Руханият

ЖІГІТ СҰЛТАНЫ мен ҚАЗАҚ АРУЫ АНЫҚТАЛДЫ



Елордада колледж студенттері арасында ұйымдас­тырылған «Қазақ қызы» және «Әке – балаға сыншы» байқауларының жеңімпаздары анықталды. Қыздар арасында Көлік және коммуникация колледжі студенті Индира Кеңес төрт кезеңнен сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанды. Ал жігіттердің ішінен Тұран-Профи колледжінің студенті Жаңаұлан Балтабеков суырылып шықты.

Байқау қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында өткізілді. Мақсат – қазақ қыздарына тән инабаттылықты бойжеткен­дердің бойына сіңіру, қоғамдағы әке рөлін айқындау, сондай-ақ, отбасылық, мәдени, рухани құндылықтарды насихаттау.
Шара алдында жасөспірім қыздар арасында қоғам қай­раткері Оразкүл Асанғазы «Бойжеткен назарына» атты тәрбие сағатын өткізді. Онда қазақ қызына тән тәрбие, инабаттылық, ибалылық, ізеттілік жайы сөз болған.
«Елбасы мақаласында әр ұлттың ұлттық қасиеті болады делінген. Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Ұлтты ұлт ететін – сол ұлттың қыздары, сол себепті де бүгінгі сайыста қыздардың тәрбиесіне баса назар аударылып отыр. Мұны ұлт болашағын ойлаудың қамы деп біліңіз. Егер әйел ана тілінде сөйлесе, ұлт ана тілінде сөйлейді» деп сөз сөйледі әділқазылар алқасының төрайымы Оразкүл Асанғазықызы.
Жігіттер қауымы да өнерлерін ортаға салудан аянып қалмады. Өзін-өзі таныстырудан кейін бозбалалар халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал «Өнерім – өмірім» кезеңінде қатысушылар ән айтып, би билеп, ұлттық аспапта ойнады. Ақтық сайыста жігіттер ауыр гір тасын көтеріп, білек күшін сынады.
Айта кетейік, сайыс осымен екінші жыл қатарынан өткізілді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button