Мәдениет

Желтоқсан желі тоңдырған ару



Кешегі тоталитарлық жүйенің іргесін сөгіп, тоңын жібіткен Желтоқсан оқиғасы және оған қатысқандар туралы аз жазылған жоқ. Олар, шынында да, тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы еді. Жанын, тәнін құрбан етуге дайын қазақ жастарының қайраты бүкіл әлемге жаңалықтың жаршысындай әсер еткені анық.

Желтоқсанның мұзға жаққан алауы

Желтоқсанда мұз жастанып, қалың құрсауда қалған қазақ қыздары көп еді. Алдыңғы шепте қайрат көрсеткен аруларымыз алаңға бейбіт мақсатпен барғанмен, сол кездегі сірескен билік күш қолданып, өз талабын қойған жастарды аяусыз басып-жаншыды.

Сол желтоқсан күндері алаңға барған жастың бірі – әл-Фараби атындағы (ол кезде С.Киров атындағы) ҚазҰУ химия факультетінің 5-курс студенті, қазір Ы.Алтынсарин төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» медалінің иегері, Астана қаласындағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектептің директоры Сәуле Әзімханова. Сәуле Мыншалқызы жазықсыз жаншылған жастарға жаны ауырғандықтан болар, басқалар секілді желтоқсанның қырғыны туралы айтқысы келе бермейді. Ол жөнінде кездейсоқ сұрап білдік. Әріптестері білім ордасының басшысы туралы жоғары пікірде. Желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесі алдында алаңға қалай, кіммен барғанын айтуын өтінген едік.

Біз алаңға не үшін бардық?

– Оқу-білімге құштар болуым, өз ойымды ашық айтып, пікірімді білдіре алуым, тұлға болып қалыптасуым отбасымның, ата-анамның тәлім-тәрбиесі деп білемін. Оған қоса, мен Алматы қаласындағы №12 мектепте оқыған кезде зиялы ұлт өкілдерімен түрлі кездесу көп болатын. Оның да әсері зор. Осындай Отанын сүйетін жанашыр, намысшыл мен сияқты жастарға 1986 жылы ел басшысы өзге ұлт өкілі болады деген хабар төбемізден түйеден түскендей болды. Бұл хабар кез келген жасты бейжай қалдырмады. Бәріміздің ойымызда, көкейімізде бір ғана сұрақ, бір ғана талап, бір ғана мақсат… Ол ел басында отыратын қазақ азаматы, жанашыр басшы болмағаны ма?!

Қасымдағы құрбым екеуміз Шымкент арқылы Ташкент қаласына бардық. Ташкентте бізді полиция қызметкерлері ұстап алды да, «сендерге іздеу салды, ереуілге қатысқан жастарсыңдар ма, дереу кетіңдер» деді. Біз әрі қарай ­Самарқанға кеттік

Қалай жеттік?

– Ол кезде мен КазГУ-дің химия факультетінің 5-курс студенті едім, – дейді Сәуле Мыншалқызы бізбен әңгімесінде.

– 21 жастамын. 16 желтоқсан күні ЦУМ дүкеніне бардым. Жолда 50-ге тарта жас ұрандатып, ереуіл жасап жүр екен. Бәрінің сөзін, ойын тыңдап тұрдым да, құрбыма дереу хабарласып, алаңға кел дедім. Құрбыммен, басқа да жастармен бірге желтоқсаншылардың қақ ортасында Мәскеудің бұл шешіміне қарсылық білдіргендердің қатарында болдық. «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. «Ұлт саясаты бойынша әр елді өз ұлтының өкілі басқару» деген талап қойылды. Ұрандар жазылған лозунгтер көтерілді. Бәріміз бір оймен, бір ұранмен Желтоқсан қозғалысына қатыстық. Кенеттен жастарды итпен қуалап, су шашып алаңнан қуу басталды. Біздің бейбіт талабымызға биліктің жауабы осы болды. Басында түсінбей, жан-жағымызға қарап, кібіртіктеп, түк те түсінбей қалдық. Бойым кішкентай, үстімде пальтом бар, көп адамның ортасында қалдым. Көпшілік абыр-сабыр, мен арқамнан ұрған соққыдан мұзға құлап, шашым мұзға жабысып, орнымнан әрең көтерілдім… Содан топырлаған жастар, адамдар жан-жаққа қашып, тарап жатты. Мен Фурманов көшесінің бойымен қашып бара жатқанымда, терезеден бір әже үйіне шақырып, кіргізді. Әлі есімде, 1-подъездің 3-қабатында тұратын еврей ұлтының өкілі, егде жастағы әже. «Қазір саған көшеде жүру қауіпті. Осында отыра тұр» деп үйіне кіргізіп, маған шай берді. Кешке қарай ауланы жағалап, түнгі 12-де жаяу үйге жеттім. Үйге келе сала, сыныптастарымның бәріне хабарласып, ертең алаңға шығуын сұрадым.

Жастарды қалай басып-жаншыды?

Кешегі көрініс көз алдымда. Бойымда ашу-ыза. Түнімен ұйықтамай, Ленин шығармаларының ішінен «ұлт» туралы жазған жазбаларын іздеп, қасыма екі інімді алып, әр параққа баспа қаріппен (печатная буква) жазып шықтық. Химия мамандығымен қатар, тарих факультетінің ғылыми-зерттеу орталығында отандық және шетелдік жаңалықтарды зерттеуге, оқуға мүмкіндік болғанының арқасы ма, мен тарих пен әдебиеттен де алыс емес едім. Содан пальтомның ішінен бет орамалдан қалта жасап, тігіп, қағаздардың бәрін салып қойдым.

Таңертең тұрсам, киімім жоқ, анам тығып қойған. Түнде әкем: «Сәулені ешқайда жіберме. Үйде болсын» деген екен. Сонда да ойыма алған ісімнен қайтпай, қағаздарымды алып, анам­ның пальтосын киіп, университетке бардым. Факультетіме барсам, лекция­да студенттер әдеттегіден аз, күнде бірге сабақ өтіп жүрген курстастар бөлек-бөлек әр жерде отыр. Бір түннің ішінде бәрі өзгеріп кеткен. Ешкімді сыртқа шығармай жатыр. Біз жиналып, лабораторияның 50х50 көлеміндегі кішкентай терезесінен шығып, алаңға бардық. Сол күні алаңға көп жастың жиналғанын көрдім. Жан-жақтан айқайлап, ұрандатып жүрген – жастар. Алаңда Қайрат Рысқұлбековтің бәріне ұрандатып, айтып жатқанын естідім. Алаңға шыққан кезімізде бізге үлкен кісілер сорпа, тамақ әкеліп беріп жүрді. Сол кезде ол кісілердің «Қарақтарым! Шыдаңдар! Біз бәріміз кәрі кісілерміз. Біздің қолымыздан осыдан басқа ештеңе келмейді. Сендерді қолдаймыз. Елдің болашағы сендерсіңдер» деп айтқан сөздері әлі күнге дейін жадымда.

Алаңда тұрғандарды суретке, видео­ға түсіріп жатыр. Жүргенімізге 1-2 сағат та болған жоқ, қайтадан қуып шықты. Жан-жаққа ыдырай қашып, үйге келдім. Осы кезде алаңда болған жастарға сурет бойынша іздеу салған екен.

Алаңнан соң. Қуғында

Мен ата-анама алаңда болғанымды, мені де суретке түсіріп алғанын айтқан кезде олар мені алып кетіп, қамауға алатынын айтып, дереу 1 аптаның ішінде зачет тапсырып, үйде бар қаражатпен Ташкентке жіберді. Қасымдағы құрбым екеуміз Шымкент арқылы Ташкент қаласына бардық. Ташкентте бізді полиция қызметкерлері ұстап алды да, «сендерге іздеу салды, ереуілге қатысқан жастарсыңдар ма, дереу кетіңдер» деді. Біз әрі қарай Самарқанға кеттік. Бір аптаның ішінде тағы ұсталып, әрі қарай Бұхараға кеттік. Онда екі аптадай жүрдік. Бөлмеде құрбым екеуміз, сыртқа шыға алмаймыз, бір нанды бөліп жеп, қара су ішіп 2 апта тұрдық. Әр күн сайын жатар алдында өз-өзіме: «Осыдан елге аман жетсем, тұрмысқа шығып, қазақтың саналы да сапалы ұрпағын дүниеге әкеліп, жақсы тәрбие беремін. Елдің нағыз азаматы мен азаматшаларын өсіремін» деп серт бергенмін. Осылайша үй көрмегенімізге 1 ай, 3 күн болды. Ел аяғы басылды дегенде, Ташкенттен Алматыға келіп түстік. Пойыздан түскен кезде теміржол вокзалы тып-тыныш, бізден басқа жан баласы түскен жоқ. Үйге келсек, әкем мен анам біздің күйімізді ойлап, уайымдап, күдер үзіп отыр екен. Жылап көрісіп, аман-есен елге оралдық. Содан бері мен 10-15 жыл бойы ешкімге желтоқсан туралы жақ ашпадым.

Сол бір ауыр естеліктерге толы ызғарлы желтоқсанның 3 күн, 3 түні ешқашан есімнен кеткен емес. Тіпті түсімде үлкен ақ тобырдың жүргенін көріп бойымды үрей билеп, шошып оянатын кездерім де болды. Дегенмен қазір барлығы өткеннің еншісінде қалғаны көңіл қуантады. Жоғарыда өзіме берген сертімді орындап, қазіргі таңда төрт баланы өсіріп, олардан төрт немере сүйіп отырған жайым бар.

Шүкір! Қазір еліміз тыныш, жұртымыз аман. Өзіміздің көкте желбіреген көк туымыз, әнұранымыз бен елтаңбамыз бар. Қазақстан деген атымыз әлемге аян. Төрткүл дүние көз тігіп, қызыға қарайтын, күннен-күнге дамып келе жатқан еліміз бар. Менің ендігі тілегім – біз, білім саласының мамандары, өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беріп, өз тарихымызды, мәдениетіміз бен тілімізді бойына сіңіре білуіміз қажет. Сонда елдің нағыз жанашыр азаматтары көп болатынына кәміл сенемін!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button