациялық аймақтары бар гүлбақтарымен және тиісті инфрақұрылымы бар полицентристік қала жасау көзделуде.

Көкталдың көркі көз тартады

Мамандардың айтуынша, жақын болашақта елордамыз жаңа сипатымен кө­рік­теніп, қала дамуының әлемдік стандарттарына сай гүлденуіне басымдық бері­летін болады. Қаланың жасыл қамалын қалау ар­қы­лы қоршаған ортаны жақ­сар­ту да көзделген.
«Креативті жобалар» бағ­­дарламасы аясында елор­даның әр бөліктерінде 17 сая­бақтар мен гүлбағы қаланың көр­кіне шырай қосатын болады. Осы күнге дейін елордамызда 9 ірі саябақ, 90-ға тарта желек жайлар бар. Енді барша астаналықтар мен қала қонақтарына жақсы мәлім Достық көшесі бойын­дағы Нұрлы-сулы желек жо­лына қоса, Абылай хан даң­ғылының екі қанаты, Мо­мышұлы көшесі бойынан «Встречаға» дейін жететін жаяу жүргіншілер үшін желек жолдары ашылмақ.
Есілдің сол жағалауындағы Арай саябағына қарсы орна­ласқан Жалайыри көшесінің бойында тағы бір әсем бақ бой көтеріп, жасыл желегі жайқалатын болады. Есілдің қолтығында осы бір екі бақ тек жаяу жүргіншілер емес, қоршаған ортаның жақсаруына да ықпал ететін болады.
Сүрілген ескі үйлердің орнына жасыл бақ орнату қала басшылығының тиімді қадамы екені рас. Олай болса, Абай көшесі мен Сембинов көшелерінің арасы, Алматы және Сарыарқа ау­дан­дарындағы осындай нысандарға жасыл тал егіліп, гүлмен көктелетін болады. Жаяу жүріп те, велосипед мініп те серуендеуді қарастырған бұл жобалар жақын арада көрікті қалалық кеңістіктердің қатарын толтырмақ. Бұл аймақтарда велосипед жолдары, жалға беру бекеті, велотұрақтар салу қарастырылған.
Көкталдың көк оймағына айналғалы тұрған бұл бақтың бір ерекшелігі бар. Бақтың бір жерінде ит серуендетуге арналған алаңқай ашылмақ. Жалпы қала бақтарында ит­терді серуендетудің тәртібі бар. Көптеген қоғамдық орын­дарда тұмылдырықсыз алып жүруге тыйым салынған. Осыны ескере келе, қала ше­тінен жайлы жер дайындап, адамдардың төрт аяқты дос­тарын еркін қыдыртуына мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда қаламызда 14 мыңнан астам ит тіркелген. Сондық­тан да, бұл мәселе елорда үшін ерекше оқиға болмақ.

Нұралы Елітаев, Астана қаласы табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы: – 15 гектар жерде орналасатын «Көктал» тұрғын алабында жаңа бақ бой көтермек. Бұрындары бұл жерде орман питомнигі болған себепті, бүгінде ертеде отырғызылған ағаштар дарақ болып өсіп, орманға айналып тұнып тұр. Біздің мақсатымыз – осы ағаштарды сақтап, оның жаңа өскіндермен үйлесіміне мән беру керек.
Бұл қаланың сыртқы аумағында орналасқан. Мүмкін бұл саябақта демалатын тұрғындар саны да аз шығар? Бірақ қала кеңейіп келеді. Қала әкімінің шет аймақсыз шаһар орнату қағидасына сәйкес, бұл демалыс орны «Көкталдың» көр­кін кел­­тіретін әрі ау­мақ­тың экологиясын жақ­сар­татын басты нысан­дардың бірі деп жобалап отырмыз.

«Чемоданда» өтеді түрлі-түрлі шаралар

Сарыарқа ауданында екі бірдей өзгеше көркі мен мазмұны бар гүлбақ ашылмақ. Оның бірі – темір жол вокзалының аумағында, екіншісі Республика даң­ғылы мен Ы.Дү­кенұлы көше­лерінің қиылысында орналасады. Бұлар да бұрынғы сүрілген үй­лер­дің үстінен түспек. Рекреа­циондық аумақтың бір ерекшелігі атына сай тартымдылығымен әрі тақырыптық өзгеше­лігімен де ерекшеленбек.
Енді екі гүлзар бақтың сипатына тоқталайық. «Жолың болсын, жолау­шы!» деген бір ауыз сөзбен мән беруге болатын «Чемодан» гүлбағы Біржан сал көшесіндегі №5 үйдің ау­мағында ашылатын болады.
Қол жүгін білдіретін шағын сәулеттік пішіндер – осы бақтың басты ерек­шелігі. Барлық «чемодандарда» еліміздің басты қала­лары­ның атауы жазылады. Рес­публикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтар туған қалаларының тұсында суретке түсіп, Астанадан естелікке ала кетеді. Гүлбақ 0,22 гектардай шағын аумаққа орналасады. Онда спорттық, сауда және мәдени шараларын өткізуге қарастырылған орындар салынады.
Қиял-ғажайып ертегідей екінші бақтың тақырыптық атауы бар. Онда да бұрыннан өскен ағаштар жетерлік. Тек оларды бір пішінге қарай үйлестіріп, оралықтың негізін қалайды. Гүлбақ 0,27 гектар жерде орналасады және саламатты өмір салтына ден қойылып, спорт алаңдары көптеп салынады. Осылайша, тұрғындардың белсенді демалысына барлық жағдай жасалмақ. Жасөспірімдердің ролик пен скейтбордта сыр­ғанауына қолайлы дөң жасалып, қауіпсіз аумақ жобалануда. Балдырғандар үшін 3D – сурет салатын орындар болса, ересектер жасыл желектің астында демалатын болады.
Міне, қар еріп, ағаштар бүр жаратын мезгіл де қыр астында. Жаңадан ашылатын гүлзар бақтар да қалалықтардың сүйік­ті орнына айналатыны анық.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button