Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Астана қаласының әкімі: Үздіксіз өсу үстінде



Елордамыз Астана 25 жылдық тарихында дамудың бірнеше сатысынан өтті. Бүгінде халықаралық аренада өзіндік келбеті бар, заманауи даму үрдісінен қалмай келе жатқан жас қаланың даму жолы халықтың көз алдында. Мемлекетіміздің стратегиялық дамуының маңызды бөлігі – Арқа төрінде жаңа астана салып қана қоймай, оны халықаралық ірі бизнес және ынтымақтастық орталығына айналдыру еді. Бүгінде бас қаламыз – Астана маңызды іскерлік хабқа айналды.

Астананы Ақмо­лаға көшіру ту­ралы шешім қабылданған сәтте мұнда небары 290 мың адам болған. Бүгінде қала халқының саны 4,5 есе өсіп, 1 млн 370 мыңға жетті, бұл көрсеткіш бұрын қабылданған Бас жоспардағы болжамнан асып кетті. Қалада халық санының қарқынды өсіміне байланысты елорданы дамытуда бірқатар жаңа міндеттер қойылды. Бұл міндеттер  тұрақты экономикалық өсімді сақтау, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, миграциялық ағымды бақылау болып отыр. Миграцияның жоғары қарқыны жағдайында жаңа жұмыс орындарын құру жөнінен тиімді шаралар кешенін қабылдау қажет. Бірінші кезекте, жұмысы тұрақсыз адамдарды тіркеу және анықтау, жеке атау­лы қолдау шараларын ұсыну, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді тегін курстар ұйымдастыру және оларды әрі қарай жұмысқа орналастыру керек. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дәл қазіргі таңда елордада тұрғын үй алаптарын дамыту, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу, әлеуметтік нысандар салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу және қаланы абаттандыру мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Сол тапсырмаға орай жылдың соңына дейін 60 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Негізі жұмыс орындары шағын және орта бизнес саласында құрылады. Бұл салада қазірдің өзінде елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 70%-ы жұмыс істейді. Биыл қалада жалпы ұзындығы 54 шақырымнан асатын 70-тен астам көше жөнделіп, 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бүгінде аталған жұмыстың бір бөлігі орындалды.

Қазір алғашқы бөлігін қос­тық, ол – 30 мың текше метр. Толық іске қосылғанда 100 мың береді күніне. Астанадағы ауыз су бағасына келсек, бүгінде қалада бір текше метр судың құны – 48 теңге. Алматы, Қарағанды және басқа қалаларда бұл баға 100, 120, 150 теңге болады. Демек елордада басқа өңірлермен салыстырғанда су бағасы арзандау. Егер қаланың бүгінгідей өсу қарқынын ескере отырып, «Астана су арнасы» мекемесінің сумен қамту жүйесін тиісті деңгейде күтіп ұстауын, сапалы қызмет етуін қаласақ, тарифті аталған ведомстволар қызметкерлерінің орташа қалалық жалақысы деңгейіне көтеруіміз керек. Қазіргі таңда мемлекеттік органдармен бірге осы мәселе шешілуде. Орташа есеппен су тарифі 15-20% көтеріледі.

25 жыл ішінде қаланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 13,7 трлн теңге болды. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 427,6 млрд теңгені құрап, 20,9% артты. Инвестициялар көбіне жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар, өнеркәсіп, көлік және қойма ісі, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және т.б. бағыттарға тартылды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес мөлшері 25,2 өскені байқалды. Тауар айналымы 10,6%-ке артқан.

Елордада медициналық ұйымдардың саны 25 жылда 8,3 есе немесе 38-ден 314-ке дейін өсті. Сондай-ақ осы аралықта туберкулезден болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 13,1 есе, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 3 есе азайды. Ал 1000 тұрғынға шаққандағы жалпы өлім-жітім 2,5 есе төмендеді. Бұл да аталған саладағы қызмет сапасының жоғарылағанын көрсетеді.  Мәселен, соңғы жылда емделген науқастардың саны 136 мыңнан, ал жүргізілген операциялар саны 60 мыңнан асады. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жүргізетін табысты реанимация көрсеткіші соңғы 2 жылда 55%-дан 75%-ға дейін өсті. Медициналық мекемелер 95% материалдық-техникалық құралдармен жабдықталды.

Жыл сайын қалада ішкі көші-қон мен бала туу есебінен халық саны артып келеді. Қала өскен сайын онымен бірге елорданың білім беру инфрақұрылымы да жетіліп жатыр. Мәселен, егер мектепті орта есеппен 8-10 мың түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24-25 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Оқушы орындарымен қамту үшін мектептер салу бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Жалпы білім беретін орта мектептерге келсек, алдағы 2 жылда 40 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп жаңа оқу жылы ішінде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 24 мектеп салынады. Қазір  67 730 баланы қамтитын 507 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Елорданы газдандыру бойынша газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінген. 2021 жылы 1-кезектің, сондай-ақ ішінара газдандырудың 2-кезегінің құрылысы аяқталды. Жұмыстың 2,3-кезегінің қалған бөлігі бойынша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022-2025 жылдарға жоспарланған. Қазіргі таңда газға 12 мыңнан астам абонент қосылған. Халық газды қиналмай қосып алуы үшін оған қосылу құжаттарының тізімі қысқартылды. Бұл қосылған абоненттер санын 3 мыңнан 8 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Құны 130 мың теңгеден басталатын газ есептеу аспаптары тегін беріледі. Ал  халықтың әлеу­меттік осал топтары үшін 448,5 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төленеді. Үйді газдандыруға банктер арқылы, оның ішінде Halyk Bank арқылы 1,5 жылға 750 мың теңгеге дейін бөліп төлеу және пайызсыз несиелендіру қарастырылып отыр.

Әр аптаның бейсенбі күні аудандарға барып, тұрғын алаптардағы халықпен кездесемін. Жұма күні таңертең түске дейін онлайн режимде тұрғындармен кездесу өткіземін. Сол кезде көтерілген мәселелердің 70-80 пайызы – баспана мәселесі. Көбі – кезекте тұратын азаматтар. Бүгінде қалада тұрғын үй кезегінде 50 мыңнан астам отбасы тұр. Оның ішінде көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған отбасыларды қосқанда барлығы 12 санатқа жататын азаматтар бар. Осы орайда биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтер және 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Алты мың үйдің жартысы – осы кезекте тұрғандарға, жартысы несиеге ипотекаға берілетін үйлер. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2%-ке ұлғайған. 1215 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 35,4%-ға көбейген.

Қалада қоғамдық көліктер мәселесі, оны субсидиялау да өте өзекті. Бүгінде қалада күн сайын рейске 907-950 автобус шығады. Қала халқының жылына жылдам өсіп келе жатқанын ескерсек, дәл қазіргі таңда тәулігіне шамамен 1500 автобус шығуы керек. Сондықтан біз биыл Қазақстанда өндірілетін автобустарға лизинг алуға шешім қабылдадық. Қоғамдық көліктер санын ұлғайту үшін осы айда 30 жаңа автобус алдық, соның ішінде 20-сы –  электроавтобустар. Оған дейін 50 автобус болатын. Жалпы жылдың соңына дейін №1 коммуналдық парк үшін 300 автобус, 4 жекеменшік автопарк үшін 100 автобус алынады. Бұл жаңа бағыттарды іске қосуға, күту уақытын қысқартуға, ескі автобустарды алмастыруға мүмкіндік береді. Астанада автобуста жүру құны 2012 жылдан бері өзгермеді. Қоғамдық көлікте жүру құны басқа өңірлермен бірдей, шамамен 80-100 теңгенің көлемінде. Ал соңғы 10 жылда жанармай бағасы өсті, көліктердің өзін алу қымбаттады, сала қызметкерлерінің жалақысы да көтерілді, ал автобусқа міну құны бұрынғыдай қалдырылды. Мемлекеттік органдар, соның ішінде жергілікті атқарушы билік бұл саланы субсидияламаса, билет бағасы қазіргі жанармай бағасының көтерілуін ескергенде 250-300 теңгеден асып кетер еді. Сондықтан мемлекет халықтың қоғамдық көлікте барынша әлеуметтік бағамен қатынауы үшін  салаға субсидия бөліп отыр.

Талдыкөлдің тағдырына келсек, бұл мәселе шешімін тапты. Үлкен Талдыкөлдің суын 5 есе ұлғайтамыз, бұған 1,5-2 жылдай уақыт керек, ал Кіші Талдыкөл айналасына құрылыс салу тоқтатылды. 2015 жылдан бері су тазарту жұмыстары жүргізіледі, қаланың кәріз тазарту жүйесінен тазартылған күйде ол Есілге ағызылатын. Қазір Табиғи ресурстар және экология министр­лігінің келісімі бойынша бұл су ­Үлкен Талдыкөлге құйылады. Бұл жұмысқа кіріскенімізге екі аптадай болды.

Елордада жастар саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде қалада 14-34 жас аралығындағы 440 мың жас бар. Оның ішінде 278 мыңы – 14-28 жас аралығындағылар, 297,6 мыңы – еңбекке қабілетті азаматтар. Жастарды қолдау мақсатына 2021-2023 жылдарға арналған «Елорда жастары» жастарды қолдау бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда. Ол негізгі 6 бағытқа бөлініп, 33 көрсеткіш және 60 іс-шараны іске асыру көзделген. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі –  4%. Жұмыспен қамту шаралары бойынша 5944 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Биыл 16,5 мың жас жұмыспен қамтылады. Осы бағытта «Жасыл ел» жобасы іске асырылып, оның аясында 3000 жас еңбек етіп жатыр. NEET санатындағы жастармен де жұмыс жүргізілуде. Аталған санаттағы жастар үлесі 6,2% немесе 26 045 адам болды. Сонымен қатар қазіргі таңда елордада «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүргізіледі. Соның  шеңберінде жастарға тұрғын үй жұмыс істейтін жалға алу шартының негізінде беріледі. Тұрып жатқан кезінде жастардың өз пәтеріне бастапқы жарнаны жинауға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама аясында 2021 жылдан бері 2 450 пәтер берілді, бағдарлама биыл да жалғасын табады.

Биыл Астана күніне орай мәдениет басқармасына қарас­ты 12 мекеменің ұйымдастыруымен 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Оның 90 пайызы бюджеттен емес, өзіміздің мекемелердің күшімен өтеді. Қала бюджетінен бұған 300 млн теңге бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Ол жыл сайын өткізілетін шараларға көзделген, биыл да солай бөлінеді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button