Жол жөндеу көлемі бойынша рекорд орнатылады
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2024/06/e60b6205bd71dd8494004d7ff2d9f733_1280x720-1.jpg)
Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген жолдар ретке келтірілмек.
– Биыл «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахань» бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аяқтау қажет. Жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайды, – деді министр.
Айта кетерлігі, биыл Президенттің тапсырмасы шеңберінде елімізде 12 мың шақырым автожол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, рекордтық көрсеткіш тіркелмек.
«Бүгінде орташа жөндеу жұмыстарымен 20 жылдан астам жөнделмеген жолдар қамтылып отыр. Мәселен, 4 облысты басып өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолында құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасады. Ақтөбе облысында «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ыргыз» жолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автожолды жөндеуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Қойылған міндеттерді орындау мақсатында мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындап және құрылыс-монтаж жұмыстарын толық көлемде жүргізіп жатыр. Автожол жобаларын уақтылы аяқтау үшін барлық қажетті шара қолға алынған.