Басты ақпаратМәселе

Жол кептелісі: Қалай, қайтіп шешіледі?



Көлік кептелісі. Білген адамға мұның зияны көп. Біріншіден, құнды уақытыңызды жоғалтасыз. Екіншіден, денсаулығыңызға кері әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте елордадағы көлік кептелісі мен ретсіз автотұрақ туралы сынаған-ды. Бұл мәселелер қалай шешіледі? Мұның анық-қанығын мамандардан білдік.

СЕБЕП ЖӘНЕ САЛДАР

Әлемнің ірі-ірі мегаполисінің тұрғындары көлік кептелісінде ұзақ уақытын өткізуге мәжбүр. Жалпы көлік кептелісі түрлі себептен орын алады. Мәселен, 1980 жылы Лион мен Парижді жалғайтын жолдағы көлік кептелісі 175 шақырымға созылды. Оған Альпідегі мейрамнан қайт­қан тұрғындар, қалың тұман себеп болып, соның салдарынан адамдар күн ұзақ көліктің ішінде отырды. 1990 жылы «Берлин қабырғасы» құлап, Германияның шығысындағы немістер батысқа, ал батыстағылар шығысқа қарай бет алып, соның нәтижесінде көлік кептелісіне 18 миллион автокөлік шоғырланды. 2010 жылғы Қытай ұлттық шоссесіндегі кептелісте жүргізушілер 5 тәулікке дейін тұрып, күніне 1 шақырым ғана қозғалды. Осындай жол кептелісінен адамдар жылына 45 жұмыс күнін жоғалтады екен.

Мегаполистер көлік кептелісімен бетпе-бет келіп, оны шешудің түрлі жолын қарастырады. Мәселен, көлік нөмірі тақ санмен аяқталса аптаның тақ күні, керісінше, жұп санмен аяқталса жұп күні жүру тәртібі енгізілді. Мұндай тәсіл Афина мен Пекин қаласының тәжірибесінде бар. Тіпті көлік сатып алуға және оны тіркеуге шектеу қойып, қоғамдық көлік желісін дамытуға көңіл бөліп, ақылы жолдар мен ақылы тұрақтар арқылы кептелісті шешетін елдер бар. Көпдеңгейлі жол желісін салу арқылы мәселені жеңілдетуге мән беруде Жапония, Қытай, АҚШ-ты ерекше атауға болады. Онда транзиттік көліктер жоғары қабаттағы жолмен қаладан шығады.

Көлік кептелісімен әйгілі Пекин, Манчестер, Мәскеу, Мехико, Париж және тағы басқа қаладағы автокөлік жүргізушілері күнделікті 6-9 сағат уақытын кептелісте өткізсе, астаналықтар 20-30 минут бағдаршам алдында тұрғанына наразы. Әрине, бұл мақтанатын нәрсе емес.

Астана қаласының Полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы 404 мың көлік тіркелсе, 2023 жылы мамыр айында бұл көрсеткіш 420 мыңға жетті (2019 жылы 264 мың автокөлік болды). Бұған іргелес ауылдар мен аудандардан келіп жұмыс істейтін мыңдаған адамды және қонақ ретінде келіп-кететін жүздеген жүргізушіні қоссаңыз, бас қалада күнделікті 700-800 мың автокөлік көшелерде қатынайды. Ал қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы ұсынған мәліметте елордада жалпы ұзындығы 868 шақырымды құрайтын 1129 көше бар ­делінген

Жалпы автокөлік кептелісі неден туындайды? Басты себеп – көшелердің көлік ағымын өткізуге қабілетті болмауы. Көшенің негізгі функциясы – кез келген елді мекендегі үйлердің арасында адамдар мен көліктердің өте алатын кеңістігі. Бұл кеңістік адамның күнделікті сұранысы мен қажетін өтейтін болғандықтан оның тағдырына, көңіл күйіне, денсаулығына, еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан көшелер тұрғын үйлердің орналасу жиілігіне, әлеуметтік нысандардың сыйымдылығына байланысты мейлінше кең болғаны дұрыс. Міне, елордада осы жағынан кемшілік бар.

Жыл өткен сайын Астана қаласында тұрғындар санымен бірге көлік саны артып келеді. Астана қаласының Полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы 404 мың көлік тіркелсе, 2023 жылы мамыр айында бұл көрсеткіш 420 мыңға жетті (2019 жылы 264 мың автокөлік болды). Бұған іргелес ауылдар мен аудандардан келіп жұмыс істейтін мыңдаған адамды және қонақ ретінде келіп-кететін жүздеген жүргізушіні қоссаңыз, бас қалада күнделікті 700-800 мың автокөлік көшелерде қатынайды. Ал қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы ұсынған мәліметте елордада жалпы ұзындығы 868 шақырымды құрайтын 1129 көше бар делінген. Бұл көшелердің көлікті өткізу қабілеті әртүрлі. Бірі екі жолақты, екіншісі төрт және бес жолақты болып келеді.

Астана қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев былай дейді:

– Оң және сол жағалауды жалғайтын негізгі көлік жолдарында кептеліс жиі байқалады. Әсіресе Мәңгілік ел, Қабанбай батыр және Тұран даңғылын айту керек. Ведомстволық мекемелер көптеп орналасқан Д.Қонаев, Достық, Сарайшық көшесі, оң жағалауда бюджеттік және кәсіпкерлік субъектісі көп шоғырланған Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, Бөгенбай батыр даңғылында көлік ағымы жоғары. Әсіресе таңертеңгі сағат 8:30-10:00-ге дейін, кешкісін 17:30-19:00 аралығында кептеліс жиі орын алады.

ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Әріптесім Ғалым Қожабеков Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатын көріп келді. Оның сөзінше, Өзбекстанның саяси орталығында 4 миллион адам тұрады. Алайда көшелерінде көлік кептелісі жоқ. Жердің астында метро, үстінде LRT-мен көздеген жерге оңай жетесіз. Ерте ме, кеш пе, Астана қаласындағы көлік нөпірін шешуде метро салуға тура келеді-ау! Болмаса, Шанхай, Лос-Анджелес, Осака қаласының тәжірибесіне сү­йеніп, көпқабатты көпірлер, жолайырықтар мен өткелдер салу міндеті менмұндалап тұр.

Шынында, көлік ағымы жоғары деп осылай отыра берсек, бірнеше жылда көлік кептелісінде сағаттап уақыт жоғалтатын боламыз. Мұндай ойды елорданың тұрғыны Құттыбек Әлиев айтты.

Көлік кептелісін шешудің бір тәсілі – интеллектуалды көлік жүйесі. Бұған көлік қозғалысының жылдамдығы мен қозғалыс динамикасының статистикасы жүргізетін бағдаршам кіреді. Бұл бағдаршамдар көлік ағымына сай бейімделіп отырады. Мұндай интеллек­туалды көлік жүйесімен қамту бағдаршамы елорданың жалпы бағдаршамының 41 пайызын құрайды

– Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласының әкімі болып тұрған жылдары көлік нөпірін азайту бағытында Республика және Тәшенов көшесі түйісетін тұста жоласты өткелі мен айырықты пайдалануға берді. Одан бөлек, Астана қаласын айналып өтетін үлкен жолға бастамашы болды. Мұның бәрі – көлік кептелісін азайтуға бағытталған бастамалар. Өкініштісі, бұл мәселе әлі шешіліп жатқан жоқ. Ең болмаса, Тұранды көпжолақты, кең көше етуге болатын еді ғой! Мәңгілік ел даңғылында көлік кептелісі неге азаймайды? Оның жауабы оңай, бас көшенің Сығанақпен қиылысатын тұстағы жоласты өткеліне келгенде жолақ саны қысқарады әрі көше бойында тұрғын үйлер тығыз салынған, тіпті жолдың жиегіне дейін құрылыс жұмысы жүруде, – деді қала тұрғыны Құттыбек Әлиев.

Қазір Мәңгілік ел, Тұран даңғылы бойында тұрғын үйлер құрылысы қарқынды. Бұл аймақтарда қосымша мектеп, балабақша, емхана, спорт кешенінің құрылысын жүргізу қажеттілігін туындатады. Бұл өзі тар көшелерде көлік ағымын көбейтеді. ­Өйткені оқушылар демалысқа шыққан кезде кептеліс белгілі бір деңгейде азаятынын көріп жүрміз.

Көлік және жол-көлік ­инфра­құрылымын дамыту басқармасынан көше кептелісін азайтуға арналған жоспар-­жобасын білдік.

– Көлік кептелісін шешудің бір тәсілі – интеллектуалды көлік жүйесі. Бұған көлік қозғалысының жылдамдығы мен қозғалыс динамикасының статистикасы жүргізетін бағдаршам кіреді. Бұл бағдаршамдар көлік ағымына сай бейімделіп отырады. Мұндай интеллек­туалды көлік жүйесімен қамту бағдаршамы елорданың жалпы бағдаршамының 41 пайызын құрайды, – дейді басқарманың бөлім басшысы Тұрсынғали Жәкенов.

Автокөлікті өткізу қабілетін арттыру мақсатында Ш.Бейсекова мен Н.Тілендиев көшесінің қиылысында екі деңгейлі көлік айырығының құрылысы жүргізілуде. Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі ашылады. Бұл көпір «Нұрлы жол» теміржол вокзалы аумағы мен Тәуелсіздік даңғылын байланыс­тырып, Мәңгілік ел көшесіндегі көлік ағымының қозғалысы төмендеуіне де әсер етеді, – деп түсіндірді маман.

Астанаға «ақылды» қаланың нышандары еніп, тұрғындарға жайлылық тудырғанын құптаймыз. Алайда Smart city үдерісі бағдаршам жүйесімен ғана шешілмейтіні анық. Ол үшін көшелерді кеңейтіп, тұрғындарды жолдан қауіпсіз өткізетін жоласты және жолүсті өткелдерін жүргізу керек-ақ. Опера және балет театры алдындағы жерасты өткелі, «Шапағат» коммуналдық базары маңындағы Бөгенбай батыр көшесінің астынан өтетін жоласты өткелі, А.Бараев көшесінің бас жағындағы жолүсті өткеліндей нысандарды көбейту маңызды. Әзірге бұл бағыттағы жұмыстар жол жолағын тарылту есебінен атқарылуда. Бұл туралы полиция полковнигі Нұрлан Уваев былай дейді:

– Көлік ағымы жоғары үш учаске – Мәңгілік ел, Ұлы дала, Сарайшық бойында кептеліс уақытында «жасыл толқын» іске қосылады. 246 учаскеде қиылыс алдында тоқтаусыз оңға бұрылуға мүмкіндік бар. Бас қаланың басты көшелерінде жолақты тарылту есебінен қоз­ғалыс жолағының саны артты. Мәселен, Сарайшық көшесі 9-ға, Тұран мен Мәңгілік ел даңғылы 7-ге, Қабанбай батыр даңғылы 5-ке дейін жолақ саны көбейді. Елорданың орталық көшелерінде жүк көлігінің қозғалысына шектеу қойылды, – деді.

АВТОТҰРАҚ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Астана қаласында көпқабатты жабық автотұрақтар санаулы ғана. «Астаналық базарға» іргелес көпқабатты автотұрақ базарға келіп-кетушілердің ағымын азайтуға септігі тиіп тұр. «Сенім» тұрғын үй кешеніне (М.Нәрікбаев көшесі, 9-үй) қарасты 10 қабатты 500 көлікке арналған Manhattan-4 тұрғын үй кешенінің (Әйтеке би көшесі, 14-үй) 5 қабатты 250 көлікке арналған автотұрағы бар. Сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов стадионының қасында 4 қабатты жабық паркинг іске жарап тұр. Осындай тұрақтар Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай батыр даңғылындағы ведомстволық және әкімшілік ғимараттардың маңында бой көтерсе қандай жарасымды болар еді?!

– Әсіресе Министрліктер үйінің маңында тұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті көлігін жақын жердегі тұрғын үйлердің ауласына қою­ға мәжбүр. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті. Бас прокуратура және «Жусан банкі» ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Осы 2 жердің біріне көпқабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын, – деп Президент нақты талап қойды да. Бұл тапсырма қашан, қалай орындалатыны белгісіз. Автотұрақ мәселесін шешпей, көлік кептелісінің алдын алу мүмкін емес.

Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза көтеріп:

– Қазіргі кезде еліміздің ірі қалаларында ақылы көлік тұрағы қаптап кетті. Бастап­қыда аталған көлік тұрақтары көшедегі көлік ретсіздігін шешуге бағытталғанымен, түптеп келгенде, мәселе шешілмеді, керісінше, әлеуметтік нара­зылыққа ұшырап, түрлі сұрақ туындауда. Іс жүзінде мегаполис­тердегі бұл нарықты бірнеше оператор монополияландырып алған. Олар алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақтарды аша бастады. 2021 жылы тек Астана қаласында ақылы тұрақтар саны 20 есеге артқан, – деді.

Ақылы тұрақтардың көлік ағымын реттеуге септігі тисе мейлі ғой, Полиция департаментінің мәліметінше, Астана қаласында 7,5 мың ақылы тұрақ бар. Осы автотұрақтарға байланысты күмәнді сұрақ көп. Тұрақ ашу табысты бизнес болғандықтан болса керек, тұрғын үйлердің ауласына да қол созады. Ш.Уәлиханов көшесі, 23/1 үйде тұратын Орынбек Өтемұраттың сөзінше, өзінің ауласына көлікті қойғаны үшін бірнеше рет айыппұл төлейді. Себебі тұрғын үйдің ауласын ақылы тұрақ етіп жіберген екен.

Жұмыс күні таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін әр көлік иесі сағатына 100 теңгеден төлейді. Егер 7,5 мың автотұрақта орта есеппен 10-15 көлік тұрады десек, күніне қанша табыс табатынын есептеуге болады. Тек 7,5 мың көлікті алғанның өзінде күніне 110 миллион теңге қаржы түсетіні белгілі. 2018 жылдан бастап «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС ақылы автотұрақтар қызметін ұсына бастады десек, осы уақытқа де­йін көпқабатты жабық паркинг салуға мүмкіндігі болды ғой.

– Ақылы автотұрақтан келетін кірістің 95 пайызын серіктестік алса, салық ретінде тек 5 пайызын мемлекетке төлейді. Ал абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығынын қала әкімдігі көтереді. Шарт талабын әлеуметтік әділет тұрғысынан қайта қарау ­абзал, – деп орынды ұсыныс білдірді халық қалаулысы ­Самат Нұртаза.

P.S: Елордалықтардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сонымен қоса қоғамдық көлік, жеке көлік пайдаланушылар саны артып отыр. Қала инфрақұрылымын алдын ала жоспарламағаннан көлік кептелісі жиі орын алуда. Егер кептелістің алдын алуды бүгіннен бастамасақ, ертең тым күрделене түсетіні анық.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button