Білім

Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады?



Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру» тақырыбында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Каирбаева брифинг өткізді. Диалог алаңында оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы айтылды.

11-сыныпты 11 230 түлек аяқтайды

2023-2024 оқу жылында елордада 263 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 11-сыныпты 11 230 түлек аяқтаса, 9 сыныпты 19 952 оқушы тәмамдайды. Алтын белгіге үміткер 294 оқушы және 717 үздік аттестатқа үміткер.

Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталады. 24 мамыр күні мектептің

1-10 сынып оқушылары үшін «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде «Білімім Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі.

11 сыныптың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасы 25 мамырда өтетін болады.

  • іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік үстелдерді ұйымдастыруға
  • жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге
  • әкімшілік пен педагог қызметкерлерге сыйлықтар үшін ақшалай қаражат жинауға рұқсат етілмейді.

Қорытынды аттестаттау – маңызды сынақ

9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары – ағымдағы жылдың 29 мамыр – 10 маусым аралығында, 4 пәннен өткізіледі.

11 (12) сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – ағымдағы жылдың 28 мамыры мен 11 маусым аралығында 5 пәннен ұйымдастырылады.

Биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда оқушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 27-31 мамыр аралығында аралық емтихандар өткізілмек.

«Қазақ тілі» – қазақ сыныптары;

«Қазақ тілі мен әдебиеті» – қазақ тілінен басқа тілде оқытатын сыныптар үшін.

Тапсыру түрі: жазбаша және ауызша (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары бойынша)

Елорда түлектері үшін аттестаттарды салтанатты табыстау ағымдағы жылдың 14 маусымында өтеді. Сондай-ақ, елордада мектеп тәмамдаған түлектердің ең ауқымды кеші – «Елорда мақтанышы-2024» форумы өтеді.

Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады?

Демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру кезінде балалардың қауіпсіздігі білім басқармасының басты назарында.

Осы жөнінде білім беру ұйымдарының барлық басшыларымен полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерін шақыра отырып, кеңестер, нұсқамалар және оқыту семинарлары өткізілді. Барлық басшыларға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау туралы ұсыныстар, жадынамалар берілді.

Бұдан басқа, білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыруға тартылған барлық мемлекеттік құрылымдардың ішінен қалалық ведомствоаралық штаб құрды, қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді.

15-20 мамыр аралығында штаб мүшелері, білім басқармасының қызметкерлері мектеп жанындағы лагерьлердің оқушылардың жазғы демалысының басталуына дайындығын алдын ала тексеруді бастады.

2024 жылдың жазғы кезеңінде жазғы демалыстың барлық түрлерімен 1-10 сыныптың 206 468 оқушысы (96%) қамтылатын болады.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі – сауықтыру және жұмыспен қамту.

Бірінші бағыт – балаларды сауықтыру және демалу мақсатын көздейді.

Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 97 мектеп жанындағы лагерь, оқушылардың қызығушылықтары бойынша 75 бейіндік лагерь, балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының базасында орналасқан «Батыр» шатырлы лагері жұмыс істейтін болады. Алдағы 3 маусымда 150 бала қамтылады.

№ 43 қосымша білім беру мектеп-орталығында 3 маусымнан 23 тамызға дейін 720 баланы қамтитын «Ақ желкен » спорт лагері жұмыс істейді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жазғы демалысын тегін негізде ұйымдастыру үшін жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен 7326 бала тегін демалады. Сондай-ақ, жақын және алыс шетелдерге туристік сапарлар кезінде 45 820 баланы қамтитын ата-аналардың қаражаты есебінен демалыс қарастырылған.

Сонымен қатар, 1-4 сынып оқушылары «Бөбек», 5-9 сынып оқушылары «Балдәурен-Щучинск», «Балдәурен-Қапшағай», «Балдәурен-Балқаш» республикалық сауықтыру лагерлерінде сауықтырудан өте алады. Оқу-ағарту министрлігінің берілген квоталарына сәйкес, осы лагерьлерде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 458 бала жаз бойы демалады.

Каникул кезінде балалар жұмыспен қамтылады

Демалыста балаларды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру үшін 200 519 баланы (99%) 4 бағыт бойынша қамту жоспарлануда.

Жұмыспен қамту бағыты бойынша барлығы 43 417 баланы қамтитын 116 іс-шара өткізу жоспарланған. «Жасыл ел» көгалдандыру бригадаларында, жұмыспен қамту орталықтары, жоғарғы сынып оқушыларының еңбек жасағында, көгалдандыру бригадалары, мектеп орманшылығы, өндірістік кәсіпорында жұмыс істеуге, жазғы маусым кезінде компанияларда келісім-шарт негізінде жұмыс істеуге, жөндеу-құрылыс бригадаларында және отбасында ата-аналармен жұмыс әстеуге рұқсат берілген.

Шығармашылық жұмыспен қамту бағыты бойынша 99 360 баланы қамти отырып, 300-ден астам іс-шара өткізіледі. Әртүрлі мекемелер жанындағы қызығушылықтар бойынша клубтар мен үйірмелер, аула клубтары жұмыс істейді.

Спорттық-туристік жұмыспен қамту – барлығы 3330 баланы қамтитын 483 іс-шара өткізіледі. 3 күндік жорықтар, экскурсиялар, облыс және республика бойынша туристік танысу сапарлары, көшпелі спорттық жиындар ұйымдастырылады.

Зияткерлік жұмыспен қамту-барлығы 4848 балаларды қамтитын 11 іс-шара жоспарланған. Олимпиадалық резервтің, көшбасшылар активінің жазғы мектептері, «Жас Ұлан», «Жас қыран» мүшелерінің жазғы тілдік мектептері, пікірсайыс жасақтары өткізіледі.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button