Мәселе

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары



Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Бұл проблемаға бүкіл әлемде айрықша көңіл бөлінетіні кездейсоқ емес. Сарыарқа ауданының аппараты өз қызметі аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың маңыздылығын, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, қолжетімділігін және тиімділігін ескере отырып, басты назар ауданның және жалпы қала тұрғындарына сапалы және уақтылы мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.

Сонымен бірге, қала тұрғындарына Аппараттың фронт-кеңсесінде мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы және сапалы алу үшін қызметтерді көрсету тәртібі туралы қажетті көрнекі ақпараттар мен стендтер орналастырылған. Оған қоса тікелей әр бөлімнің мамандарымен, аудан әкімі ретінде менің жеке қабылдауыма жазылып, тілдесіп, өз мәселелерінің шешімін таба алады. 2022 жылы 7 түрлі қызмет саласында 34 мың адамға, ал ағымдағы жылы аудан­ның фронт-кеңсесінде 16 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Жеке қабылдауда талқыланған мәселелердің кейбірін келесі жылға жоспарласақ, бірнешеуінің шешімін қысқа уақыт ішінде таптық.

Тұрғындар тарапынан ең жиі келіп түсетін өтінімдердің бірі – ауланы абаттандыру. Сарыарқа ауданының аумағын дамыту мен абаттандыру мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл тұрғындардың мемлекеттік бюджеттің тиісті жөндеу жұмыстарына жұмсалғанын бақылауына көмектеседі. Тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстарын пайдалана отырып жоба туралы ақпарат аппараттың ресми сайтында жарияланады. Жобаларға дауыс беру міндетті тіркеу және ЭЦҚ арқылы жүргізіледі, бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауланы күрделі жөндеу басталған кезде эскизді жоба тұрғындардың келісуі және бақылауымен  іске асады. 2023 жылы аталған жобада жеңіп шыққан 15 ауланы күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда 7 ауланы абаттандырып, қолданысқа берсек, қалған 8-інде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал соңғы 4 жылда 54 аула толықтай жаңартылды.

Атап өту керек, ауданның барлық бухгалтерлік есеп-қисаптары әр тоқсан сайын аппараттың ресми сайтына жарияланады. Сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкілмен аппарат қызметкерлері арасында мемлекеттік қызметті атқаруға байланысты этикалық мінез-құлық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңда көрсетілген шектеулерді сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Ауданда қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыстар жалғасады. Бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл қою – біздің бас­ты міндетіміз.

Бауыржан ЕРАЛЫ, Сарыарқа ауданының әкімі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button