Әлеумет

Желтоқсан батырларын жырлады



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде ақын, жазушы, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының «Тәу етерім – тәуелсіздік» атты студенттермен кездесу кеші өтті.

Тәуелсіздік күніне арналған жиынға Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-министрінің жеке фотографы Шүкір Шахай мен оқу ордасының ұстаздары мен студенттері қатысты.

Тәуелсіздік тарихынан сыр шерткен кеш Қызыл империяның іргесін шайқаған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы бейнероликпен басталды. Көрер­мендерге қанды қырғыннан түсірілген мұрағаттық бейнелер көрсетіліп, шолу-ақпарат ілесе баяндалды. Одан кейін жазушының «Ұяластар» романынан Желтоқсан оқиғасына қатысты үзіндісінен студенттер қойылым көрсетті. Қаланың ішінде қазақтарды жаппай сабаған, халі мүшкіл жастарды қанаған сәттер көрерменнің жүрегін шымырлатқандай болды.

«Қазақ халқының еншісіне тиген тәуелсіздік – ата-бабаларымыз аңсаған асыл мұра. Тәуелсіздік болмай, ешқандай мұрат пен мақсаттың төріне қазақтың аяғы озып бармайды. 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары Қызыл империяның іргесін тас-талқан етті. Тарих қателіктерді кешірмейді. Осы тәуелсіздікке жету үшін қазақ халқы қанша ғасырды бастан кешірді. Кенесары ханның соңғы айтқан сөзі бар. «Қазақ тірескен жауын, күрескен дұшпанын жыртпай қоймайды. Түбі тәуелсіздікке қол жеткізеді. Мен ұрпағыма серт етемін. Қолым жетпеген арманыма болашақтың жастарының қолы жетеді» деді қаламгер.

Тәуелсіздік мұратын жас­тарға түсіндіру мақсатымен Әділбек Ыбырайымұлы Желтоқсан оқиғасына шегініс жасап, сол кезде Қазақ ұлттық университетінің екінші курсында оқыған ол қасіретке толы күннің басынан кешірген оқиғаларымен бөлісті. Республика алаңындағы қазақ жастарының бейнесін жырлады.

Факультет деканы Қайрат Сақ ақын Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығын білім алушыларға кеңінен таныстырып, ақынмен келелі әңгіме өрбітті.

Кеш студенттердің қызу да белсенді қатысуымен өтті. Студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, өнерін көрсетті. Өнерпаз әрі белсенді жастарға кеш қонағы өз туындыларын тарту етті. Жиынды қорытындылай келе, Қайрат Сақ жазушыға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жоғарғы марапаты – «Күлтегін» медалін табыстады.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button