Қала мен СалаҚоғам

ЖЕҢІС ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ



Астанада ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Ұлы Жеңіс күніне арналып өткізілген мерекелік шаралар бірнеше күнге созылды. Қаланың әр аумағында ашық аспан астында және  мәдени ошақтарда түрлі концерттер ұйымдас­тырылды.

pogudx4hlba9oh547-a3756a91

«Астана» концерт залында Қайрат Баекенов, Рүстем Нұржігіт, Ринат Малцагов және өзге де белгілі эстрада әншілері майдан әндерін шырқады. Әсіресе, Маржан Арапбаева айтқан ақын Аманжол Шәмкеновтің өлеңіне жазылған композитор Жақсыгелді Сейіловтің «Ана туралы баллада» және Динара Тұңғышбаева шырқаған Сейдолла Бәйтереков­тің «Әлия» әндері көрермендерді бейжай қалдырмады.

Концертте қоршауда қалған Ленинград тұрғындарына рух берген жыр алыбы – Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңін Қаллеки театрының әртісі Жәнібек Мұсаев әсерлі оқыды. Музыкант Оралхан Алтынбеков Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Рес­публикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған «Сағадат» атты патриоттық композицияны орындады.

Осыған ұқсас концерт «Астана Опера» театрында «Жеңіс әндері, көктем әуендері» атауымен өтті. Оған театрдың жетекші солис­тері қатысты. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов дирижерлік еткен оркестрдің сүйемелдеуімен Майра Мұхамедқызы, Дина Хамзина, Жанат Шыбықбаев, Талғат Мұсабаев, Айгүл Ниязова сынды опера орындаушылары соғыс жылдарында шыққан баршамызға таныс әндерді ғана айтпай, қазақ, орыс және Батыс Еуропа классикасымен көрермендерді сусындатты. Сондай-ақ, Ержан Дәуітов жетекшілік ететін театр хоры да өнер көрсетті.

Қала тұрғындары мен қонақтары қаланың Орталық алаңында өткен «Ән – Жеңістің серігі» атты әскери-патриоттық әндердің қалалық байқауының гала-концертін де тамашалады. Осы жерде және «Студенттік» саябағында ән мен жыр кешке дейін төгілді. Ал 7 және 9 мамыр күндері өткен шаралар Есіл өзені жағалауындағы отшашумен аяқталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button