Басты ақпаратЕл тынысы

Желтоксандағы жанартау: әділдік пен теңдіктің алауы



Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте әділет сөзін тұмар етіп, қоғамда әділдік принциптерін орнатуға ұмтылуы – заңдылық. Өйткені қаңтар қасіретіне әлеуметтік әділетсіздіктер себеп болса, 1986 жылғы желтоқсан жаңартауына ұлттық кемсітушіліктер себеп болғаны анық. Міне, әділдіктің мән-маңызын осыдан терең түсінуге болады. Биыл ұлттық мереке – Республика күнін қазан айында ұлықтап, желтоқсандағы мемлекеттік мерекеде желтоқсаншылардың ерлік, елдік ісін дәріптеуге кең жол ашылды.

СЕБЕБІ ҺӘМ САЛДАРЫ

1986 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин жазушылармен кездесуінде Жұбан Молдағалиев жастардың алаңға шығуының себеп-салдарын былай түсіндіреді:

«Мен қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған көп қатпарлы тарихы қымбат, бүгіні де қымбат. Осы бүгінгі күн үшін ол басқа халықтармен бірге революция және совет өкіметін орнату жылдарынан абыроймен өтті, халқының жартысына жуығын жұтқан қасіреті қалың ашаршылықты басынан өткерді, совет өсіріп-жеткізген жас зиялыларынан айырған 37 және 38-жылдардың трагедиясын бастан кешті. Бірақ бір рет және біржолата таңдаған жолынан оны ештеңе тайдыра алмады. Соғыс жылдарында қазақтар Отанымыздың адал әрі қаһарман қорғаушыларының бірі болды. Осы ер, кеңқолтық, жомарт өршіл әрі кәдімгі аңқау, ұлттық шектеу­шілік мүлде жат халық өзінің кеңдігін тың игеру кезінде де көрсетті. Тыңға сан түрлі адамның келгені ешкімге құпия емес, оның ішінде бұрынғы қылмыскерлер де, ақша қуған уақытша құлқынын тойдырушылар да болды. Осындай адамдардың байырғы халықтың ұлттық намысына тиетін әрекеттер жасағаны аз емес. Бірақ қазақтардың партия шақырып отырған істің ұлылығын түсінуіне ұстамдылығы жетті.

Қазір басқаша жағдай орнады. Республикада ұлттық арасалмақ өзгерді. Мұның өзі тыңдағы көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуіне әкеп соқты, ал қалалардағы істің жайын айтпаса да болады. Тіпті Алматыдағы қазақ мектептерінің саны, егер қателеспесем, екеу не үшеу. Ал балалар бақшасының мәселесі бұдан да өткір. Және де ана тілін меңгеру дәл осы балалар бақшасынан басталатыны бізге белгілі. Кейбір қазақ ауылдары, тіпті кей жердегі аудан орталықтарының әлеуметтік жағдайы тең емес. Тыңда – әдемі жаңа үйлер, ал бұларда – тоқал тамдар, оларда – асфальт жолдар, ал бұларда – бабаларынан қалған баяғы керуен жолы».

Iшкi iстер министрлiгiнің мәліметінше, алаңға шыққан 8 мыңдай адам қамалды. 2401 адамға іс қозғалып, олар оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды

Қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиев жастардың алаңға шығуына Дінмұхамед Қонаевтың орнына Колбиннің келуі себеп болғанын, алайда оның негізгі астары ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ұлтаралық әділетсіздік, қасақана істелген рухани-моральдық қысым көрсету екенін ашық баяндайды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан ке­йінгі жылымық кезеңде дүниеге келіп, қазақтың ақын-жазушыларының қайнарымен рухтанған жастардың санасы ояу, сезімі сергек болды. Олар қазақ қоғамындағы әлеуметтік, ұлтаралық әділетсіздіктерге толеранттылық танытса да, рухани ерлік жасауға дайын ұрпақтан болды. Сондықтан алаңда қасқайып тұрып, «Әр ұлт өзін-өзі билесін!», «Әр ұлтқа өз көсемі!», «Қазақстанға – қазақ басшы!» деп ұрандап, желтоқсанның ызғарлы күндері алаңды «рух жалынына» бөледі.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

1986 жылы 16 желтоқсан сағат 10.00-де Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс пленумын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ашып, сөзді Мәскеуден келген Георгий Разумовскийге береді.

КПСС Орталық Комитетінің хатшысы Разумовский Қазақстандағы кадр саясатын, жершілдік, рушылдық сырқатты ашық сынап, Қонаевтың ұзақ жылдық еңбегіне бағасын бере келіп, Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді жаңа басшы ретінде таныстырады.

Сағат 15.00-де пленум шешімі ­Қазақ радиосы арқылы таратылып, ел арасына жаңалық тез жетті. Сөйтіп, Қонаевтың орнына қазақстандықтар түр-түсін білмек түгілі, атын естімеген Колбин келіп, ел-жұрт мең-зең болып, дағдарып қалды.

Бұл кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне студент жастар партияның шешіміне наразы екені туралы мәлімет түскенімен, құқық қорғау органы мәселеге терең мән бермейді.

Әрине, желтоқсан оқиғасын ұйымдас­тырушылар туралы әртүрлі топшылау көп. Біз нақты деректерге сүйенсек, желтоқсан оқиғасын зерттеу жөніндегі Конституциялық соттың судьясы болған Сабыр Қасымов: «…пленум болған түнде-ақ Алматы қаласындағы жатақханаларды аралап, үндеу таратқан, ұрандар жазған, қозғалыстың жоспарын жасаған Құрманғазы Айтмұрзаев, Бақытбек Иманғожаев, Үсіпхан Сейтімбетов, Аманбай Қанетов, Мейрамғазы Қасенбаев еді. 17 желтоқсанда жұбын жазбаған бесеуі Театр-көркемсурет институтының 150 студентін Брежнев атындағы алаңға бастап, ұлтшылдық сарындағы ұранды жалаулата айқайлады» деп мәлімдейді.

1988 жылы маусым айында өткен Қазақстан Орталық Комитетінің ХІІ пленумында Мирошник ұйымдастырушылар қатарында Хасен Қожахметов, Құрманғазы Рахметов, Шора Қарабаевты айыптайды.

Қысқасы, рухы асқақ, мұраты биік жастар құпия түрде бас қосып, бұғып қалуға болмайтынын айтып, 16 желтоқсанда кеш демей, түн демей жатақ­ханаларды аралап, үгіт-насихат жүргізіп, 17 желтоқсанға топ-топ болып орталық алаңға жиналады.

ЕКІ КҮННІҢ САЛМАҒЫ

Берік Әбдіғалиев пен Болатбек Көрпебайұлының құрастыруымен шыққан «Елдікті сақтаған ерлік» кітабында желтоқсанда орын алған оқиғаны сағатына дейін көрсетіп, жазады.

17 желтоқсанда Алматы уақыты бойынша сағат 07.30-да орталық алаңға 200-300-дей студент жиналып, айқарма плакаттар мен қызыл жалаушалар ұстап, өздерінің талап-тілегін жеткізе бастады.

Сағат 09.18-де қазақ басшылары не істейміз деп ақылдасып жатқанда, Қазақ КСР Ішкі іштер министрі Григорий Князев митинг туралы мәліметті Мәскеуге хабарлап, орталықтан құпия бұйрық алып, тапсырманы шұғыл орындауға кірісіп кетеді.

Мәскеудің қолдауынан қанаттанған Князев алаңда тәртіп орнатуды өзінше шешіп, Колбинге хабарлап, бірінші басшының келісімін алады. Сөйтіп, Алматы қаласы Ішкі істер басқармасының милиция және арнаулы ­батальон қызметкерлерін орталық алаңға жұмылдырады.

Сағат 10.30-12.00-де алаңдағы жастардың саны екі мыңға жетеді.

Сағат 12.00-14.00-де шерушілер Сәт­баев көшесімен жүріп, Ауыл шаруа­шылығы және малдәрігерлік институтының жанынан өтеді. Қатарына жаңадан жастарды қосып, Абай, Ленин даңғылын бойлай, ҚазПИ-дің алдымен жүріп, 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі арқылы Гоголь көшесіне түседі. Сосын Қыздар институтының жатақханаларын жағалай Космонавт көшесімен жоғары өрлеп, орталық алаңға қайта келді. Бұл кезде шерушілердің саны бес мыңнан асып, үні зор естіліп, талабы қатқыл шыға басталады.

Сағат 18.00-де Михаил Горбачевке желтоқсан ызғарындағы оқиға туралы ресми баға берген құпия телефонограмма жіберілді.

Сағат 19.30-да КСРО құқық қорғау органының белді басшылары Алматыға ұшып келеді. Олар Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Борис Елисеев, бас прокурор орынбасары Олег Сорока және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Филипп Бобков қалада тәртіпті қалпына келтіретін штаб құрып, құқық қорғау органдарын алаңға жұмылдыруға шұғыл пәрмен береді. Осыдан-ақ алаңда қарусыз әрі қауқарсыз жүрген жастарды аяусыз жаншуға тапсырма бергенін оңай аңғарамыз. Солай болып шықты да.

Желтоқсанға қатысқаны үшін оқудан шығарылып, қудаланған Самат Қоқымбеков: «Бір уақытта Фурманов­тың бойына бес-алты әскери көлік келіп тоқтады. Бүркемесінен бір қора солдат түсіп, бір демнің арасында бізді қоршап алды. Олай-былай қашып та үлгермедік. Жан-жағымыздан қаумалаған қорқаулар қолдарындағы сапер күрек, дубинка, темірлерімен ұл-қыз демей сабай бастады. Бір қызды бетінен сапер күректің қырымен ұрғанда, күрек әлгі байғұстың басына жартылай кіріп кетті. Сірә, бұдан асқан қаныпезерлік болмас» деп еске алады.

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Iшкi iстер министрлiгiнің мәліметінше, алаңға шыққан 8 мыңдай адам қамалды. 2401 адамға іс қозғалып, олар оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды, комсомол мен партия қатарынан алынды. 707 адам әкімшілік жазаға тартылса, 99 адам ауыр қылмысы үшін сотталды. Алаңда 1233 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Қайтыс болған және із-түссіз жоғалған адамдар саны нақты белгісіз.

Қайсарлықтың өр рухын көрсеткен Қайрат Рысқұлбеков алаңда қауқарсыз қыздарды арашалауға күш салады. Сол үшін сотталып, ату жазасына кесілді.

Ызғарлы желтоқсанда алаңның бел ортасында болған Асқар Сағынаев істі болып, есі ауысқан деп Ақмола облысының психикалық ауруханасына жатқызылады.

– Түрмеден ақталып шыққан соң да бірден жақсы өмір сүріп кету қайда?.. Әбден қиналдық, әбігерге түстік. Жергілікті әкімшіліктегілер, қолында билігі бар басқалары да ақталу туралы қағазыма неше түрлі сылтау айтып, беретін жәрдемақыларын көпке дейін созып, бермей жүрді. Ал шешем болса екі жыл түрмеде отырғанымда жылай-жылай қос жанарынан айырылуға шақ қалды, – деп еске алады Асқар Сағынаев.

Иә, желтоқсан оқиғасына қатысқандардың өмірі оңай болмады. Бірі сотталды, екіншісі оқудан шығарылды, үшіншісі жұмыстан қуылды. Оларға қоғамның көзқарасы да жылы бола қойған жоқ.

Желтоқсанның ызғарында қыздардың қайсарлығы талай жігіттің намысын жанып, рухын көтергені анық. Желтоқсанға қатысқаны үшін 23 қыз сотталды. Соның бірі – Анар Серкенова. Бір жарым жылға сотталған желтоқсаншы түрмедегі азапты өмірі де аянышты.

P.S: 1990 жылы 24 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Президиумы қаулы етіп, желтоқсаншыларға дұрыс баға беру керектігін көтереді. Ақын Мұхтар Шаханов желтоқсаншыларды ақтап, ақиқатын айтуға мән бергенін айтуымыз керек. Содан кейінгі жылдары да ызғарлы желтоқсанда алаңда елдікті ұрандатқан жастардың ерлігін мемлекеттік деңгейде атап өтудің маңызын сезінбей келеміз. Ең өкініштісі де сол…


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button