Қоғам

ЖЕТПІС ЕКІ ЖЫЛ КҮТКЕН ДЕРЕК



Ұлы жеңіс күні жақындаған сайын атамды жиі есіме аламын. Әрине, оны көрген емеспін. Тіпті, ҚАНДАЙ АДАМ БОЛҒАНДЫҒЫН қиялыммен елестете алмаймын. Ол түгіл туған әкемнің өзі мен ес білмей тұрғанда дүниеден озды. Кішкентайымнан әжемнің бауырында өстім. «Жалғыздан қалған тұяқ, қара шаңырақтың иесі» деп төбемнен құс ұшырмады. Бетімнен қақпай, мәпеледі. Апаларымнан бөлектеп отырды. Әжемнен де атам туралы жөнді сұрай алмадым. Ол кісі 2-ші сыныпта оқып жүргенде өмірден өтіп кетті.

Бала күнімізде мектепте ардагерлермен жиі кездесу өтетін. Оған соғысқа қатысқан ардагерлерді шақырып, ерлік жайындағы әңгімелерін тыңдайтынбыз. Әсіресе, 9 мамыр жақындағанда сондай шараны әр сынып жарысып өткізеді. Ол кезде ауылда қанды қырғынды көрген ақсақалдардың қатары көп. Сондайда Медет досым атасы Есімсейіт қарияны, Ғабит Боқан әкесін жетектеп алып бара жатқанда, соларға қызыға қарап: «менің де атам соғыстан аман келгенде, оны мектепке жетектеп барушы едім» деп армандайтын едім. Иә, жұмыр басты пенденің қай арманы орындалған?

5435

Атамның есімі – Құсайын. 1907 жылы Қостанай облысы (бұрынғы Торғай) Аманкелді ауданы Қабырға ауылында туған. Ертеректе ол «бірінші ауыл» деп аталған. 1942 жылы әскерге шақырылады. Әжемнің айтуынша, Сталинград майданына алынған. Өйткені соғыс даласынан үйге жолдаған соңғы хатында «Сталинградтамыз» деп жазған. Ол хаттардың ешқайсысы сақталмады. Тарихтан белгілі, Сталинград шайқасында адам қаны суша төгілді. Дәл осында кеңес әскері 1 млн 130 мыңға жуық жауынгерінен айырылды. Біздің еліміз Сталинград қаласына ең жақын тыл саналды. Оған Қазақстанда жасақталған дивизиялар тартылды. Айталық, 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ соғысқан. Міне, солардың қатарында менің марқұм атам қолына қару алып, қанды қырғынның ортасында жүрді. Әжемнің сөзінше, атамнан «соғыста ерлікпен қаза тапты» деп жазылған қара қағаз келмеген. Тек «хабар-ошарсыз кетті» деген үшбұрыш хат келген. Атамның артында бір ұл, екі қызы қалды. Әжем соларды тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай тәр­биелеп, адам қатарына қосады. Асыл жарына адал болып, шаңырағын құлатпай, ұстап отырды. Ол дүниеден озғанша ерінің өлгендігіне сенген емес. Оған атам бір жерде тірі жүргендей сезілетін. Біздің елде ертеректе Шүрмен деген әруақты құмалақшы болыпты. Ол кісінің айтқаны қате кетпейді. Әжем бірде сол қарияға барып құмалақ аштырады. Ақсақал құмалақты жайып жіберіп, ұзақ ойланыпты. «Осы шаңыраққа сырт жерде тілеулес болып жүрген бір адам бар. Бірақ онымен тірлікте кездеспейсіз» деп тұқырайып қалыпты. Соны естіген әжем: «айттым ғой, айттым менің шалым тірі, тұтқынға түсіп, шетелде қалып қойған ғой» деп жорамал жасаушы еді. Өйткені біздің ауылда Власовтар армия­сында болып, тұтқынға түсіп, одан кейін Кеңес өкіметінің азап құрығына да ілініп, елге кеш оралған 1-2 ардагер болды. Әжем соларды көргенде мұңайып қалатын.

Соғыста қаза тапқан жауынгерлер жайындағы құжаттар жарыққа шыққаннан бас­тап, атам туралы деректі ғаламтордан іздестірдім. Әсіресе, Ресейдің Қорғаныс министрлігі жариялаған сайттарға көбірек үңілдім. Нақты қолыма ештеңе ілікпеді. Сөйтіп, үмітім үзілуге айналған шақ еді. Өткен сенбі күні Серікбол Хасан деген журналист әлеуметтік желіде: «екінші дүниежүзілік соғыста оққа ұшқан, хабарсыз кеткен, ерлік көрсеткен аталарыңызды іздесеңіздер, мына сайттардан мәлімет алуға болады» деп ресейлік үш сайтты көрсетіпті. Соның «pamyat-naroda.ru» атты порталына кіріп, атамның аты-жөнін тердім. Бұрын үнемі орысша «Кудабаев Кусаин» деп жазып іздеуші едім. Осы жолы «Худабаев Хусаин» деп жаза салдым. Неге олай тергенімді өзім де білген жоқпын. Бір кезде екі адамның есімі шықты. Алғашқысы – 1902 жылы туған, Ұлытаудың қазағы. Оның да есімі – Құдабаев Құсайын. Екіншісі…иә, екіншісі, өз көзіме өзім сенбедім. Мен сарылып іздеп жүрген туған атам туралы мәлімет. Әуелгіде онша сеніңкіремедім. Ақырын жазылғандарды оқи бастадым. Бәрі де келіп тұр. Көзімнен жас ытқып шықты. Әжемнің өмір бойы аңсаған арманы. Амал не, оған енді айтуға кеш… Қуаныштан ауылдағы анама қоңырау шалдым. Апам да сенер емес. Қайта-қайта ол туралы берілген дерекке үңілемін. Онда былай жазылған. Сол қалпында жариялағым келді. «Худабаев Кусаин. 05.02.1942 Тургайский РВК, Казахская ССР, Кустанайская обл., Тургайский р-н.53 запас. полк связи. Стрелок. Красноармеец. __.08.1943 пропал без вести. Номер фонда источникаинформации – 58. Номер описиисточникаинформации –977521. Номер делаисточникаинформации-623» деп айқын көрсетілген. Тұп-тура менің атам. Зайыбы деп әжемнің есімін жазыпты. Бар болғаны – осы. Бірақ біз осы хабарды жетпіс екі жыл күттік. Биыл жеңістің аяқталғанына да 72 жыл толды. Бір адамның ғұмыры. Атам жайында жазылған мәлімет шығып қала ма деп қанша жыл елеңдеп жүрдік. Міне, сол арманымыз орындалды. Енді осы құжаттардың ізімен індетіп зерттеймін. Болашақта жерленген жері табылып қалар деп үміттенемін.

Жалпы, ел ішінде соғыс салған қасіреттің таң­басы әлі өше қойған жоқ. Біздің әулеттен алты бірдей азамат майданнан оралмады. Атамның немерелес – Әбдікәрім Шахатұлы, Әбдірахман Шахатұлы, Сейіт­қасым Сейітқожаұлы секілді бауырлары жат жердің топы­рағын жастанды. Әйтеуір, солардың артында бір-бір тұяқ қалды. Қазір олар мәуелі бәйтерекке айналды. Тағы бір жақын туысқанымыз Мұрат қарияның үш ұлы бірдей әскерге шақырылып, жап-жас Асқар мен Маусымбай деген екі ұлы соғыста қаза табады. Үшінші баласы майданнан ауыр жараланып келіп, елде көз жұмады. Үшеуінен де ұрпақ қалмады. Мұрат атамның өзі ұзақ ғұмыр кешіп, 99 жасында өмірден өтеді. Сөйтіп, бір үлкен шаңырақтың түтіні өшті.

9 мамыр жақындағанда соларды ойлап, жүрегім мұңға батады. Олар туралы көлемді дүние жазғым келеді. Соны жаза алмай жүрмін…




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button